Жас ақындар жалынды жыр арнады
Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым екені бесенеден белгілі. Өйткені ел тәуелсіз болмай, тіл тәуелсіз болмайтыны ақиқат. Тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін жағдай жасалды. Сондай-ақ қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны арта түсті. Шынында да Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруде, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында біршама оңды істер атқарылды. Бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, соның аясында тиісті жұмыстар жүргізілді. Жүйелі жұмыс қазір де жалғасуда.
Біздің ауданда да Тәуелсіздікті, соның аясында төл тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, қазақ тілінің мәртебесін көтеру бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, бұл бағытта тиісті жұмыстар орындалу үстінде. Тәуелсіздіктің мән-маңызын өскелең ұрпаққа ұғындыру мақсатында карантин талаптары сақталып, түрлі мәдени, спорттық, танымдық іс-шаралар өткізілуде.
Таяуда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері күніне орай аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жас ақындар арасында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты аудандық жыр мүшәйрасын ұйымдастырды. Оған 18-35 жас аралығындағы жергілікті жас ақындар қатысып, бірнеше кезең бойынша өнер көрсетті. Олар Тәуелсіздікті, егемендікті, елдікті, бірлікті, азаттықтың ақ таңын, Желтоқсан құрбандарын, ұлтымыздың төл тарихын, ұлттық құндылықтарды, ана тілімізді қара өлеңмен өрнектеді.
Жас ақындар қастерлі Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту үшін жұдырықтай жұмылып, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, туған тілімізді ту етіп ұстап, жасампаз Қазақстанның жарқын болашағын жасауда аянбау керектігін отты өлеңдері арқылы жеткізді.
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен бесағаштық Салтанат Кусева бірінші орынды, ерназарлық Айгүлім Жайлыбекқызы екінші орынды, ақбастаулық Спандияр Мұрат үшінші орынды иеленіп, түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды. Ал, құмтиындық Эдисса Мамбеталиеваға, бесағаштықтар Бақыт Қаттар мен Эльнура Тұрдалиеваға Алғыс хат табыс етілді. Барлығына бағалы сыйлықтар берілді.
Бірінші және екінші орындарды иемденген екі ақын қыз 7-8 қыркүйекте Тараз қаласында өтетін облыстық мүшәйраға жолдама алды.