БАЛЫҚ ПЕН ХАЛЫҚ
Қара сирақ бір топ бала көлшіктерден балық аулайтынбыз баяғыда. Торғай өзені қатты тасыған жылдары ауылды су қоршап алады. Тереңдегі балық атаулы су бетіне шығып, шағырмақ күндері саяз жерде «ұйығады». Көбіне сазандар «сайран салатын».
Алыстан жон арқалары күнге шағылысып, бауырлары жалт-жұлт етіп көзді арбайды, шіркіндер. Қолымызға іліккен айыр мен істік байланған ағаштарды алып тұра шабамыз.
Көзді ашып-жұмғанша жетеміз, жетемізде есімізге кете айқайлап сазандарды тұра қуамыз. Ой, бұл бір рахат дүние. Тілмен айтып жеткізу қиын. (Әлі күнге аңсаймын сол күндерді). Шаршағаныңды білмейсің. Есіріктеніп кетесің. Екіленіп кетесің.
Сазандар да әккіленіп алған, қауіп төнгенін сезген бетте аяғымыздың арасынан зу-зу етіп (Кейде тобықтан, кейде жіліншіктен ұрып) тереңге қарай суды жарып тартады…
Бұйырғанын алып біз де ауылға қайтамыз…
Айтайын дегенім, шабындықта қойдай өрген сазандар сол күйі тереңге еніп жоқ болып кетпейді.
Ауылдың іргесіндегі сай-жыраларға «қоныстанып» қалатындары да болады. (Жайлы жер іздеген адам секілді ғой). Ол маңайда шөп шүйгін.
Сазанды терең судан сүзекімен сүзіп алу оңай емес. Сазан сезімтал, әккі балық. Оңайлықпен ұстатпайды. Оны білетін біз (балалар) шілде мен тамызды күтеміз. Бұл уақытта сай-саланың «еңсесі түсіп», суы шалшыққа айнала бастайды. Шалшық демекші, оған жеткізбейміз. Себебі бірқазан мен тырналар балықтың ата жауы. Тайыздан қақшып алуға шебер атаңа нәлеттер. Қарап отырып несібемізді оларға
жегізер ақымағың біз емес..
Су деңгейі қара санға түсті-ау деген шамада бір топ бала сай-саладағы өзекшелерді сүзуді бастаймыз. Астына ауыртпалық темір байланған сүзекімізге ұсақ-түйек, кәкір-шүкір балықтар түседі алғашында. Екінші рет тартамыз, әлгі көрініс қайталанады. Балық туралы түсінігі аз адам «Мына көлшікте сазан жоқ» деп кетіп қалуы кәдік. Бұған біз алданбаймыз. Көзімізді ашқалы көргеніміз балық болғандықтан, сазандардың айласына қанықпыз. Ақырындап жағадағы шылаулардың, шөп-шаламның арасын айырмен қотарамыз, (үркітеміз, шошытамыз) осы кезде сүргін басталады.
Әйда, айызымыз қанғанша қуалап, айырмен шаншып, ағаштың дәу безімен көмкерілген шоқпармен (Өзіміз жасап алғанбыз) ұрып сазандарды қырып саламыз. (Көктемдегі кегі ме!)
Байғұстар тар шеңбердің ішінде құлаштарын жаза алмай қапыда кетеді… Қуа-қуа діңкелеп шаршаймыз. Судың беті де қарақошқылданып әбден лайланады. Жағаға құлай-құлай кетеміз. Көп өтпей тірі қалған сазандар өлмеудің қамын жасайды. Лай суда тыныстары тарылғасын, шарасыздан тұмсықтарын су бетіне шығарып тұра-тұра қалады. Ерінбесең, сұқ саусағыңды сазанның доп-домалық аузына тығып жіберіп, желбезегінен сүйреп жағаға алып шыға бер…
ПЫ/СЫ:
Мен тынышты сүйетін адаммын. Алайда шындық бәрінен қымбат. Еліміздегі қазіргі қымбатшылық халықты лай судағы сазанның кейпіне түсіріп отыр. Тынысы тарылған халық не істеуі керек? Әрине жанұшыра әділдік іздейді!
Балықты лай суға тұншықтырып ұстарсың, халықты тұншықтырып ұстау мүмкін бе?!
Нағашыбай Қабылбектің фейсбук парақшасынан