Біз қазақтар шірікпіз!.. Намысы жоқ… Өлікпіз!

Бала кезімде ауылда адуынды бір әже болды. Бәрі именетін және ерекше құрметтейтін. Басына аппақ кимешек киіп, жүзінен мейірім төгіліп отыратын еді жарықтық… Сол әжем отбасына сөзі өтпейтін ынжық еркек көрсе түтігіп: «Өй, шірік неме, бүйткен тірлігің құрысын, қамшымен неге осып-осып жібермейсің оларды » деп қайрап-қайрап жіберетін.

Құрметті ағайын! «Тілім-тілім» деп отыз жыл жүрегімізді тілімдедік. Жетер енді! Кеше бір жерде үлкен компанияның отырысында болдым. Қан жылап қайттым. Тіліміздің «езуі тілінген» екен. Отызға толмаған қазақтың қыз-жігіттері Ресейдің мемлекеттік тілінде сайрап жүр. Жиын бастан-аяқ орысша өтті. Жиналған жүз адамның оны ғана өзге ұлт. Үлкен -кішінің бәрі мәз-мейрам. Ызам келді. Жылағым келді. Шыдай алмай «Ей, неге қазақша сөйлемейсіңдер?» десем мені ала көздерімен атады бәрі. Көпке топырақ шашпайын, бірақ, қазақтан намыс пен жігер қашқан екен. Бұл құрдымға кету емей не?
Кім кінәлі? Иә, ұлттық идеология нашар. Елбасы мен президент жалтақ. Үкіметіміз шала қазақ. Бірақ біз ел емеспіз бе? Неге еңсемізді көтермейміз? Қазақша сөйлеуге кім кедергі келтіріп жатыр? Бар бәле өзімізде жатыр ағайын!
«Бетеге кетсе бел қалар
Бектер кетсе ел қалар
Берекең кетсе нең қалар…» деген аталы сөзге мән беруді қойдық?
Ұлттық рухымыз өліп қалған. Оны «тірілтуге» енжармыз.
Тұрақты отаны жоқ, қаңғырып жүрген ұйғыр мен күрт, сыған мен дүңген өз тілінде сөйлейді. Сөйтіп рақаттанады. Балалары да ана тіліне жетік.
Демек, тілдің дамуына, жандануына ақырған билік, шегендеулі шегара, қап-қап ақша қажет емес.
Онда не қажет? НАМЫС! НАМЫС! НАМЫС!!!
Сүйегі баяғыда қурап қалған әжені бекер еске алып отырған жоқпын. Ол кісі бүгінгі шүлдірлеген жастарды көрсе, «Әбден шіріген екенсіңдер. Сендерді ата-баба қарғысы атады» деп әке-шешелерінің беттеріне түкірер еді. Қайран әжем-ай!
Біз болсақ бар кінәні билікке артып қойып қамсыз жүрміз.
Бала-шағамыздың, іні-қарындасымыздың бойына ана тілінің нәрін сіңірмей, олардан талап етпей, даңғазаға далақтап өміріміз құр өтіп жатыр. Тәуелсіздіктің отыз жылындағы жағдай осындай. Тап осылай жалғаса берсе ертеңіміз бұлыңғыр…
Әжем айтпақшы, БІЗ ҚАЗАҚТАР ШІРІКПІЗ! НАМЫСЫ ЖОҚ ӨЛІКПІЗ! БІЗДІ ҚАМШЫМЕН САБАУ АЗ…

 

Нағашыбай Қабылбектің фейсбук парақшасынан