Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан курсанттың денесі Ақтауға жеткізілді

Бүгін, 9-қаңтарда Алматыдағы террорлық шабуыл кезінде қайтыс болған ҰҚК Шекара академиясының курсанты Бітім Мейірханның денесі Ақтауға жеткізілді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Өңір басшысы бүліктің бейкүнә құрбаны болған курсанттың отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның жарқын бейнесі маңғыстаулықтардың жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

 

-Болашақ ел шебін қорғаушы Мейірхан Ержанұлы Отан үшін жанын пида етті. Ол небәрі 19 жасында бүлікшілердің қолынан қаза тапты. Бұл қаралы хабар барлығымызға ауыр тиді. Батырдың жаны жәннатта болсын. Ата-анасы мен ағайын-туыстарына сабыр берсін,-деді Нұрлан Ноағаев.

 

 

Бітім Мейірхан Ақтаудағы № 11-ші мамандандырылған физика-математика гимназиясының былтырғы түлегі. Мектепті аяқтаған Мейірхан Алматыдағы ҰҚК Шекара академиясының 2-ші курсында оқып жүрген еді. Марқұмның денесі ертең жер қойнына тапсырылмақ.