Ел іргесі сөгілмесін, жазықсыз жапа шеккендерге бостандық!
Бұл жолы ана ретінде елге басу айтып, билікке тасынбауды өтінемін. Бұл жалған дүние өтеді де кетеді. Патша болсын, қара халық болсын артында жақсы амалы қалғанға не жетеді?!
Артыңнан лағнет жаудырып, қарғыс айтып жатса, қабірінде пенде байғұс жайлы жата алмас. Қара жер бай деп, кедей деп алаламайды. Кезегімен жұта береді. Сондықтан халықты сабырға, билікке халықты тобыр деп қарамауға шақырамын. Дәл қазір елдігіміз бен бірлігімізді сақтап қалатын кезең туды. Сыртымыз анталаған жау, елдің іші толған дау… Міне, шерулеткен шерменде елдің билікке датын айтқалы да бір айдан асып барады. Бұл енді қаншаға созылмақ? Жазықсыз жапа шеккендерге кім араша түспек? Түрмеде зәбір көріп, зар жылап жатқандардың обалы кімге? Менің айтайын дегенім, қызбалықпен шеруге шыққан жастарды босататын уақыт жетті. Әлеуметтік желіге қарасақ, кінәлі адам жоқ секілді. Бәрі сүттен ақ, судан таза. Алайда жел соқпаса, шөптің басы қимылдамас. Шындықтың жүзіне тура қарайық, кінәлілер, жазықтылар бар екені анық. Кінәлілер қылмысы дәлелденсе, жазасын алсын. Әйтсе де мойындатамын деп ұрып-соғу, қабырғаларын сындыру, бастарын жару, арқаларына ыстық үтік басу – ақтап алуға келмейтін қылмыстың сұмдық түрі ғой. Жаныма бататыны, халықтың ашу-ызасына тию, намысын қамшылай беру – жақсылыққа апаратын қадам емес. Билік пен халықтың арасына онсыз да сызат түсіп, аражігі ашылып, сенімсіздік ұялаған қазіргі қоғамда, шыдамдылық деген бәйтерек – аппақ қамысқа ұқсап тұр. Ұшқын тисе лап ете қалудан тайынбайды. Әлемдегі ең бауырмал, ең ақкөңіл, ең жанашыр қазақ деген халықтың бір-бірімен жау болып, бір-біріне қату қабақ танытуын ақтап алу қиынның қиыны. Сонау орыс қатын патшаның «Сексеуіл саясатын» солтүстіктегі көршіміз әлі күнге ұстанып отырғандай әсерге бөлейді. Олардың жымысқы саясатын қазақ билігінің түсінбеуі қалай?
Сексеуіл балталауға келмейді, аралауға көнбейді. Тек оны бір-біріне ұрып қана сындырады. Тап осы саясат дәл қазір жүзеге асып жатқандай көрінеді маған. Мына түрімен аз қазақ бірін-бірі қырып бітетін болды ғой. Айналайын, ағайын, айналайын билік, ел боламыз десек, біріміз отбасымызға, екіншіміз «шаш ал десе, бас алатын» әскерлерге, полицейлерге ие болайық.
Бүгінгі еліміздегі белең алған оқиғалар адам шошырлық деңгейде жүріп жатыр. Бізді он орайтын, бізден экономикасы жүз есе артық, жері де ұлан-ғайыр, саны қисапсыз мемлекеттер жер бетінен жойылып кеткенін естен шығармайықшы. Олардың түбіне жеткен тап осындай ішкі қырқыстар мен сыртқы жаулардың «айтағы». Дәл бүгінгі кейіпке қарап тұрып қазақтың да жер бетінен жойылып кету қаупі басым. Ақылға келейік, ағайын! Тыныш болсын маңайың! Жаңа қазақ, дана қазақ, сақалды қазақ, сақалсыз қазақ болғанымыз аздай, дініміздің дүмшеленіп бөлінуі, бір үйдегі ата мен баланың, ана мен қызының кикілжіңі, шала қазақ пен дара қазақтың тайталасы үдеп тұр. Әкені ұл тыңдамай жүр, шешені қыз ұға алмай жүр. Билігің орысша, халық қазақша сөйлеп, екі қырдың басында тұрғандай бірінің айтқанын бірі түсінбесе, болашағың қалай жарқын болмақ, қалың елім, қазағым?! Мұның бәрі 30 жыл бойғы идеологияның құлдырағанының жемісі, ұлттық құндылықтың ұрпақ бойынан жоғалуға айналғанының көрінісі! Бұған билік қана емес, ұлт болып ұйысудың орнына бас-басына би болуға ұмтылған өзіміз де кінәліміз!
Еуропарламенттің уәжі, Англия жемқорлардың тізімін жариялады
Мені қатты ойландырып жүргені, кешегі халықтың толқуына әлі күнге дейін әділ баға берілген жоқ. Берілмек түгілі қудалау жалғасып, ел-жұрт жағасын ұстап жүр. Бұл нені білдіреді? Биліктің халықты аяусыз жаншуын ба, қайта бас көтере алмастай қашуын көксеп жүр ме? Егер осындай пасық ойы болса, билік қатты қателеседі. Халық алмас кездік секілді. Керек жерінде осып та өтеді, кесіп те кетеді. Күшпен басуға көнбейді, қиянатқа төзбейді. Осыны ерекше ескерткім келеді. Кеше ғана Еуропарламент Қазақстанға қарсы ащы пікір жариялады. Елбасының бүкіл есіл еңбегін жоққа шығарғандай қаулы қабылдады. Президент Қ.Тоқаевқа да сес көрсетіп қойды. Осыдан-ақ көп нәрсеге көз жеткізуге болады емес пе? Елдегі кейбір басбұзарлықтар мен шолақ белсенді биліктегі шабармандардың іс-әрекеті, жазалау түрлері, жазықсыз атылған адамдардың бейнелері – Еуропарламенттің өзін шошытып отырғаны байқалады.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін мемлекетте түрлі саяси оқиғалар тізбегі болды. ҰҚК төрағасы Мәсімов бастаған шенеуніктер мен әскери тұлғалар қамауға алынды. Үкімет ауысып, қала әкімдерінің біразы жылы орындарын босатты, ал Еуропа елдері Қазақстанды айыптап, «санкция саламызға» басып жатыр. 3 ақпан күні Ұлыбритания парламенті Қазақстан мәселесін қарастыра бастады. Анығы жемқорлыққа батқан Қазақстан олигархтары жайлы сөз болды. Сөз соңын «санкция салу керек» деген ұйғарыммен аяқтады. Арнайы тізім де бар екен. Оған 28 олигарх еніпті, басым бөлігі Нұрсұлтан Назарбаев кезеңінде байлыққа кенелгендер екен. Енді оларды Лондон жемқорлықтың былығына батқандар деп отыр. Ұстараның жүзіндей, жалт-жұлт еткен беу дүние деген осы-ау!
Маргарет Ходж баяндамасында кімдерді атады: Нұрсұлтан Назарбаев, Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаева, Дариға Назарбаева, Қайрат Шәріпбаев, Нұрәлі Әлиев, Кәрім Мәсімов, Айгүл Нұриева, Владимир Ким, Камила Ким, Эдуард Огай, Кеңес Рақышев, Сауат Мыңбаев, Александр Машкевич, Патох Шодиев, Болат Өтемұратов, Болат Назарбаев, Ахметжан Есімов, Ғалымжан Есенов, Қайрат Боранбаев, Александр Клебанов пен ұлы Яков, Бауыржан Байбек, Марат Бекетаев, Әлия Назарбаева, Айдан Кәрібжанов, Қайрат Сатыбалды, Самат Әбіш осылай жалғаса береді. Сіз кімді қосар едіңіз? Әлеуметтік желі деген осы. «Айшылық алыс жердегі» жаңалықты жеткізіп, қанды оқиғаларды көз алдыңа әкеледі. Көрмей-ақ сараптама жасауға, шешім шығаруға мүмкіндік береді. Себебі ағылған ақпараттық ресурс көп. Құдайшылығын айтайын, Тұңғыш президенттің ерен еңбегі тарихта қалады. Жақсы менен жасықты екшелейтін ұрпақ өсіп келеді. Солар әділ бағасын береді. Елбасының ең басты қателігі тапжылмай 30 жыл отыруы, жемқорлыққа жол беріп, маңайына сенбей қалжырауы! Бір жерде тұра берсе, су да сасиды, борсиды. Дос пен дұшпанды ажыратудан қалады. Тап сол кепке түсті емес пе қазір?
Содан кейінгі кемшілігі: мақтанға елтіді, одаға «семірді». Туған-туыстары, тамыр-таныстары ел байлығын тонады, бірін білді, бірін білмеді. Кәрі адам да бір бала секілді аңғал келеді емес пе?! Шалды солай Құдай ұрды. Елдің байлығын иеленіп алғандардың қаржысына «бұғау» салынуда. Оның халыққа жасаған жақсылығы мен қиянаты безбенге түсер күн де таяу… Бүгінгі президент Қ.Тоқаев осылардан сабақ алса деймін. Өйткені Қ.Тоқаевтың қасына да жағымпаздар мен жалтақтардың «отау» тіге бастағаны байқалады. Олардың дауысы да әрегідік жаңғырып естіліп тұр. Бәлкім солардың дауысының «жаңғырығынан» кейін, «Сіз ұлысыз, кемеңгерсіз, бағытыңыз дұрыс» деген мақтауынан кейін Қ.Тоқаев мырза да елдегі түйткілді мәселелерден хабарсыз отыруы мүмкін. Негізі жанашыр адам, сенімді серік, президентпен болашағын бірге көргісі келетін шенеунік – халықтың бүгінгі күйін, жазықсыз оққа ұшқан адамдардың қасіретін Ақордаға ашық жеткізуі тиіс! Халықтың алғысын емес, қарғысын арқалаған биліктің ертеңі бұлыңғыр, келешегі қараңғы! Бұл тақ деген – алдамшы. Халық мәңгі! Ақылды басшы осыны әрдайым есте ұстауы керек.
Депутатымыз көп, ал сапасы сын көтермейді
Қазір халық әлеуметтік желінің «батыры» болып алды. «Ананы сайла», «Бәленшені құрт» деп пәрмен беруге шебер. «Жасаған еңбегін, атқарған қызметін, халыққа сіңірген жақсылығын» сараламай-ақ шешім айтуға қандай хақың бар сенің? Петиция «ұйымдастыруға» да үйреніп алдық қазір. Мұның бәрі «Еститін Үкіметтің» әлі қалыптаспағанын көрсетіп тұр. Иә, ашынған халық арыз-шағымын әлеуметтік желіге жүктейді. Себебі билікке сенім кеткен. Шенеунікке өкпе қара қазандай. Қазіргі қазақтың кейпін айтайын: әбден күйзелген, кедейшіліктен жүдеген, жемқорлық әбден діңкелеткен. Көздерінде от болғанмен, болашаққа, билікке зор күмәнмен қарайды. Еуропарламенттің Қазақстанға шүйлігуін, байлығын талан-таражға салғанын, кешегі сенген шенеуніктердің – «қой терісін жамылған қасқыр» болып шыққанын көруден өткен азап бар ма? Сондықтан халыққа кінә артуға болмайды. Бабаларым-ай, неткен әулие едіңдер: «Қазынаның пірі – қанағат, қанағаттың жауы – құлқынға түскен алапат! Қанағатты қойып – алапатқа ілескен – кесапат» дегеніңнің мағынасын енді түсініп жатырмын. Қазақты «мың өліп, мың тірілген» дейміз әспеттеп. Осы тәуелсіздіктің 30 жылының өзінде бұл қазақ «Мың өліп, мың тірілді» емес пе?! Бір ғана Жаңаөзеннің ашылмаған құпиясы қаншама? Оған кешегі шерудегі шерлі жұрттың нақақтан оққа ұшып, «көкке ұшқанын» қоссаңыз, қаншама самайдың ағарғанын, қаншама үміттің көздерден бұлбұл ұшып жоғалғанын санамаласаңыз, ертеңге деген сенімнен жұрдай боларыңызға кәміл сенемін! Қазір бізде ілгері басу емес, кері кету процесі жүріп жатқандай. Елдің сеніміне кіру мен сенімінен айырылу бір-ақ сәт.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «депутаттардың айлығы енді өспейді. Бес жылға мораторий» дегені де «сасқан үйрек артымен жүзедіге» келеді. Депутаттар аларын алып, басарын қалталарына басып қойғалы қашан? Олардың айлығына қарапайым халық ешқашан жете алмас. Одан кейінгі мәселе депутат дегеннен шығып кетіп отыр, біздің мемлекетке қос палаталы Парламент қажет пе? Үнсіз отыруға үйренген, тетікті басып қалуға төселген, өз ойы жоқ, бірақ қарыны тоқ депутаттардың көптігінен халыққа не пайда? Елдің үнін тыңдағыларыңыз келсе айтайын, депутаттар саны қысқартылсын! Оларға кеткен қаржыны ауыл мектептеріне жұмсау керек! Әлемге көз салайықшы: Азуы алты қарыс АҚШ-та әр миллион адамға шаққанда – 1 депутат, Ресейде – 3 депутат, Қазақстанда – 9 депутат. Қайран халықтың есіл ақшасы-ай желге ұшқан! Оны аз десеңіз халық сайламаған, партиялық жүйемен кірген мәжілісмендер ел алдында абыройдан жұрдай. Ал анау Ассамблея деген ұйымнан кірген 9 депутатты кім таниды?
Осындай беделі төмен, бас шұлғуға шебер депутаттарды тілге тиек еткенше, қайта «қарапайым халықтың айлығын көтерейік. Оларды алға жетелейік» дегенде, жұрт «жалп» ете қалмаса да, «жалт» қарайтыны анық еді. Жалпы халықшыл болудың артықшылығы да сонда емес пе?!
Орыстың тілі әлемдік тіл емес, әлемдік тіл – ағылшын!
Халыққа басу айта отырып, «Халқым, саған айтам, Президент, сен тыңда!» деуге мәжбүрмін. Өйткені ел Президенті мемлекеттік тілде емес, көршінің тілінде сөйлеуді әдетке айналдырып жүр және оны маңындағылар әлемге түсінікті тілде деп халыққа тәпсірлеп әлек. Айналайындар-ау, бұдан асқан сорлылық, бұдан асқан кіріптарлық, бұдан асқан бейшаралық бар ма жер бетінде?! Сіздер айтып отырған әлем қайсы? Жапония ма? Олардың орысшаңа түкіргені бар. Бәлкім Америка мен Англия шығар? Олардың жалпақ тілі ағылшынша. Мүмкін Германия мен Түркия болар? Бұл екі ел орыс тіліне ешқашан мұқтаж болып көрген емес. Енді кім? Сіздер айтып жүрген «әлем» кешегі кеңестің шекпенінен шыққан елдер ме? Олардың да ешқайсысы дәл қазақтардай орыс тіліне бас иіп көрген жоқ. Анау Өзбекстан мен Түрікменстаның, Қырғызстан мен Азербайжаның да Ресейден іргесін аулақ салып, өз қотырларын өздері қасып отыр. Президент Қ.Тоқаев мырза мынаны білгені дұрыс. Қазақ халқының өміршең президенті болып қаламын десе, өз ұлтының тілі мен дініне, содан кейін діліне басты назар аударғаны абзал. Сонда ғана ұшпаққа шығады. Әйтпесе тері мен еттің арасындағы желдей ісініп, бір күні көзден ғайып болады. Артында не жақсы ісі, үлгілі әдеті, мейірбан болмысы қалуы неғайбыл? Тіл – ұлтты ұйыстырушы құрал. Президент Қ.Тоқаев қазір Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеймін деп халқынан алыстап барады. Жуырда президент Қ.Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерінің негізгі қателігін мойындады – «Билік ақпараттық алаңда жеңілді», азаматтарға түсіндіру жұмысы дұрыс өтпеді деді. Демек ақпараттық алаңда ұтылған билік саяси алаңда да жеңіледі. Енді сол қателікті орнына келтіру үшін әкімдер, министрлер халықпен кездесіп, қазақша сөйлесуі тиіс. Сонда ғана жағдай бір қалыпқа түседі. Менің айтарым, митингілер қазақ тілінде, ал жиналыстар орыс тілінде жүретін елде қақтығыстар бола береді. Екеуі бір тілде сөйлегенде ғана тіл табысуы мүмкін…
Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік айтты дейтін әңгіме бар: «Саясатта біз ұлттық мүдде мен ұлттық мұратқа ұдайы басымдық беруіміз керек! Өзгелері күте тұрады» деген. Біздің Президент осы жолды ұстануы керек. Ұлттық мүдде қазақты бір арнаға тоғыстырады. Басқасының бәрі бекер. Қазақ билігі халықты тыңдайтын болса, елдің қазіргі бар тілегі: шеруден кейінгі шерменде тірлікті тоқтатуды сұрайды. Әлеуметтік желінің беті жазықсыз жапа шеккен жұрттың зар-наласына толы. Видео-роликтер мен Youtube каналдар жараланған жастар мен мерт болған сәбилердің көз жасына тұнып тұр. Бейбіт шеруге шығамын деп, бейберекет қуғындауға ұрынған адамдар түрмелерде толып жатыр. Олардың көріп жатқан қорлығы мен зорлығын ауызбен айту мүмкін емес. Кешегі фашистердің өзі тұтқындарды дәл бұлай азаптамаған шығар. Мергендердің оғы қақ маңдайдан тиіп шейіт болғандар қаншама? Мұның бәрі сұраусыз кетпес, шындықтың беті ашылар. Сонда қарабет болғандардың сапында ел Президентінің болғанын қаламаймын өз басым. «Өз ауылыңның арландарын құртсаң, өзге елдің иттеріне таланарсың» деген тәмсілді басқа емес, ел үкіметі назарда ұстаса деймін.
Тағы бір айтатын мәселе, билік митингтерді болдырмаудың жолдарын іздеп, түлкібұлаңға сала бермей, осындай жиындарға жол аша беруі керек. Одан қорқатын еш нәрсе де жоқ. Мысалы Алматыда өткен Досаевқа қарсы митинг соны анық дәлелдеді. Неғұрлым қоғам өкілдері жиі шығып осылай сөйлеп тұрса, соғұрлым саяси градус та азаяды. Парадокс, бірақ ол солай. Буырқанған буды шығаруға мүмкіндік беріп тұрса, халықтың ішіндегі ашу да тарқайды. Бұл бір. Екіншіден, осындай жиындарда айтылған ой-пікірлердің 90%-ы түкке алғысыз болса да, қалған 10%-ы билік өз қажетіне жарата алады. Бұндай митингтерді жаулардың, билікке қас топтардың пиғылы емес, ортақ іске жаны ашығандардың жиыны деп қабылдаған абзал.
Қазіргі Қазақстан білімді адамдардан кенде емес. Сосын еліміздегі кемшіліктер мен келеңсіздіктер білімсіздіктен емес, ұлтты сүймегендіктен, жеке басының мүддесін халықтың мүддесінен жоғары қойғандықтан екенін ұмытпаған абзал. Қай салаға болса да, алдымен ұлтжанды азаматтар қажет. Тілін, дінін, салт-дәстүрлерін сыйлайтын жандар керек. Қазақ аз. Сапа да онша емес. Бір-бірімізді жүндей түте бермей, принципке қараған да дұрыс. Бұл – халық дұшпандарына жауырды жаба тоқу, көрмеген болу деген сөз емес. Билікте қан жылап жүрген жігіттер бар… Соларды босқа күйдірмей, қолдап, оларға мүмкіндік беру керек…
Халқым, саған айтам, Президент, сен тыңда!
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринге айтар датым бар, халықпен санасуың керек, бауырым, балам! Қаңтар оқиғасына қатысты «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына сұхбат беріпсің. (Сілтемесі:
Тыңдап шықтым. Өзгеріс жайлы жақсы айтыпсың. Өзгеріс керек-ақ. Әлем өзгеруде. Адам баласы да өзгеріске түсуге даяр. Бірақ қалай өзгермек? Өзге емес өзіміздің қазағымыз өзгерісті қалай қабылдап жатыр? Сұхбатыңыздың бір жерінде «Әлеуметтік желіде Президенттің «Жаңа Қазақстан» саясатын қолдаушылар көп депсіз. Сол әлеуметтік желіде бізде отырмыз. Ол жердегі халықтың жалғыз-ақ мақсат-мұраты бар қазір. Жазықсыз таяқ жеп, нақақ қамалғандарға араша түсу. Оларды жалған айыптаулардан құтқару. Ерлан балам, «Жаңа Қазақстан» болуы үшін оның басты шарттары орындалуы керек. Бізде бұрынғы сарынға еліту жалғасып жатыр. Жол үстінде келе жатып мынадай бір сұхбатқа куә болдым.
Сілтемесі:
«Халықты атқанға кім кінәлі?» деген сауалға, «Оған президент Қ.Тоқаев пен мемлекеттік хатшы Е.Қарин кінәлі емес. Оған анау атқан адамдар, лаңкестер кінәлі» дейді. Қызық. Күлкіңді келтіреді. Онсыз да шаршаған халықты алдамау керек. Шындық айтылуы тиіс! Байқауымша Ерлан балам, сен өзіңді қолдайтын, сөзіңді сөйлейтін адамдарды жиі қабылдап жатырсың. Ол дұрыс емес. Жаны шырылдаған, өзегі өртенген адамдармен сұхбаттас, мықты болсаң! Жазушы Рахымжан Отарбаев ағаңның: «Қызмет – қолдың кірі, саясат – беттің кірі» дегенін жадыңнан шығармашы, айналайын! Өзгерісті биліктен күткен. Себебі 30 жыл бойы мақтан мен мадаққа құрылған, ода айтудың «сардарына» айналған, жемқорлықтың тамырына қан жүгірткен шенеуніктер жазасын алар, Үкімет жаңарар деген үміт те көкке ұшты. Жаңа Президенттен жаңашылдық күткен халық – «ескіні» есіркеген, баяғы кадрларды «өсірген» Қ.Тоқаевтың бастамасына таңырқай қарағаны рас. Бірден айтайын, жаңа кадр жоқ деп ақталуға жол жоқ. Ел ішінде халықтың жағдайын көріп жүрген, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар баршылық. Неге солар билік басына келмеске? Мысалы білікті маман Мұхтар Жәкішовты «бауырға» неге баспасқа? «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» демей ме қазақ?! Белгілі экономист Мұхтар Тайжан кімнен кем? Үнемі халықпен бірге жүретін, ащы ойларын ашық айтатын Арман Шораев тақияға тар келе ме? Айта берсек, халықтың арасында жүр ғой небір марқасқалар… Қазір ғаламда ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Ашық. Айқын. Аямайды. Оны күнде көзімізбен көріп отырмыз. Мысалы елден түрлі жолмен қашып кеткен Мұхтар Әблязов пен Әкежан Қажыгелдин билікті сынап жатыр. Сынап та келген. Интернет заманы, биліктен түңілген халық солардың «Жұмақ орнатамыз» деген сөздеріне сеніп қалмасына кім кепілдік береді? Халықтың күні кеше шерулетіп көшеге шығуына олардың ықпалы болмады деп кім айта алады? Қазақ билігіндегі кадрлар ұлттың жоғын жоқтаса, жемқорлықтың батпағына батпаса, бірін-бірі мақтап одалатып жатпаса мұның бірі болмас па еді? Халықтың сенімінен айырылудан асқан қайғы жоқ. Сенімге қайта кіру үшін біраз тер төгуге тура келеді…
Демократияға жол ашық деп жар салып жатырмыз. Онда Украинадан еліне оралған Ермек Нарымбаевты тұтқындауға жол болсын. Ол да бір айтары бар, Назарбаев режиміне қарсылық танытып, шетел асқан бір ұлымыз емес пе?! Тарих бетінде халқына оқ атқан Президенттердің оңғаны жоқ… Оқ атудың артында үрей мен қорқыныш жатыр… Елді күшпен басамын, қарумен қорқытамын деу – жеңіс емес, жеңіліс! Енді президент те, үкімет те бейқам отырмауы тиіс. «Жау жоқ деме, жар астында». Ол үшін халықпен санасып, әлеуметтік мәселелерінің тезірек шешілуіне күш салса, ана ретінде, соған бірінші болып мен қуанар едім. Қит еткенге көшеге шығу әдет болып кетсе, ол жақсылық емес. Қазақ билігі сын сағатта тұр. Не бүк, не шік дейтін кезең бұл.
Ел ішінде шікірейген шенеунік көрсе, Назарбаев командасы, Қ.Тоқаевтың жақтастары деген қауесет айтылады. Қарап отырсақ, президент Қ.Тоқаев та Назарбаевтың «өнімі». «Қарға қарғаның көзін шұқымайтынын» осыдан-ақ біле бер. Әйтсе де президент Қ.Тоқаевтың Н.Назарбаевқа арқа сүйеп шексіз байыған, ойларына келгенді жасаған олигархтарды шеттетіп жатқаны байқалады. Бұл оларға ескерту тәрізді. Әйтпесе оларды тұтқындауға негіз де, дәлел де жеткілікті. Иен байлықтарын халық меншігіне өткізуге де мүмкіндік туып тұр. Бірақ Президенттен ондай батыл қадам көре алмай тұрмыз.
Иә, билік қазір жанталас үстінде. Қайтсек орнымызды сақтап қаламыз деп алпарысуда. Қайтсек тұрақтылық орнатамыз деп жанұшыруда. Жиған-тергендерін де сақтап қалуға күш салуда. Қарапайым халық күйзеліс үстінде. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы! Қымбатшылық елдің еңсесін езіп, қытымыр қыспен бірге жауратып тұр. Сөйтіп ашу қазанын қайнатып тұр.
ТҮЙІН: Халық билікке, билік халыққа арқа сүйесе ғана даму болмақ!
Елдегі жағдайды көзбен көріп отырғасын ана жүрегі құрғыр шыдамай кетеді. Менің мақсатым, қауіп барын ескерту ғана. Елдің мұңын билікке жеткізу ғана. Бауыржан Момышұлы атамыз «Жұдырықтай жүрекке кір жинамай, нұр жинаңдар» деп кетіпті. Қайран елім, бізге ынтымақ пен бірлік керек. Бізге кек емес, бауырмал жүрек керек. Жер біздікі, ел біздікі. Анталаған жаудың көздегені іргемізді шайқалту, тірлігімізді ойрандау. Ашу орға жығып жүрмесін, халқым! Бөлінгенді бөрі жейді. Қазір қазақты бөрі емес, өзін-өзі жеп жатыр. Менің бұл айтқанымды билік те ескеруі тиіс. Барикаданың екі жағында халық пен билік енді қанша тұрмақ? Бұлай жалғаса берсе «Жаңа Қазақстанға» емес, күл-қоқысқа айналған Қазақстанға айналу түк емес. Қазақты қақырата келген қаңтар, жазықсыз жандарды қанға бояп ол кетті. Қудалау мен азаптауларды арқалап ақпан келді. Ақпанда ақиқатқа жете алмасақ та, наурызда халық билікке бурадай шабынып қатаң талап қоятын анық. Сәуір болмай, тәуір болмайды деген қазақ емеспіз бе? Тоқаев, Путинге емес, қазақ халқына арқа сүйесе ғана тұрақтылықты сақтап қала алады. Қазір елдің саяси сауаты өскен бәрін біліп, көріп отыр. Ешкім қорқытып халықты тұншықтыра алмасы анық. Қазақтың бар байлығын тонаған, 162 адам Қ.Тоқаевтың құлдырауына күш салары анық. Өйткені олар беттерін аймаңдай қылған Президенттен кек алуға тырысуы да мүмкін. Бұл да саяси ойындардың бірі ғой. Қазақтың сенгені құдай ғана, ал Тоқаевтың билікті сақтап қалуына халыққа айтатын, іске асыратын шындығы ғана көмектеседі.
Ел арасында жүргендіктен, ащы сындарды, ашынған елдің жанайқайын да естимін. Соның бірі мынаған саяды. «Өз баскесерлерін заңды жауапкершілікке бермейді билік. Неге десеңіздер, олар сол баскесерлердің арқасында билікке қол жеткізді. Биліктегілер өз халқын құбыжық қылып көрсетіп өз баскесерлерін батыр қылып көрсетуге тырысуда. Халық ешқашан шындықты жүзеге асыра алмайды. Шындық пен әділдік сұрағандар биліктің жіберген бас кесерлерінен жазасын алады. Биліктегілер сөйтіп халықты қорқынышта ұстағысы келеді. Халық әлі білмейді, нақ кімнің төңкеріс жасағысы келгенін, әлде жасағанын. «Халықтың қанын төгіп билікке келгендер өз қылмысын әшкерелеп мойнына жауапкершілік ала ма?» деп жатыр әлеуметтік желіде шулаған жұрт. Ауыр болса да шындық осы!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні өткен Мәжіліс отырысында азаматтық қоғаммен және сарапшылармен арадағы диалог негізінде саяси реформалардың жаңа топтамасы әзірленеді деп мәлімдеген болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысы наурыз айының ортасында халыққа Үндеу жариялауды жоспарлап отыр екен. Бұл үндеуде реформалардың негізгі бағыттары мен қоғамды саяси трансформациялауға бағытталған аса маңызды шаралар аталмақ. Бар үмітіміз сол үндеуде. Ал тағы да шикі үндеу болса, онда не боларын білмейміз. Қалай болғанда да шындықты қақыратып айтар кез келді. 8 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. «Жаңа Үкіметтің алдында еліміздің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – үлкен маңызды міндет. Сондықтан оны басымдықтардың бірі ретінде қарастыруымыз қажет. Жоспарланған реформаларды жүзеге асыру және инфляцияны төмендету – басты міндеттердің бірі. Ең бастысы – біз азаматтардың табысын арттыруымыз қажет, – деді Тоқаев. Иә, «Жақсы сөз жарым ырыс». Қалың ел де алдағы күндерден жақсылық күтіп отыр. Тек сол көзайым күндерге тезірек жетсек екен. 30 жыл бойы халық – жақсы сөздерге жан семіртіп келді. Енді нақты істердің жүзеге асқанын көруді жазсын!
Халықтың аманатын арқалап, еланасы болып қолыма қаламды серт ұстағасын биліктен талап етерім, бейбіт шеруге шығып, өз талап-тілегін жеткізген халықты қудалау тоқтатылсын! Жазықсыз жапа шеккендер мен қазаға ұшыраған отбасылардан кешірім сұралсын! 20 000 мың лаңкестің жай-жапсары ашық айтылсын!