Қарағанды қаласының білім беру ұйымдарында ауған жауынгерлері ерлік сабақтарын өткізеді
Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы Ауған соғысы ардагерлерімен бірлесіп Қарағандының мектептері, орта және жоғары оқу орындарының оқушылары үшін ерлік сабақтарын өткізеді. Кездесу Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 33 жылдығына арналады.
Жыл сайын 15 ақпан Ауған соғысының аяқталған күні ретінде ғана емес, сонымен бірге одан оралмағандарды еске алу күні ретінде атап өтіледі. Қарағанды облысынан екі мыңнан астам адам шақырылды. 86 жауынгер қаза тапты. Олардың барлығы қайтыс болғаннан кейін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
Ерлік сабақтары – патриоттық тәрбие берудің дәстүрлі акцияларының бірі. Бірнеше жыл бойы «Ардагер» Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері Одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жастарға соғыс туралы айтуды маңызды деп санайды.
– Біздің «Ардагер» қоғамдық бірлестігіміз 2015 жылдың желтоқсанында құрылды, – дейді оның жетекшісі Талғат Хасенов. – Содан бері біз өскелең ұрпақпен патриоттық кездесулер өткізіп келеміз. Басты міндетіміз, біздің ұрпақтарымыз тарихын Ауған соғысы және ұлтаралық келісім туралы, әскери борышын адал орындағандар, өмірін бейбітшілік жолында қиғандарды білуінде.
Сабақ барысында әскери іс-қимыл қатысушылары жас қарағандылықтармен Ауғанстандағы қызметі, шайқастар мен әскери достық, достарынан айырылу туралы естеліктерімен бөліседі. Өз кезегінде тыңдаушылар соғыста қорқыныш сезімі болды ма, жоқ па, не есте қалды, не үшін марапаттарға ие болғаны жайлы сұрап біледі.
Кеншілер сарайында 14 ақпан күні сағат 17:00-де Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің «Уақыт бізді таңдады» атты әскери-патриоттық ән кеші өтеді. Кіру тегін.
15 ақпанда сағат 11:00-де Қарағанды Жеңіс саябағында дәстүрлі митинг өтеді. Қаза тапқан интернационалист жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алады. Мемориалға гүл шоқтары қойылады.
Бүгінгі таңда өңірде бір жарым мыңнан астам ауған ардагерлері, оның ішінде Қарағандыда 500-ден астам адам тұрады. 10 жылдық соғыс кезінде көптеген қарағандылықтар марапаттарға ие болды. Олардың бірі Қызыл Ту орденімен, 40 адам Қызыл Жұлдыз орденімен, 85 жауынгер ерлігі үшін медальмен және 135 адам Жауынгерлік еңбегі үшін медальмен марапатталды.
Жомарт Шаймұрат