Имамдар белдесті

Оралда қалалық Мұхаммед Ғариф Түлбаев атындағы мешіт ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қазақ күресінен «Имам барысы» турнирін ұйымдастырды. 

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен өткен спорттық іс-шара  қаладағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Бұл туралы өкілдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Орал орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабралиев: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» – деп, жарысқа қатысушы балуандарға сәттілік тіледі.

Тұңғыш рет өткізілген имамдар арасындағы қазақ күресі сайысына  қала, аудан, ауыл мешіттерінің имамдары мен  ұстаздары қатысты. Турнирге 19 имам екі салмақта, яғни түйе және өгіз балуан дәрежесінде белдесіп, бақ сынасты.  Жарысқа жиналғандар оларға жанкүйер болып, балуандар күрестің амал-тәсілдерін шебер қолданып, төрешілердің  төрелік  ұпайымен бағаланды. Нәтижесінде «Имам барысы» турнирінің  «түйе балуан» атағын Жаңақала ауданының наиб имамы Алтынбек Болатов (Жаңақала ауданы) иемденсе, «өгіз балуан» атағын Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық  мешітінің наиб имамы Әсет Романқұлов жеңіп алды. Қос жеңімпаз «Имам барысы» белбеушесімен марапатталды. Жүлделі орын алған жеңімпаздар ақшалай сыйақылар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдары және медальдармен марапатталды.

Сонымен қатар турнир төрешілеріне облыстың бас имамы Бақытжан Құралбайұлы алғысын білдіріп,  Құран кітабын сыйға тартты.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО, Орал қаласы