Дирекция өз жұмысына кіріседі
Оралда қала әкімінің қаулысымен саябақтар мен алаңдар дирекциясы құрылды. Жалпы облыс орталығы аумағында 50-ге жуық саябақ пен тынымбақ бар
Нәтижесінде шаһардағы саябақтар мен тынымбақтарды күтіп-баптау, жасыл желектерді қорғауға айрықша басымдық берілетін болды. Қазіргі уақытта саябақтар мен алаңдардың құжаттары дайындалуда және рәсімдеу жүргізілген соң дирекцияға берілмек.
Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Талғат Әбдешовтың айтуынша, тынымбақтардың жер актілері бойынша мерзімдері өткен, сол құжаттар қайта жасақталуда. Жалпы 44 тынымбақтың құжаттамасы дайындалмақ. Оның 25-і дайындалып үлгерген.
Саябақтар мен алаңдар дирекциясының директоры Жасұлан Сакенов атап өткендей, мұндағы мақсат – бір орталыққа біріктіру арқылы басқаруды жеңілдету және қараусыз қалған аумақтарды қайта қалпына келтіру, көгалдандыру.
– Жалпы жасалатын жұмыстар көп. Қазақстан Республикасының заңнамалық құжаттарына сәйкес әр қала тұрғыны үшін 10 шаршы метрлік жасыл аумақ есептеледі. Біздің қаламызда 330 мыңдай халық бар, демек саябақтарымыздың да жалпы аумағы 330 мың гектар болуы керек. Қазіргі уақытта дайындалып жатқан 44 саябақ-тынымбақтың жалпы аумағы – 79,5 гектар ғана. Халық тынығып, бой сергітіп, серуендейтін саябақ пен тынымбақтар әр тұрғынға қолжетімді жерде болуы маңызды. Ешқандай көліксіз бара алатындай болуы тиіс. Біз осы мақсатта жұмыс жасаймыз, – дейді Жасұлан Нұрлыбекұлы.
Әр саябақты күтуге жұмысшылар да қажет. Мәселен, қалалық мәдениет және демалыс саябағының аумағы – 23,5 гектар. Онда жиырмағаға жуық жұмысшы бар. Осы орайда дирекция тарапынан қалалық жұмыспен қамту орталығына сұраныс жолданған. Жаңа жылдан бастап іс жүзінде жұмыс жасайтын дирекция жаңа штаттар ашып, саябақтар мен тынымбақтардың тазалығына жауапты жұмысшылар, ландшафттық дизайнерлер, эколог, биологтарды жұмысқа қабылдамақ. Сонымен қатар ағаштарды паспорттау жұмыстары да жүргізілетін болады.