САРЫСУДА САЯСИ ПАРТИЯ ЖӘНЕ ЭТНОС ОРТАЛЫҚТАРЫ ЖЕТЕКШІЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін аудандық кітапханада өңір басшысы Марат Сұлтанғалиевтің төрағалығымен саяси партия және этнос орталықтары жетекшілерімен кездесу жиыны өтті.
Салтанатты жиынға аудандық мәслихат хатшысы А.Сейналиев, аудан әкімінің орынбасары Н. Нұралиев және барлық партияның аудандық филиал төрағалары, сондай-ақ, түрлі этно-мәдени орталықтарының жетекшілері қатысты.
Кездесуде алғаш болып сөз алған Марат Қырғызәліұлы барша жиылған қауымды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады:
–Тәуелсіздік кезеңінде біздің зайырлы әрі көп ұлтты мемлекетіміз үлкен жетістіктерге жетті. Елбасының сындарлы саясаты арқасында біз демократиялық және көп партиялы мемлекет болып қалыптастық. Тиісінше өп партиялы жүйені қалыптастыру, азаматтық қоғам мен өзін-өзі басқару институттарын дамыту – жаңғыру үдерістерінің жаңа кезендері екендігі анық. Біздің ауданымызда да 5 бірдей партия өкілдіктері қызмет жасауда. Оларға 8 мыңға жуық аудан тұрғындары мүшелік етеді. Әр саяси партияның өзіндік бағдарламалары мен ұстанымдары – азаматтық қоғамның дамуына және тұрақты саяси жүйені қалыптастыруға өз септігін тигізді. Жергілікті атқарушы орган ретінде әкімдік әрқашанда саяси партиялардың ұсыныстары мен бағдарламаларын қолдап, етене жұмыс атқарып келеді, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, мәслихат хатшысы Асанбай Ермекбайұлы да жиылған көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, өңір дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Іс-шарада 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында, этно-мәдени орталықтарының жетекшілеріне рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін Алғыс хат пен арнайы сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар, аудан әкімі аймақтағы барлық партияның сенімді өкілдеріне де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестерін бағалап, алғыс хат пен бағалы сыйлықтарды тарту етті.
Жиын соңында марапат иелері аудан әкімі Марат Қырғызәліұлына және шараны ұйымдастырушыларға тиісінше өз алғыстарын айтты. «Манас» қырғыз этно-мәдени орталығының жетекшісі, ақын Алтай Абдрахманұлы жүрекжарды жыр жолдарын оқыса, «Халық» партиясының аудандағы жетекшісі Нұраш Сұлтанбеков ауданның күн санап артып келе жатқан әлеуақаты жайлы сөз қозғады.
Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі