ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ибн СИНАСЫ
Өткен замандарда бабаларымыз қалай емделген, бұрын қазақта медицина болған ба?,-деген сұрақтың жауабы қызықтыратындарға қызықты дерек.
Әлеуметтік желіден мынандай бір қызықты ақпарат оқыған едім:
Белгілі травматолог, медицина ғылымының докторы, профессор Ерсін Жүнісовтың басынан өткерген мына бір оқиғадан әлгі сұрақтың жауабы табыла кетті. Ерсін Тұрсынханұлы былай әңгімелейді: 2004 жылдың шілде айында емханамызға Англиядан арнайы келген профессор:
— Сіздердің ата-бабаларыңызда өзіндік қалыптасқан медицина, шипагерлік болған ба, жоқ әлде, кейіннен үйрендіңіздер ме?-деп сұрақ қойды.
Осы сәтте бізде істейтін профессор орыс әйелі бірден:
— Қазақтарда медицина болған емес, кейіннен орыстардан үйренген, — деп қойып қалды. Мен орыс әйелдің сөзін аяғына дейін сабырмен тыңдап болдым да, ағылшын дәрігерге былай дедім:
— Сізге мысал ретінде екі мәселені айтайын, сосын біздің ата-бабамызда медицина болып-болмағандығын өзіңіз шешіңіз.
— Жақсы.
— Сіздерде ас қорытуға қажетті маңызды ферментті бөлетін безге «Pancreas» дейді. Бұл «тасбақаның жотасындағы тасы, яғни, сауыты» — дегенді білдіреді. Яғни сіздер бездің сыртқы ұқсастығына, оның түріне қарап осылай атағансыздар. Ал орыстарда «поджелудочная железа» дейді. Олар да асқазанның астында орналасқандығы үшін осылай атаған. Екеуі де көзбен көргеніне қарап атау берген. Ал біздің ата бабаларымыз «ұйқы безі» дейді. Себебі бұл без жұмысын тоқтатқан жағдайда, адам комаға, яғни ұйқыға кетеді. Егер ата-бабаларымызда медицина болмаған болса, онда аталмыш бездің комаға себеп болатынын қайдан білген? — дегенімде, ағылшын профессоры үнсіз басын шұлғыды.
— Сосын ген ғылымы дамығаннан кейін ғана ғалымдар түрлі аурулардың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын дәлелдеп отыр. Ал біздің ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз берісіп-алысуға тыйым салған және бұл тыйым әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қазақтар медицинаны білмеген болса, олар ғылым енді ғана біліп жатқан аурудың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын қалай білген? — дегенімде, әлгі профессордың көзі шарадай болып:
— Шынымен де сіздерде жеті атаға дейін үйленуге болмай ма? Бұл ғажап екен. Ғажап! Мынандай халықта «медицина болмады» деуге әсте болмайды», — деді таңданысын жасыра алмай. Ал ана профессор орыс әйел: «Ерсин Турсынханович, я эти моменты не знал» — деп қайта-қайта кешірім сұрады.
Жеті атаға дейін қыз алыспау керек дегенді әр қазақ біледі. Бірақ осы ереже қайдан шықты, қашаннан бастап қазақ қоғамында пайдаланыла бастады?
Жақында әлеуметтік желі арқылы танысқан, Алматылық Камила атты сіңлім салып жіберген, мен көптен қызығып, іздеп жүрген керемет бір кітап қолыма түсті.
Бұл — Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны».
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы кім? Ол — Осыдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген қазақтың ғұлама ғалымы, қараүзген шипагері, қазақтың алғашқы ибн-Синасы, емшіліктің кыры мен сырына жастайынан кызығып, әрі оған кұмар болып, ерте жасынан меңгеріп, бүкіл ғұмырын арнаған шипагер. Өз заманында шипагерліктің биік деңгейіне көтеріле білген. Бұл жолда ол Әл Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние- мүлік, бас құрап, үйлі баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрік етіп, бүкіл өмірін шипагерліктің қыр- сырын меңгеруге жұсаған. Ол адам ағзаларында кездесетін кейбір дерттерді емдеу үшін төрт түлік малға тәжірибе жасап, шипа дарыту амалдарын тапқан.
Өтейбойдақтың «Шипагерлік баяны» төл тәжірибелері жайлы, ұлт медицинасы жайлы ғылымнамалық еңбек. Ол астрономия мен философияны, психология мен этнографияны, ұлттық салт-сана мен тарихты ұштастыра отырып, шипагерліктің мәнін ашқан. Кітапта қазақтың дәстүрлі медициналық тәжірибесі туралы мол мағлұмат берілген. Ол мыңнан астам дәрі түрлерін тоғыстыру арқылы 4 мыңнан астам шипалық шаралардың қолданымын (рецепт беру) ұсынған. Сондай-ақ өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, метал-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің аталуы,500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілуі, бұл еңбектің тарихи-этнографиялық мән-маңызының ерекше екенін білдіреді.
Бұл кітаптың ерекшелігі тілдік қоры өте бай, көнерген сөздер қолданылып, қазақ тілінің қаншалықты бай болғанын көрсетеді. Соңында сөздік қоса берілген. Кітапты оқып шығамын деген адамға сабырлылық пен шыдамдылық керек. Кейбір жерін қайталап оқып, оймен қорытып отыруға тура келеді. Күніне 2-3 парақ ғана оқып, оқығаныңды, зерделеп, ой түйетін шығарма. Бір сөзбен түйіндесем, өзіңнің ұлтыңның қазақ екеніне мақтана алатындай сезім тудыратын кітап.
Ғұлама ғалымның өз сөзімен айтсақ, «Қадірін біліп ұстана білгенге – сөнбейтін шырақ, қадірін білмеске – отбасы аяқпен тозатын тулақ».
«Шипагерлік баян» бүгінгі күнге Өтейбойдақтың ағайын ұрпақтары арқылы жеткен. Кітап уақыттың алуан түрлі зобалаңынан өтіп, мейлінше көлемді мұраның төрттен бір бөлігі ғана бүгінгі ұрпақтың қолына тиген. Қалған бөлігі Қытайдағы атышулы «мәдени төңкеріс» кезінде «хуң уейбиндер» тарапынан өртелген.
Қазактың ұлы ғұламасы, атақты шипагері Өтейбойдак Тілеукабылұлының емшілік жолындағы ауру-сыркауды емдеудің кыры мен сырлары бүге-шігесіне дейін баяндалган атакты еңбегі бүгінгі ұрпаққа баға жетпес кұнды ұлы мұра.
Ұлы шипагер бабамыз «Адамның ауруын дұрыс анықтап, емін дұрыс жасамаса жазылмас бейнет. Дұрыс анықтамай, ем қонбаса соңы ажалмен аяқталмақ» – деген екен. Ол аурудың пайда болуы денедегі сыртқы суықтық пен ішкі ыстықтықтан болады деп ұғынды. Егер ауруға суық тигендігі анықталса ауруды жазудың негізі, оны терлету деп, шөп дәрілерін – апиынды, мияның тамырын және жалбызды беріп терлеткен. Терлеген ауруды қатал бақылаумен жылы бөлмеде ұстаған. Ал, өкпе мен көк жөтел ауруларына ұшырағандарға жас малдың еті мен сорпасынан жасалған күшті, қуатты тағамдар беріп, қымыз ішкізіп және жылқы мен борсықтың майын да ішкізіп емдеген.
«Шипагерлік баян» бұл – медициналық еңбек. Ол өзінің жүйелілігі, кемелдігі, ғылымилығы жағынан осы заманғы медициналық еңбектің қай-қайсымен шендесе алады. Ол ұлы медицаналық еңбек, әрі ғылымнама, тек шипагерлік жағынан ғана емес, ол халқымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, география, этика, мораль, тағы да басқа жақтарынан қыруар білім, мәліметтерді береді.
Жалпы халықтық өнер мектебінен диссертация қорғаған мұндай даналарды жұрт «Тоқығандар», «Оқығаннан тоқыған озады»,-дейді. Шипагер де осындай халықтан тоқыған ұстазсыз ұстаз», -деп жазады доцент, ғалым, Шыңжаң халық баспасының аға редакторы Әзімхан Тышанұлы.
Ғұлама ғалымның кітабында арнаулы өмірбаянын жазбаған. Адамның тұлғалық сипаты мен сыртқы ортаның қатынасын түсіндірген жерінде өзі жайлы былай жазған екен: «Атым Өтейбойдақ, Тілеуқабылдың ұлымын. Ататегім – ұлы жүз Зарман, Зарманның ішінде Албан. Мекенім – Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жананда Жиренше шешен, Жәнібек шешеннің қарашасымын. Жылым –Иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын» (қолжазба, 12-бет). Жәнібек хан – кәдімгі қазақ хандығын құрған Әз Жәнібек, Жиренше ханның шешені. «Жананда» дегені Жиренше шешен ғалымның жан досы екен. Осыған байланысты ғалым бір жайды былай деп баяндапты:
«Былтыр Жиренше шешен сырқаттанып, шипа ем дарым зәруатын дарымдап сауыққан соң, ой тапсырғы (көңіл бөлуге тиісті істер) айтып қайтқалы жатқанда, Жиренше шешенге Әз Жәнібек хан тақай шақырғыш (ерекше шақырушы) жасауылын жіберіп шақыртыпты». Жиренше: «Сен қайда бармақсың, бірге жүрейік»,-деп болмаған соң, «Мен оған ілесіп Ақордаға бардым. Барсам, Жәнібек хан тағында, уәзірлері… екіге жарылып, ортасын бос тастап отырысыпты» (қолжазба, 17 бет). Демек, Жиренше ертіп барған Ақордаға барған ғалым ойламаған жерден Жәнібек ханмен жолығады.
Өзінің ғылымнамалық ұлы еңбегінің жазылуына себепші болған бұл жолғы жолығысуды ғалым толығырақ жазады. Хан Жиреншемен сөйлесіп, одан көп нәрсені сұрайды. Жиренше жауап береді. Ан одан ізде қара үзген шипагер бар ма?»,-дейді екен. «Тақсыр… алдыңызда»,-деп Жиренше ғалымды нұсқайды.
Жәнібек хан ғұлама ғалым, шипагерліктен қара үзіп шыққан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан: шипагерлік жайлы, сырқат қалай пайда болатын жайлы сұрайды. «Қандай ауруды емдеу қиын?», — деп сұрағанда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын. Жеті атаға дейін қыз алысса, қан уылмаға (қан уылу) душар болып, ұрпақтың жарымжан, кемтар болып қалатынын дәлелмен келтіре отырып жауап береді. «Оның алдын алуға бола ма?» — деген ханның екінші сұрағына Өтейбойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан», — деген екен. Аты аңызға айналған емшінің айтқанына тоқтаған Жәнібек дереу хатшыларын шақырып: «Күллі алаш ұранлы бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз болмағы шарты үшін… жеті атаға толмай қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт. «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлығын жаздырып, «алтын мөрін басып», қолма-қол шабарман аттандырып, жарлықты атқаруға уәзір Жарнаманы бұйырады «қолжазба, 54 бет).
Одан соң: «Жарайсың, жарайсың, қараүзген шипагер, қараүзіп шыққан Өтейбойдақ. Көзің тұр шоқша жайнап. Ілме жауап бергің дегізді тұлғаңды, дер қайнама сарқылмас жатқан қайнап»,-деп ғалымды мадақтаған хан: «Үлгіңді титтей де қалдырмай, жасырып-жаппай, бүкпесіз, толық ашып жазып шық. Болғаннан соң ордаға келіп жеке өзіме оқып бер. Қазынада сақтатамын. Қасырқанға (қосқан есе) қарай сыйыңды алып, мәртебеңді илейсің»,-деп уәзірлеріне дереу орындауды бұйырады (қолжазба, 56 бет).
Көшпелі қазақтардың ел билеу заңы Жеті жарғы бойынша да жеті ата ішінде қан араластыру өлімге не ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады. М.Қозыбаевтың пікірінше, «тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол (қазақ-Ж.Ж.) халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді.Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. Алматы: Қазақстан, 1994. 59-б.). Демек, ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген.
Өтейбойдақ бабамыз еңбегін жазуды 75 жасында бастаған екен. Бірақ жазған дүниесін хан қолына тапсыра алмайды. Жәнібек ханға енді тапсырамын деген уақытта хан тұтқиыл шабуылдан қаза табады.
Кітаптың ішіндегі ғылыми тұрғыда өрелі дүниелер жетерлік. Соның бірі – шешек (оспа) вакцинасы. «Шешек ел басына торғай қаққан тарыдай қырғын салған жылы», ел қамы үшін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған шипагер жар құлағы жастыққа тимей, тәжірибе жасай жүріп, ақыры шешек суын табады. Табу жолы қарапайым: «Баланың шешек іріңін алып, тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң, ол жұдырықтай болып томпиады. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, күн тимейтін салқын орынға қойып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сызып қойса болғаны» (қолжазба, 707 бет),-дейді шипагер. Қазіргі медицина бұл ғылымның атасы ағылшын шипагері Эдуард Жаннер, ол 1796 жылы тұңғыш рет шешекке қарсы вакцина егіп, шешек бір шыққапн адамға шықпайтынын дәлелдеді дейді. Бізді таңдандырған нәрсе: қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шешекке қарсы бұл вакцинаны Эдуард Жаннерден 350 жыл бұрын тапқан екен. Бүкіл денесі түгел үсініп, денесінде сулық шыбыны қалған жанды «тұншықтырма» делінетін емдеу жолымен ада-күде жазу да (қолжазба, 303-305 беттер) шипагерліктің бір кереметі. Бұл тәрізді адамзаттың медицина ғылымына қосқан үлес баршылық.
15 ғасырда туып, 90 жас өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ғұмырын «Шипагерлік баянға» арнап, дүниенің қызығын ұмытып, сынақ атаулыны өз басына жасап, талай рет уланып, өлмегеннен басқасының бәрін көрген, ат басындай алтынға көз қырын салмаған, жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаһан кезген, елден көрген-білгендерін саралап түйіндеген, қайраты қайтпас, жігері мұқалмас, ақылы телегей-теңіз, ойы толғамды әрі тиянақты Бойдекеңнің ел-жұртының, болашақ ұрпақтарының мәңгілік кемістік, мүсәпірлік, ғарыптық көрмеуі, азап тартпауы үшін артына қалдырған, растығына шүбә келтірмес ғылыми өресі биік, төл тәжірибенің туындысы»,-делінген кітапта.
Бұл қолжазба жеті рет көшірілген. 1952 жылғы нұсқаның 1968 жылғы аласапыранда өртенгеннен кейінгі қалған тамтығын 1991 жылы Нұртай Түменұлы көшірген екен. 1996 жылы алғаш рет басылып шыққан. Араб қарпінен Керім Елемес пен Дүкен Мәсімханұлы көшірген.
Бүгінде Қытай елінде Шығыс-тибет медицинасы деп жүргеннің негізі осы «Шипагерлік баяннан» бастау алатындығын көбіміз біле бермейміз.
Өз басым ине терапиясын алып, ем алып жүргеніме бес жыл болыпты. Шығыс медицинасының адам денсаулығына әсері жақсы екеніне көзім жеткен жанмын. Және өзім емделіп жүргенімде байқайтыным, көптеген көзі ашық, елімізге танымал тұлғалардың көбі, тіпті медицина саласында жоғары лауазымды адамдар да Шығыс медицина орталықтарына барып, ине терапиясын алып, ағзасын сауықтырып, денсаулықтарын түзеп жүреді.
Шығыс медицинасының Батыс медицинасынан бір ерекшелігі адамның азғасын біртұтас ағза ретінде қарап емдейді. Тамыр ұстау арқылы адамның бойындағы кеселді анықтаған. Тамыр ұстау да қазақ медицинасының бір бөлігі. Өтейбойдақ бабамыздың тексеру әдісі тамыр ұстау болған екен. Ол бұл әдісті білек соқпа тамыры, шеке соқпа тамыры, аяқ үсті соқпа тамыры, шап соқпа тамыры, алқым (мойын) соқпа тамыры деп 5 түрге бөлген екен. Тамыр ұстау – дертті дәл анықтаудың жолы, шипагерлік сараптаманың ең күрделісі болған. Осындай тәсілді меңгерген, бүгінде «Шығыс медицинасы» деп аталып отырған ұлттық медицанамыздың өз елінде кең қанат жая алмай отыруы, бабамыздың еңбегі өз елінде еленбеуі қынжылтады.
Бүгінде Қытай елінде Шыңжаң медицина университетінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» негізінде қазақ медицанасы зерттеліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ұлт медицанасының негізін қалаған, халық денсаулығына пайдасы мол «Шипагерлік баянды» елімізде жан-жақты зерттеп, ғылыми диссертациялардың негізіне алып, медициналық оқу орындарында оқытылып, халық игілігіне жаратсақ, бес ғасыр бұрын халқының қамын, ұрпағының денсаулығын ойлап кеткен бабамыздың еңбегі еш кетпес пе еді.
Әйтпесе, «…қадырын біліп ұстана білгенге қанғысыз бұлақ, білмегенге отбасы ошақ қасында жатып тозатын тулақ» деп, өзі айтып кеткен сөзі асылдың қадірін ұқпай жүрген біздің салғырт күйімізді дөп басып тұрғандай.
Шәкен Тұрар Сәттарқызы