ТІЗЕҢДІ БҮКПЕ…
Құнанбай қажының ұлы Абай атамыз айтпақшы:”Ғашықтың тілі, тілсіз тіл. Көзбен көр де ішпен біл”- демекші. Қос ғашықтың, махаббаттың тілі, бір-бірін үнсіз ұғысу. Көзбен көріп, ішпен білісу.
Өркениеттің дамыған заманында: “Біреудің қаңсығы бүгінде бізге таңсық болды”. Алпамсадай қазақтың азамат жігіттері жұрттың көзінше тізерлеп отырып, болашақ қалыңдығына ұсыныс жасайтын болды.
Жас жігіттердің бұл ерсі қылығына адамдар түсіністікпен қарайды. Себебі жалын атқан жастық шақта не болмайды шіркін-деп бәрін жастыққа жаба саламыз.
Біреуге ақыл айтайын деген ойдан аулақпын. Маған десең сүйгеніңе ұсынысыңды шалқаңнан жатып жаса. Бірақ ұлтыңның тәрбиесі деген ұлы ұғымға көлеңкеңді түсірме. Себебі сенің бір ерсі қылығың, ертеңінен үміт күтіп отырған елдің ішіне тұмаудай тез тарауы мүмкін.
Тәлім алар тәрбие трендке айналса бағың, тәлімсіз тәрбие тамырласа сорың екенін ұмытпа? Елді жинап еркесылқымының алдында еңгезердей басын иіп, ел естімеген ерке сөзін айтып, ертеңіне ажырасып кетіп жатқан жас жұбайларды көріп жағаңды ұстайсың.
Жақсы көретін жауқазыныңа деген сезімің жасырын болсын. Бақыттың отын бірге тұтатқың келсе басыңа қонар бағыңды басқаның көзіне түсірме. “Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан”- демекші. Жейденің гүліндей жұпар иісті жезкиігіне жеңгесі арқылы сезімін білдірген сал-сері бабаларымыздың салты қандай өнеге еді.
Ұлымыз ержетіп, қызымыз бойжетіп отырған соң осы тақырыпты еріксіз ойланатын болдық. Сондықтан үйіндегі ұлы ержетіп отырған әрбір әке баласына: “Ұлым! Бабасы басын имегеннің, баласы тізе бүкпейді. Мына алтын тізең Отаныңмен, сені тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатқан алтын құрсақты анаңның алдында ғана бүгілсін десе текті қазақтың талай баласы ойланар еді-ау.
Ал анасы үйінде бой жетіп отырған қызына.” Қызым жүрегімнің айнасы. Сезімін айқайлап білдірген азаматтан абайла. Сенің алдыңда тізесін бүккен жігіт, тізгінінен айрылған жылқы секілді қай орға барып жығыларын білмейсің.
Текті жігітті өзіңе тең еткің келсе оның анасына деген құрметімен, апа-қарындасына деген ізетінен байқа-десе талай қаракөз қыздарымыз жігітіне деген талапты өзгертер еді-ау.
Ержігітіне есі кетіп жүрген еркесұлулар егерде :”Етігімен су кешіп жүрген ер азаматым-ау. Мен сенің ертең, етегіңнен ұстаймын. Сенің мені бүкпесіз сүйетініңді білемін. Бірақ саған үлкен өтініш менің алдымда ешқашан тізеңді бүкпеші. Мен сенің басыңның иілгенін, тізеңнің бүгілгенін қаламаймын десе жігіттер де намысын жігеріне жанып басқаша ойланар еді-ау шіркін.
Заманында Ливияның бостандығы үшін күрескен атақты Омар Мұхтар әйелі қайтыс болды деп естігенде еңіреп жылаған екен. Батырдың бұрын соңды бұндай қылығын байқамаған қасындағылар бұған қайран қалысады.
Сонда шөл даланың арыстаны:”Қаншама қан майданда жауларыммен қаймықпай соғыстым. Арып ашып жеңіліспен келсемде, жауымды жеңіп, жеңіс туын көтеріп келсемде әйелім марқұм босағада шатырдың есіктегі пердесін қолымен көтеріп тұратын еді-ау.
Неге бұлай істей бересің дегенімде, әйелім:” Арыстандай азаматымның басы мына дүниеде ешкімге иілмей, тізесі бүгілмей өткенін қалаймын”-дейтін еді. Иманы жолдас болсын-деп көзіндегі жасын сүрткен екен жарықтық.
Сол айтпақшы:” Қамқор болар қабыланыңның қоғамға пір болғанын қаласаң, әуел бастан азаматтарыңның басын идірмей, тізесін бүктірмей таза табиғи тұлғасын қалыптастырыңдар қарындастарым…
МАҚСАТ СҚАҚОВ