Батысқазақстандық жас – үздік көшбасшылар қатарында

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіз елдің көшбасшы» жастары республикалық конференциясында белсенді жастар марапатталған болатын.

Елдегі жастар саясатына өз үлесін қосып жүрген батысқазақстандық Мейрам Мұхтаров та «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық  ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған аталмыш жиынға қатысып қайтқан еді. Айтуынша, қазақстандық белсенді жастар «Қоғам белсендісі-Үздік көшбасшы» атты республикалық байқауда бақтарын сынаған екен. Елорда төрінде өткен конференцияда байқау жеңімпаздары марапатталған. Солардың қатарында болған жерлесіміз Мейрам Оңғарұлы жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломға ие болған. – Жеңімпаздардың барлығы да – жастар саясатының дамуына үлес қосып, осы салада еңбек етіп жүргендер.  Конференцияға әр өңірден өз саласының үздіктері мен белсенді студенттер қатысты. Бізге Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы мен Парламент мәжілісінің депутаты Әлия Маратқызының қолынан марапат алу бақыты бұйырды. Ел болашағы саналатын жастар осылайша тағы бір белесті бағындырды. Алдымызда әлі де үлкен міндеттер тұр, сенімді ақтауымыз керек. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, – деді батысқазақстандық белсенді жас. Жеңімпазға «Қоғам белсендісі-Үздік көшбасшы»  төсбелгісі мен көшбасшы жастардың жинақ кітабы табысталған.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы