Алматыда «Діни кеңес беру және оңалту орталығы» ашылды

 Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Алматы қаласы әкімдігінің ынтымақтастығымен «Шаңырақ» оңалту, кеңес беру және алдын алу орталығының ашылу салтанаты өтті.

Оған Алматы қаласы дін істері басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы, ҚМДБ Пәтуә бөлімінің меңгеруші орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Әуесханұлы, аталған оңалтудың атқарушы директоры болып тағайындалған Мирхат Мұратұлы, Алатау ауданының Бас имамы Орынбасар Орынбайұлы қатысты.

Оңалту орталығының мақсаты теріс ағымның жетегінде кеткен еліміздің азаматтарымен терең жұмыс жасау болып табылады. Мұнда арнайы психолог мамандар, заңгер, теологтар, «Нұр-Мүбарак» египет ислам мәдениеті университетінің, «Әбу Ханифа» медресесінің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дінтанушы маман ұстаздары қызмет жасайды. Алматы қаласы әкімдігі демеушілігімен ашылған Оңалту орталығының ғимаратын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынып отыр. Орталық Алатау ауданы, Шаңырақ-1 ықшамауданы, «Бекет ата» мешітінде орналасқан.

Қаламызда тұңғыш ашылып отырған бұл орталыққа енді теріс ағымнан зардап шеккен азаматтар немесе олардың ата-аналары келіп, жазылуына болады.

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі.