Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық
САЙТ РЕДАКЦИЯСЫ НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА МЫНА С.МЕШІТБАЙҚЫЗЫНЫҢ МАҚАЛАСЫН ҚАЙТА ҚОЙҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК. ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАҒАН ПІКІРЛЕРІҢІЗДІ ОРТАҒА САЛЫП ЖАЗА ОТЫРСАҢЫЗДАР .
30.04.2014, 14:40 / 9 576 РЕТ ОҚЫЛДЫ /
Бабаларымыз дәуірлеген, салт-санасы дүрілдеген, тілі мен діні тілінбеген, өзара жік-жікке бөлінбеген кезең, өкінішке орай, сағымдай бұлдырап, алыстан көзімізді арбап қояды. Өмір ағынды судай ағып барады. Ұлағатты ұрпақ өсіру — ұлтқа сын! Жаһандануға жұтылып, ізгі қасиеттерді бітіріп, өзге халықтарға есеміз кетіп, ұтылып қалмасақ жарар еді. «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең», — деп айта аламыз ба бүгінде?
Неге қарияларымыз арзандап, пәтуалы сөз айтпай, мылжыңдап кетті? Сөзінің салмағы бар дейтін ақсақалдарымыздың үні неге бәсең? Шерхандай шерлі, Әбіштей абзал ағаларға көрсеткен құрметіміз қаншалықты деңгейде?! Төлендей (Әбдік) төбелі, Амангелдідей (Айталы) айдарлы қариялардың сөзіне құлақ асып жүрген кімің бар? Жақсы қартайып, үйінде жантайып жатқандар да аз емес тізе берсек. Бірақ «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» секілді, қариялық дәрежеге жете алмай, шал болып кім көрінгенді шаужайдан алып жүргендерді кім деп атағанымыз дұрыс?! Жұмыс барысында ел аралап жүріп қариялардың қаусағанын, шал-шауқандардың қызыққа тоймай дүние-боқты «аңсағанын» көріп түңілемін кейде. Ер-азаматтарға жөн сілтер жайым жоқ. Бірақ әдемі қартая білу де Алланың пендесіне берген үлкен сыйы ма деймін.
Аңызға бергісіз әңгімелерге, ақсақал-абыздардың, батагөй қарттардың (жоғары оқу орындарын тамамдамаса да) білімі мен біліктілігіне, қажыры мен қайратына, ақылы мен парасатына бүгінгі жастарды сендіре алармыз ба, тәйірі! Олардың ұлағатты істеріне, адалдықтарына, көпшіл көңілдеріне, кешірімді келбеттеріне, бекзат болмыстарына, ақыл-парасаттарына, қайырымды қалыптарына бүгінгі қоғам зәру болып отыр. Бұл шындық! «Балық басынан шіриді» деп қазекем бекер айтпаса керек. «Патша біреу, оған тіреу» болатын (Шерағаңның сөзі) «оқыған», билік «партасында» мығым отырған, елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын қариялардың да азайып бара жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Ұлттық мұраттарды сөз ететін жерде көзімен жер шұқылап қалатын шалдардан елге, жерге қандай пайда бар? Ұлт тағдыры, жер тағдыры сынға түскенде сенім артқан қарттарымыз бұғып қалады дейтін сындар жиі айтылады. Түбіріне бойлап көрсең, шындықтан бастау алғаны көрініп тұрады. Басқаны қайдам, жастарды қан-жоса қылған Желтоқсан көтерілісі кезінде бірде-бір ақсақал алаңға шығып, жастарға аталы сөз айта алмады. Кешегі Жаңаөзенде оқиға болып жатқанда басу айтар, тоқтам айтар қария табылмағаны жүректі ауыртты. Оралмандар мәселесінде де аяғын аңдып басқан шалдарды шыққыр көзіміз көрді. Мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады. Ақсақалдық жасқа жетіп, ұрпағына өрелі өсиет қалдырмаса, жастарға тәлімді-тәрбие бере алмаса, күні үшін қалбалақтап тіршілік кешсе, ондай «Сақал, шашын күнге ағартқан қарттарды» (Мұхтар Шахановтың сөзі) кімге үлгі етпекпіз?
