Жаңаөзен оқиғасы бізге сабақ болуы тиіс
Жаңаөзен тұрғындарының жергілікті әкімдіктен газ бағасын түсіруді талап етіп, жаппай наразылыққа шыққаны әлеуметтік желіде аз айтылып, аз жазылған жоқ. Маңғыстаудағы газ бағасының қымбаттауын облыстық облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев: «Біздің өңіріміз жеңілдетілген газды көп тұтынушы өңірлердің бірі. Біздің айлық тұтыну көрсеткішіміз – 18 мың тонна газ. Газ бағасының қымбаттауының бір себебі – көптеген тауарлардың электронды биржаға шығуы. Өздеріңіз білетіндей, біздің «Қазақ газ өңдеу зауытының» құрылғылары ескірген. Ол да бағаның өсуіне бір себеп. Біз зауытқа инвестиция тартуымыз керек. Сол секілді, Жаңаөзенде зауыт құрылысын бастау да жоспарымызда бар. Екінші фактор – біз газдың қосымша қорын (запас) Атырау облысынан аламыз. Қазір газдың орташа бағасы 95-100 теңге. Республика бойынша газдың орташа бағасы 110 теңгені құрап отыр. Атырау облысында ол 115 теңге болса, Оралда 120 теңгеден сатылып жатыр. 60 теңге мөлшеріндегі бұрынғы баға енді болмайды. Өйткені қазір биржадағы газ бағасы – тасымалдау мен кәсіпкердің шығындарын есепке алмағанда, литріне 70-85 теңге. Әкімдік газ бағасын реттемейді. Өйткені бұл тауар бәсеклестік нарыққа жатады», – деп түсіндіріпті.
Ашық ақпарат көздеріне сенсек, Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 15-і орынды иемденеді. Ал газ игеру және өндіру бойынша 19-ы орында. Бұл дегеніміз – қай тұрғыдан алып қарасақ та, Қазақстан газға қатысты көрсеткіштер бойынша үздік жиырмалықта енеді деген сөз. Алайда газ бағасы оған қарамастан еселеп көтеріліп жатыр. Мәселенің ақиқаты – Қазақстанды қымбатшылық қысып тұр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары мен баспана, жанармай мен газ бағасы тоқтаусыз өсуде. Президент жолдауда инфляцияны түсіру туралы тапсырма берсе де, айтарлықтай өзгеріс жоқ. 2020 жылы бағаны тұрақтандыру үшін 30 млрд теңге бөлінсе, 2021 жылы 50 млрд теңге бөлінген. Осының өзі жағдайдың қаншалықты қиындағанын көрсетіп тұр.
Маңғыстау өңіріндегі наразылық толқыны мемлекеттік комиссияның араласуымен оң шешімін тапса, облыс тұрғындарын қолдаймыз деген желеумен бас көтерген Алматы қаласындағы тәртіпсіздік, шындығын айтсақ, тонаушылық, террористік сипатқа ие акция екендігі дау туғызбаса керек. Бейбіт мақсатта өтсе, мұндай наразылық адам қан төгуге дейін ушфықпауы керек-тін. Билік тарапынан таратылған ақпарат бойынша, қаладағы бассыздыққа байланысты ұсталғандардың басым көпшілігі бұрын сотталған қылмыскерлер екен. Олардың қолтығына су бүркіп, жолындағының бәрін қиратып, қоғамдық тәртіпті қорғаушы полиция қызметкерлеріне оқ атуға итермелеген саяси күштер бар сынды. Мұны Президент Қ.Тоқаев айтты да. Ол: «Өздерін ереуілшілерміз дейтіндердің көпшілігін оларға қаржылық көмек көрсетіп, елдегі тұрақтылықтың шаңырағын шайқалтуға итермелеп отырған ниеті арам саяси күштердің бар екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті бұзып, тонаушылық әрекеттерге барғандардың іс-әрекеттерінің алдын ала жоспарланған, жақсы дайындықпен өтуінің өзі соған көз жеткізеді. Мен осыған дейін ел халқына бірнеше рет үндеу жолдадым. Бірақ, соған қарамастан, әлгіндей топтар мақсатты әрекеттерін тоқтатпай отыр. Ел халқының құқығын, өмірін қорғау жауапкершілігі мойныма жүктелген президент ретінде, барша халыққа ескертемін, енді мен де қатаң шараларға баруға мәжбүр боламын. Кез келген шара заң аясында, өзара түсіністік деңгейінде екіжақты диалогта өтуі тиіс. Арандатушылардың жалған айтағына еріп, заңбұзушылыққа бармауларыңызды сұраймын. Қиыншылықты барлығымыз бірлесе отырып еңсеретінімізге толық сенімдімін. Баршамыз әрқашан да бірге болайық!» – деген болатын. Бұл бітімгершілік үндеу әлі де өзінің өзектілігін жойған жоқ.
Ермек Сахариев