АЛҒАН ЖАРЫҢ АЙДАЙ БОЛСА, АРҒЫМАҚТАН ТҮСПЕЙСІҢ…

(Қаракөз қыз — келіншектерге)

Менің бір досым бар. Жеке кәсіпкер. Бойында қаны қайнап тұр. Қаражатты да аямай табады, машинаны да аямай ауыстырады. Бала шағалы, бала шағасы дегенде жанын береді. Өзі маған үнемі сырын айтып, келіншегім менің жұмағым деп отырады. Келіншегін қатты жақсы көреді. Оған шынайы қамқорлықпен, мейіріммен қарайды. Екеуміз көп әңгіме қыламыз. Үйіне тамаққа шақырып тұрады. Сонда оның келіншегінің қарапайым, кішіпейіл, адамгершілігі мол, тәрбиелі, текті отбасынан шыққанын көріп, Құдай әрқашан да сендерге береке берсін деп отырамын. Мен барғанда әрқашан да дастарханы жайылып, дұрыс пейілін көрсетіп отырады. Бойында қаны қайнаған жігіттің басқа қыздарды көргенде жұлқынбауы мүмкін емес. Бірақ менің досымның жары досым қанша жұмыстан кешігіп келсе де күліп, тамағын дайындап, жақсы жеттің бе жаным деп қарсы алып отырады. Бір емес, қаншама рет байқадым. Үнемі осылай. Сонда досым маған «Осындай келіншегім бар, маған басқа не керек? Кешігіп келсем де мені күліп қарсы алады, тамағымды дайындап отырады. Мен үшін маған ең қымбат жандардың бірі осы» дейді. Мен риза боламын оған. Жақында ұлды болды. Ұлының атын Әлихан деп қойды. Сосын Әлихан Бөкейханның қазақ ұлты үшін қандай тұлға болғаны жайында әңгіме жалғасты. Мен оған Әлихан Бөкейханның кім болғанын, қандай ірі тарихи тұлға болғанын айтып бердім. Ұлың Әлихандай ұлтына қызмет жасайтын, қайраткер, ұлы тұлға болып қалыптассын дедім дастарханның басында. Арнайы барып, құттықтап, көріндігімді бердім. Тектінің аты текті, барлық қозғалысы адамды сүйсіндіреді. Досым маған «Саған да осындай қыз бұйырсын!» деп айтып отырады.
Сонда менің бір байқағаным, алған жарың осындай текті жердің қызы болса, жігіттің бойында қаны қайнамақ түгілі, тасып кетсе де отбасын тастамайды екен. Ол ешқайда қаңғып кетпейді. Керісінше, барын салып жұмыс жасауға, өсуге, өрлеуге бағыт алады. Мұндай отбасынан береке де кетпейді. Тепе-теңдік те бұзылмайды. Балалардың денсаулығы да мықты, иммунитеті де жақсы қалыптасып өседі екен. Барлығы да рухани терең түсінуден бастау алады. Адамның кеудесінде руханияттың ұшқыны болмаса, ол адам нағыз кедейтікке тап болады. Адамды адам екен деп қабыл алмайды. Себебі өзі де адам болмай қалады. Мен осындай текті қыз-келіншектердің арқасында мықты ер азамат отбасының керегі үшін барын салатыныны көзім жетті. Егер де ол азаматтың жүйкесі тыныш болмаса, ол табыс таппақ түгілі өз басымен қайғы болып, араққа беріліп, қаңғып кететініне де көзім жетті. Ол отбасындағы әйелдің тектілігі мен тәрбиесінің арқасында өз бағын тапқан жігіт. Әрине, өзі де осал емес. Өте пысық, зерек, алғыр, іскер. Бірақ әрбір мықты еркектің еркек болуының артында текті әйел тұратыны айдан анық. Егер ол әйел жағы талмайтын, көкбет болса онда барлығы тас талқан болады. Ол бәрін түсінеді. Ол бәріне сабырлылықпен, байсалдылықпен қарайды. Сондықтан ол текті.
Қазір фейсбукте отырған көпшіліктің еркек пен әйел жайындағы жазып жатқан пікірлеріне қарап отырсаңыз, анағұрлым көп бөлігі бір біріне жау. Еркек пен әйелді бір біріна қарса жаратылыс па деп түңіліп шығасың. Парақшаны жауып жайыңа кетесің. Біздің мынау қоғам дәл қазіргі уақытта мейірімге, қамқорлыққа, ізгілік пен имандылыққа зәру қоғамға айналды. Мейірім деген мүлдем тапшы болды біздің қазақ қоғамына. Біз бір бірімізге қамқор, мейірімді болсақ, біздің тіршілігіміз көпке бармай-ақ оңалатынына мен сенемін. Қыз-келіншектер жағы еркекті тек қана ақша тауып әкелетін жалдамашы ретінде қарауды қойса, ер адамдар әйелдеріне қамқорлықпен, мейіріммен қараса, біздің көк туымыз көктен түспейді. Біздің қоғамға мейірім ғана керек. Бір бірімізге қамқор болайық, қазақтар!…………….

БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН