Nur Otan партиясының Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары ауысты
Nur Otan партиясының Қарағанды филиалының басшылығында өзгерістер орын алды. Төрағаның бірінші орынбасары болып белгілі қоғам қайраткері және меценат Бекзат Алтынбеков тағайындалды.
Жаңа басшыны филиал төрағасы, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек саяси кеңестің кеңейтілген отырысында таныстырды.
– Nur Otan партиясы филиалының саяси кеңесінң, сондай-ақ Орталық аппараттың шешімімен Бекзат Алтынбеков облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.
Осы қызметті тоғыз жыл бойы атқарған Қадиша Оспанова облыстық мәслихатқа жұмысқа ауысты. Ол әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып сайланды.
Бекзат Алтынбеков 1973 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын БАҚ-та бастаған, «Арқа еңбеккері» газетінің тілшісі, Ақтоғай аудандық радиостанцияның тележүргізушісі болған. Содан кейін көп жылдар бойы білім беру саласында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
Екі рет Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Қазір Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.
Тарих ғылымдарының кандидаты. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының лауреаты.
Nur Otan партиясының қатарында Бекзат Алтынбеков 2007 жылдың маусым айынан бері тіркелген.
Жомарт Шаймұрат