Әріге бармай-ақ, «бабалардың баласы» деп Мұқағали ақын жырлаған қылышынан қан тамған кеңестік кезеңдегі қарияларды көзіміз көрді. Еңкіш тартып, жүздері жарқырап, ақ сақалдары омырауын жауып, ертелі-кеш бір үйлі жанның емес, дүйім бір ауылдың қамын жеп жүретін еді-ау, жарықтықтар. Бейнеттен бе (жоқ әлде салиқалы ойдың берген жемісі ме), бізге егде көрінетін қариялардың жас шамалары сол уақыттары елу-алпыстың о жақ, бұ жағында екен-ау! Жүздерінен иман төгіліп, тілдерінен дүниелік емес, тағылымға толы ғибратты, шежірелі әңгімелер құйылып құлақ құрышын қандырып сөйлегенде балға үймелеген арадай бала-шаға төңіректеп шықпаушы еді сол маңнан. Міне, тәрбиенің тал бесігі!
«Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең»
Әлі есімде (Мен туған ауыл Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Биназар ауылында), Еркебұлан Айдымбай, Қалыбай ,Сағымбек, Дігәрбек Қаймақ, Жыңғылбай, Жұмабай, Нақыпбек, Қыдырбай, т.б. ауыздары дуалы, көкіректері кенге толы көптеген аталарым болды, сағына еске аламын. Сый-құрметтің арқасы ғой, оларды әкем Мешітбай (ауыл басқармасы) жылына 2 рет үйге арнайы шақыратын. Қалыбай атаны әкем ерекше құрметтейтін, атаның да әкеме ықыласы ерекше еді. Сол кезді қазір сағына еске алып отырам. Екеуіде денелі асқар таудай еді, айтары бар, ел мәселесін бірігіп шешіп ынтымақты берекелі тірліктер болатын.
Елдің » обком хатшысы,соты прокуроры, Қалыбай атам мен әкем Мешітбай болып көрінетін. Қалған аталарым «политбюро мүшелеріндей» отыратын.
Елуінші жылдардың орта шені еді бұл. Елде ішер ас тапшы. Жұпыны ғана тіршілік. Бірақ қазақтың жарқын пейілі тарылып көрген бе тегінде. Анамыз сары майдай сақтағанын шығарып: «Қонақтар келеді, аталар келеді, сол кісілер жейді», — деп дайындала бастайтын. «Аталарың келеді» деген сөз біз үшін үлкен той болатын. Біріншіден, аталарға шашылған тәттіден бізге де бұйыратыны сөзсіз. Екіншіден, есіктен, бұрыштан сығалап, әңгімесін тыңдау бір ғанибет… Оны айтасыз, қолдарына су құйып, галошын қоюға таласамыз өңкей бала-шаға. Ол кісілер намаз оқиды. Жайнамазды апарып беру де біз үшін үлкен дәреже. «Жайнамазды қолыңды үш рет жумай ұстама». Бұл — бала көңілде жатталып қалған тәртіптің бірі (Ол кезде намазды тығылып оқитынын кейін білдік қой). Анамыз: «Мынау намаз оқитын таза бөлме, оған таза кіру керек», — деп отыратын. Жаңағы аталар жан-жақтағы ауылдардан келеді. Ас үстінде ел ынтымағы, ата-баба тарихы сөз болады. Кейде кезектен тыс жиналады. Соғыстан кейінгі қиын шақ. Бірақ тіршілік үшін күрес толассыз жүріп жатады. «Бәленшенің жалғыз баласы қыз алып қашып келіпті», «Түгеншенің баласының мойнына мал мініпті», «Бәленше қатты сырқаттаныпты, қарайтын адамы жоқ» десе де, бірге қуанып, бірге қайғырған ел көз алдымда. Сондағы бар мәселені ауыл ақсақалдары дабыра қылмай-ақ өздері шешіп жататын. «Дауға берсе де, жауға бермеген» қайран даналарым-ай!
