Оңдасын Оразалин түнгі қаланы аралады.
24 қаңтар, дүйсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбені көркейту жұмыстарының барысымен танысты.
Облыс басшысы өңірдегі биік нысандардың бірі — телемұнараны қарап шықты. Қазіргі таңда 180 метрлік нысанды иллюминациялық безендіру жұмыстары жалғасуда.
«Монтаждау жұмыстарын былтыр бітірдік. Қазір түстердің үйлесімін таңдап жатырмыз, түстер өзгеріп отыратын болады. Апта соңына аяқтаймыз»,- дейді «КМК Строй» ЖШС мердігер мекемесінің өкілі Ұлан Қозбақов.
Кейін облыс әкімі Нұр-Ақтөбе тұрғын үй алабының 1-ші шағын ауданындағы шағын бақтың құрылыс барысымен танысты. Шағын бақтың жалпы аумағы — 24 мың м2. Қырлы кеспе тастар төселіп, суару жүйесі, жарық шамдар, орындықтар, әткеншектер және т.б. қондырылды. Жылу келісімен көгалдандыру жұмыстары басталады.
Оңдасын Оразалин қала басшылығына: «Мұнда жасыл желек, талдар көп болсын. Демалатын жаңа орын болды. Нұр-Ақтөбеде сондай-ақ, балалар үйлеріне жақын жерде орналасқан үйірмелер мен секцияларға бара алатындай сауықтыру кешені мен оқушылар сарайын салуды жоспарлау керек»,- деп тапсырды.
Айта кетейік, Нұр-Ақтөбенің 4-ші шағын ауданында тағы бір шағын бақ салу жоспарда бар. Шағын бақты салатын орын алынып қойған.