«YDD Corporation» Қарағанды ферроқорытпа зауыты Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы болып танылды

 

Нұр-Сұлтанда «Алтын сапа» Президенттік сыйлығының түрлі номинациялары бойынша лауреаттарды марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин, «Атамекен» Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаев және Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері қатысты.

«Үздік индустриялық жоба» номинациясында «YDD Corporation» Қарағанды ферроқорытпа зауыты жеңімпаз болып танылды (құрылтайшылары – Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз).

Марапатты Қазақстан Республикасы Президентінің атынан премьер-министр Асқар Мамин, сондай -ақ «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев «YDD Corporation» ЖШС құрылтайшыларының бірі Ерлан Нығматулинге табыс етті.

 

 

– «Алтын сапа» ұлттық конкурсын ұйымдастыру біздің мемлекетіміздің бизнес өкілдеріне жоғары көңіл бөлуінің көрсеткіші және жасампаздық пен үлкен жетістіктерге ұмтылуға сөзсіз ынталандыру болып табылады. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Мемлекет Басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП алғысымызды білдіреміз, – деп «YDD Corporation» ЖШС құрылтайшыларының бірі Ерлан Нығматулин өз әсерімен бөлісті.

«Үздік индустриялық жоба» номинациясы ірі кәсіпорындарға өнім сапасы, оның қауіпсіздігі саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені және кәсіпорында басқарудың жоғары тиімді әдістерін пайдаланғаны, сондай-ақ жаңа өнім шығару кезінде заманауи технологияларды енгізгені үшін беріледі.

«YDD Corporation» ЖШС Қарағанды облысында 2019 жылдың шілдесінен бастап табысты жұмыс істейді. Зауытты салу кезінде бүкіл өндірістік циклдің ең жаңа әлемдік технологиялық әзірлемелері қолданылды. Қызмет еткен жылдары зауыт экономикалық және экологиялық көрсеткіштер бойынша өз саласындағы ең озық кәсіпорындардың біріне айналды. Мысалы, шығарылған газды тазартудың соңғы жүйесімен алынатын өндірістік шаңнан жоғары сапалы цемент пен бетон өндірісінде қолданылатын микрокремнез алынады.

 

 

                                                                            Жомарт Шаймұрат