Әлі есімде, репрессияның зардабын тартқан бірнеше ұлт өкілі ауылымызға көшіп келген-тін. Әкем солардың ақсақалдарын үйге шақырып, ауыл ақсақалдарын таныстырып, мәре-сәре отырыс жасағаны бар. Қазір ойлап отырсам, бүгінгі ассамблеяның түп негізін біздің қарияларымыз о баста қалап кеткен екен-ау! Ел іші болған соң, бұзақылық болмай тұра ма? Әлгі құрылған “Ассамблеяның” күшімен, ауызбіршіліктің мықтылығымен, өздерінің жазылмаған заңымен түрлі шиеленістер, ұрыс-керістер, дау-жанжалдар у-шусыз әділ шешімін тауып жататын. Құшағы кең, пейілі даладай дархан бабалардан қалған мұраны сағына еске аламын бүгінде. «Өле жегенше, бөле же» деген қағиданы қатаң ұстанған қариялар өзге ұлт өкілдерінің тойына барып, рәсімдерімен танысып, қуанышына ортақтасып, береке-бірліктің туын жықпай өтіп еді…
60-жылдары мен келін болып түскен ауылда «обком ата» (оштай) үйі болды. Сол кездегі аталардың түр-түсі де бөлекше болатын, имандары төгіліп тұратын жарықтықтардың. «Ата обком болған ба?» — деп сұраймын ғой баяғы. Сөйтсем, бір ауылдың қара қылды қақ жаратын қариясы, кім-кімге де сөзі өтетін данасы екен ғой. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегенге сол жолы көзім жеткен. Өмірінде биліктен ештеме дәметпеген, орден-медаль да тақпаған. Шіркін-ай, жоғары білімдері болмаса да, зиялы, білімді, мейірімді, мәдениетті, иманды ақсақалдар санатынан еді ол атаның замандастары. Қазір сағынамын, бүгінгі шалдармен салыстырып әлек боламын, себеп-салдарын іздеймін… Олардың сол кездегі жасына, жолына қарап сыйласатындарына қайран қаламын. Олар соншалықты ауыртпалық кезеңде тіршілік кешсе де, елдің ынтымағы мен бірлігін, салт-дәстүрін сақтады. Қазақтың кең даласының барлық пұшпағында осындай ақсақалдар болды… Олар ата-баба дәстүрін жалғастырған данышпандар легі еді. Ауыр болса да айтайын, қазіргі ақсақалдардың көбі Кеңес одағының «шекпенінен» шыққан, ұлтсыздық тәрбиесімен саналары әбден уланған, құдайсыздық бәйтерегінің 70 жылда берген жемісі! Әйтпесе, бір үзім нанды бөліп жеген, асарлатып үй-жай салған, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, тентегін тізгіндеп, шайпауын ауыздықтаған сол кездегі ауылдан сыртқа жаманаттың желі есетін бе еді? Жоқ, еспейтін. Өйткені дуалы ауыз қарияның әр сөзі заң болатын. Бірге өскен замандастары да сөзге төрелік беретін. Бірін-бірі қуаттап, дем беріп отыратын. Бүгінгідей «бас-басына би болып» айтыспайтын. Тартыспайтын. Әлгі көсем қарияның айтқаны бұлжымай орындалатын. Көпті ауызға қарату (оның ішінде есері де, естісі де бар) оңай шаруа емесі айтпаса да белгілі. (Жақсы мен жаман әлімсақтан жағаласып келеді емес пе қу тірлікте!) Иә, қай кезде де иманы кәміл жанға ғана елге төрелік айтқан жарасар. Көпке сөзі өтетін әлгіндей қариялар барлық жағынан да құрметтеуге лайық болатын. Бес уақыт намазы, берекелі шаңырағы, тәрбиелі ұрпағы, салиқалы бәйбішесімен жарасым тауып отырғанының өзі бір тағылым еді-ау олардың. Иә, бұл өткен күндерден естелік қана. Көзге жас үйіріп, сағына беретінім сондықтан. