Америкада ғасыр жасаған қазақ әжей қайтыс болды
Америкада ғасыр жасаған қазақ әжей қайтыс болды. Қаралы хабарды оның үлкен қызы растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ғасыр жасаған қарт ана соңғы қырық жылға жуық уақыт АҚШ-та өмір сүрді. Ол қазақ даласынан небәрі 10 жасында әкесі Сардарбекпен бірге кетуге мәжбүр болған. Туған жерінен жырақ кеткеніне 90 жылдан асса да Әсия Сардарбекқызы ана тілін ұмытпаған.
«Менің анам 27 қараша (Нұр-Сұлтан уақытымен 28 қараша) күні кешке қарай қайтыс болды. Сағат 17:22 жүріп кетті. Ұл-қыздары, немере-шөберелерінің бәрі қасында болды. Анам туған елін сағынып өтті. 30 қараша күні ақтық сапарға шығарып саламыз, түстен кейін мейрамханада асын беріп, құран оқимыз. Анам пневмониядан ауруханада қайтыс болды», — деді Әсия апаның қызы Рона Амири Нассири.
«Қызыл әскердің» жендеттері Әсия Сардарбекқызының отбасын екі рет қуғынға ұшыратқан. Большевиктер қазақ даласындағы байларды сібірге айдап, дүниесін кәмпескелегенде Шу ауданынан қашып, Ауғанстанға өтуге мәжбүр болған. Кейін Әсия Ауғанстан патшасының әулетіне келін атанады. Алайда, қазақ қызының отбасын 1979 жылы Кеңес әскері Ауғанстанға басып кіргенде екінші рет тас-талқан етеді. Бес баласын қалайда аман алып қалуды ойлаған қазақ қызы амалсыз құрлық асуға мәжбүр болған. Бүгінде Әсия Сардарбекқызының артында жиырмадан астам немере, отызға жуық шөбересі қалды.
«Анамның жасы паспорт бойынша 105-те. Ал шын жасы одан да үлкен. Ол соңғы кездері алтыншы рет ауырып, ауруханаға түскен еді. Дәрігерлер анамның өмір сүруге құлшынысы жоғары, сүйегі мықты екенін айтты. Олар бұндай жаста адамның пневмониядан тез өліп кететінін, ауруға қарсы көп уақыт шыдағанын айтты. Анам өміріне риза, қайтыс болған күні барлық ұрпағы аурухананы «жаулап» алдық. Анам Қазақстан туралы көп айтып кетті, елін сағынып өтті. Қазақстанның амандығын тілеп отыратын. Соңғы күндері тамақ ішуден қалды. Ұрпағы Аллаға тауба, аз емес, бақытты ғұмыр кешіп жатыр», — деді Американың Вирджмния штатында тұратын қызы.
azattyq.ruhy