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазыналы қариялардың тезінен өткен, көзін көрген, тәлімін алған бүгінгі шашын бояған, қырма сақал «шалдардың» қылығына күйінетіндер көбейіп барады. Ауылдағы «ерке» шалмен, қаладағы «тентек» шалдың аражігін ажырату мүмкін болмай тұр. Билікте жүрген кей шалдардың да қылығы күйінтеді. Есімнен сірә кетпейді, Елбасының бұйрығымен жылы орнын суытқан бір шалдың көзі жасаурап телеэкранның алдында тұрғаны. Оператор кездейсоқ «ұстап» алды ма, әлде расымен қадалып түсірді ме, ол жағы беймәлім. Асарын асап, жасарын жасап, биліктің біраз орынтағын тоздырған әлгі шенеунік, жылауық шалдың боркемік боп езілуіне түсінсем бұйырмасын. «Ат тұяғын тай басатынын» ескермеген осындай шалдарға күніміз қарап отырғаны шындық. «Жетпіс жыл Кеңестің қамытына жегілген байғұстарды да түсінуге болады», — деп, оларды ақтаушылар да табылар. Бірақ төрінен көрі жақын бейбақтардың ұрпақ үшін, ұлты үшін сабырға келіп, тәубасын айтып, сәждеге басын қойып, елінің, ауылының амандығы үшін жақсы істерге ұйытқы болуына ешбір кедергіні көрмей тұрмын өз басым. Жастық пен қарттыққа тән жарасымдылық бұзылған жерде олардан игі істер күту — ақымақтық! «Орнында бар оңалар» дейді дана қазақ. Бар үмітіміз кемсіту көрмей, рухы жаншылмай өсіп келе жатқан ұрпақтың жолында. Оған да тәуба дейік.
«Ет сасыса, тұз себерсің, тұз сасыса, не себерсің?»
Қарап тұрсаңыз, зәулім-зәулім мешіттерге Алладан дұға тілеп, бұйрығына бой ұсынып барып жатқандардың дені жастар. Оны айтасыз, ауылды жерлердегі мешіттерге баратын шалдар жоққа тән. Қолы бос, зейнет жасындағы кісіге бес парызды өтеу қиын ба, тәйірі!? Алладан қорқатын, ақыретте жақсылықтан үміті бар адамның ісі ме бұл? Азан шақырылып жатқанда дүниелік әңгімені жапырып, картасын сапырып, шарабын ішіп, ақырып отыратын кімдер? Елбасына дейін арыздарын жазып (ел, ұрпақ қамы, ынтымақ, бірлігі емес, өсек-аяң…) отыратын, өкінішке орай, тағы да шалдар. Осындай ақсақал жасындағы адамдардың ұл-қыздарына имани әңгіме айта алмауынан, салиқалы сұхбат бермеуінен қаншама жастарымыз отқа түсіп, қаншама қыздарымыз шоққа күйіп жүр. Тым болмаса осыны ойласа қайтеді. Жүректе иманы, аузында пәтуалы сөзі жоқ, жеке басының қамын күйттеп, жүрген жерлерінің «шаңын» шығарып кететін шалдардың «еркелігіне» тоқтам болмай тұрғаны қынжылтады. «Ет сасыса, тұз себерсің, тұз сасыса, не себерсің?» деген осы-ау. Мәңгілік өмір сүретіндей масайрап, ауылының берекесін қашырып, боқ дүниеге таласып сайран салып жүрген шал-шауқанды «қария» деп айтуға ауыз бара ма? Бүкіл Қазақия куә болған молдасымақ шалдардың арасындағы айқай-шу, оны келекелеп өлеңге айналдырған жарымжан шалмен ұстасқан қылықтары жан шошырлық көрініс емес пе? Мұны көрген бала-шағаға қалай өкпе арта аламыз?
Баласындай қызға емініп, әкім-қара көрсе жарамсақтана жүгіріп жүрген кей шалдардан не үміт, не қайыр? Қазақы түсініктегі біз білетін қарияның сиқы осындай ма еді, апыр-ай! Жақсы қартайған қарияларды түртпектеп, кекетіп, мазақ етіп, сөзге жеңістік бермей лепіріп, күншілдіктің арғымағына мініп алған кей шалдар, оларды «отырса опақ, тұрса сопақ» етіп, ел-жұртқа күлкі болып жүргенін өздері сезбейді. Ел мен жерді аралап жүріп бұған көзіміз әбден жетті. «Араздасып ағайын кетер еді, Бір қария болмаса бір ауылда» деген Мұқағалидың айтқаны айнымай келіп жатыр. Араздасқан ағайынды татуластырар ақсақалдардың кейбірінің жүрісі мынау. Қарап тұрсақ, әр жүз, әр ру өз аталарын «жарыстырып», шашылып ас беруде жомарт атанып, бабаларына, батырларына мешіт салып, топтан озуда. Бірақ артының не болып жатқаны баршаға мәлім.
Жолың түсіп той-томалақ, ас-жиынға бара қалсаң, сөз алған ақсақалдарымыз ғибратты, үлгілі сөз айтудың орнына, «мен бастық болғанда» деп басталатын «дастандарын» соғады келіп. Той қалады жайына. Екі сағат өзін дәріптейді, ал күні түсіп тұрған әкім қараның тойы болса, онда жүз сексен градусқа жалт бұрылып, басшының түп-тұқиянын термелеп кетеді. Тойға жиналғандар аузынан дуа қашқан шалдың жаттанды сөзінен жеріп отырады. «Бата» берген шалдарды тойда баласы тәлтіректетіп жетектеп… Осы да қарттыққа жата ма, ағайын?!
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Ел іші болғасын аузы дуалы, жақсы қартайған қариялар жоқ емес, бар. «Әттең, тонның келтесі-ай!» дегізетіні: олар тым аз. Қазақ секілді дана халықтың даралығына күйе жағатындармен күресіп келе жатқан ақсақалдық, абыздық жастағы Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Совет-хан Ғаббасов, Амангелді Айталы т.б. көптеген ағаларымыздың орны бөлек мен үшін. Еліміздің түкпір- түкпірінде және ауыл-аймағына сүйкімді, сыйлы қарттар жоқ деп кім айта алар? Батыстың ақсақалдары бір төбе. Өткенде ғана Маңғыстау облысына Наурыз мерекесі қарсаңында «Көрісуге» барғанымызда ынтымағы жарасқан, бірлігі көкпен таласқан, тілектері көл-көсір дария небір қарияларды көрдік. Тіпті өз үстеріндегі шапанын алыстан келген ағайындарына шешіп беріп жатты. СҚО оралмандарға арнайы салынған Бәйтерек ауылындағы Сүлеймен ағаның ақсақалдық тұлғасы қандай керемет! Өзіне магниттей тартатын шешендігі, мырзалығы, елге деген қамқорлығына жұрты риза. Оңтүстік пен Шығыстағы ақсақалдар қатары да көңіл қуанышы. Осындай ел-жұртқа танымал, халқына сыйлы қарттарды дәріптеп, билік басындағылар, Ардагерлер кеңесі бастарын қосып, ақыл-кеңестеріне құлақ қойып отырса, қандай жарасымды болар еді.
Қарияның сөзі биліктің «көзіріне» айналар күн туар ма?
Қарттық туралы менің өз ұсынысым, өз пайымым бар. Соны ортаға салмақпын. Көші-қон — қазақ үшін қазіргі ең басты мұрат. Қазақтың бірігуін қариялар қолға алып, аттандап көштің алдында жүрсе, қандай жарасымды! Басқа да кезегін күтіп тұрған шетін мәселелер аз ба қазақ қоғамында? Соның басы мен аяғында жауар бұлттай түнерген, найзағайдай «күркіреген» ардагер ақсақалдар қалқан болып тұрса, шіркін! Жалған мадаққа елітіп, ақсақал деген атына сай емес қылыққа барып, сый-сияпатқа «құл» болғанша, жеке басының проблемасын езіп, руының қамын жеп «пұл» болғанша, үйде тып-тыныш жатқан мың есе жақсы жас өскін ұрпақ үшін. Жылына 40 мыңға жуық әкесіз, некесіз туылған бала саны артуда. Соның 90 пайызы өзіміздің қаракөздеріміз. Шетелге қанша жетімдер сатылып кетті. Сатылуға дайын тұрғандары қанша екенін ешкім білмейді. Қаншама қыздарымыз ақша үшін шетелдік жігіттерге, бай шалдарға тиіп кетіп жатыр, осыны неге көтермейді бүгінгі Ардагерлер кеңесі? Бірақ құрамында кімдер жүргені көпшілікке беймәлім. Шын халықтың қамын ойлайтындар кеңестің мүшесі ме, жоқ әлде «арсыз болмай, атақ жоқ» деп төске өрлеп жүргендер орнығып алды ма? Егер шынымен Ардагерлер кеңесі халыққа жанашыр болса, Үкіметке сөзін өткізе алса, шешімі қиын мәселелерде неге дауыстары шықпайды? Тіпті осы уақытқа дейін ел халқына басу айтар қандай да бір игі істерге мұрындық болды? Алысқа бармай-ақ қояйын, қадірі қашқан, дақпырты алты қырдан асқан, ауыл-үйдің берекесін алған керауыз шалдарға тоқтам айта алмаса, Ақсақалдар кеңесінің қажеті қанша?
Президенттің өзі мемлекеттің болашағы жастардың қолында деп бірнеше рет айтты. Онда жастарға үлгі көрсететін, жақсы мен жаманнан жирендіретін ақсақалдарымыз не жасап жүр? «Осылай да осылай, болашаққа алаңдаулымыз, жастарымыз құрдымға кетіп барады» деп, тым болмаса жұқалап Елбасыға жеткізсе, ақсақалдық пікірлерін айтса, Елбасы қуана қолдары сөзсіз. Жиналып алып бірін-бірі мақтау, мадақтау кімге абырой әпермек?.. Ардагерлер төрағасы тым болмаса бір рет осындай мәселе көтеріп, ел алдына шығып көрді ме? Демек, босқа көлгірсімей-ақ қоялық, дардай аты бар ардагерлер кеңесінің билікке сөзі өтпейді. Билікке сөзі өтпегесін, халыққа қадірі жоқ. Әдемі сөйлеп, шешендік таныту — ақсақалдық көрсеткіш емес. Ақсақалдық деген — сөз бен істің үйлесімділігі.
Парламентте де «ақсақалдар» отыр. Халық олардан қарияға тән батагөй тілек, ақсақалдық сөз күтеді. Жастарға үлгі көрсетіп, кей заң жобаларының ұлттық мүддеге қиыс келетіндерін «түзетіп» жіберуге олардың абыройы мен «ақ сақалдары» да жетеді. Кейде ауыл-үйдің арасынан алысқа шықпаған шал-шауқан құсап күмілжіп, жылы сөзге алданып, үнсіз қалатындары бар. «Заманына қарай адамы» депті халық даналығы. Сол рас-ау. Сақалы жоқ қарияларды көруді Алла маңдайымызға жазыпты. Сақал бір кездері кемеңгерліктің, даналықтың белгісіндей көрінетін. Соңғы уақыттары мені қазіргі ақсақалдардың жастарға көрсетер өнегесі, айтар ақылы қандай болмақ деген ой жиі мазалайды. Жастар өздерін озық ойлымыз деп есептеуі қаншалықты заңдылық? Ғаламтор арқылы алынатын ақпараттары ұлттың мәйегін сіңірген қариялардың даналығының орнын толтыра ала ма? Әй, қайдам?!
Түйін:
Ақсақал адам артына ұрпағыма не қалдырып барамын деп қараса керек-ті. Ұрпағымның келешегі қалай болады деп қамықса керек-ті. Менің айтқым келгені ақсақалдар кеңесі қашан ел ішіндегі күйіп тұрған мәселелерді көтереді? Атынан ат үркетін Ардагерлер кеңесі ауыл ақсақалдарымен бірігіп, қашан халықтың сөзін сөйлейді? Ағыстай арындаған жастарды бір арнаға түсіру кезек күттірмейтін өзекті проблема болып тұр. Ел ақсақалдары осыны көтерсе, үлкенді сыйлаған халық емеспіз бе, билік те қолдап, санасар еді олармен. Әйтпесе аты бар да, заты жоқ, үні шықпайтын Ардагерлер кеңесінің қажеті қанша?! Егер ақсақал ардагерлеріміз мықты болса, Үкіметтің кейбір келеңсіздіктеріне сын айтып, билікпен халықтың арасында алтын көпір болар еді… Бұл менің азамат ардагерлерді сақалынан алғаным емес, ер-азамат қой деп қайрағаным… Мен анамын, әжемін, қыз сыйлаған қазақтың баласы менің жан айқайымды дұрыс түсінеді деп ойлаймын.
Алланың қалауымен көш қайта жандана бастады. Алла қаласа, сол көшті ынтымақпен, бірлікпен ұйымдастыра білу — қарттарға сын. Оларға ауызбіршілік ауадай қажет бұл жерде. Жасыратыны жоқ, қазіргі халықаралық жағдай мәз емес… Елбасының кемеңгерлігіне көзіміз жетті… «Ақ қазақ», «қара қазақ», «шала қазақ» деп алаламай, кедей, бай деп бөлшектемей, ескі қазақ, жаңа қазақ деп тарамдамай, бірігетін уақыт жетті бізге. Бөлінгенді «бөрі» ғана емес, анталаған көршілеріміз де «жеп» қойғысы келіп, сілекейі шұбырып отыр.
Елбасының ел астанасын Ақмолаға ауыстырған тарихи ерлігін ерекше атап өткен жөн. Бұл алғашқы қатерден аман алып қалуы еді. Бірақ мәңгілік мәселе әлі шешілген жоқ! Ол – шеттегі қазақтардың ата мекендеріне қайта оралуы! Соңғы санақ көрсеткендей, қазір қазақтардың үлесі Солтүстік облыстарда орта есеппен 41 пайыз ғана. Бүгінгі Қырымдағы жағдаймен өлшесек, солтүстік облыстар “Мен Ресейдікімін” деп айғайлап тұрғанын көру онша қиындық туғыза қоймас. Бізге тек өз аяғымен келгелі отырған, Қазақстанға зәредей ауыртпалық салмайтын шеттегі қазақтардың жолын ашу, жеңілдетілген тәртіппен тездетіп азаматтық беру, «қатерлі аймақ» – Солтүстікті халыққа толтыру — басты мұрат! Ақсақалдардың айбары мен айбынды ұраны осындайда естілсе, қанекей?! Сөз соңында айтарым, халқына қамқор, Елбасына тірек болатындай, ұрпаққа сыйлы, қадірі қашпаған ақсақалдар саны артса екен.
Сәуле Мешітбайқызы ҚР еңбек сіңірген қайраткері