Бүгінгінің идеал бойжеткені қандай болуы керек?
Сенің соңғы аялдамаң!
Алайда, «Қыз мұраты – кету» дегендей, бойжеткеннің түбінде табан тірейтін аялдамасы – бір әулеттің келіні болу. Ал өнегелі келінді анықтаудың қаймағы бұзылмаған бір қағидасы бар. Барған жеріңде тамақ істеп, ыдыс жуып, қамыр жая алмасаң – алтын белгің мен қызыл дипломыңның көк тиындыққұны жоқ. Ата-енені сыйлау үшін ағылшын тілін білудің, күйеуіңе бойсұну үшін магистратураны бітірудің, дастарқан жайып, туыстарыңды риза ету үшін компьютерді меңгерудің қажеті шамалы. Жо-жоқ, бұл өзіңді дамытпа, оқыма деген сөз емес, әрине. Тек мұның негізгі нәрсе емес екендігін нұсқағымыз келді. Қыздың құны ибасы, ары, пәктігі, дүниеге әкелетін ұрпағының саны, сапасымен өлшенеді. Ақын жігіттеріміздің бірі болашақ жарын былай деп сипаттайды:
«Барлығынан жоғары, ар биігі.
Ибалы өссе, әжесінің әлдиі еді,
Атасының айтқанын тыңдап өскен,
Қыз іздеймін, көркем мінез, тәрбиелі.
**
Қыз іздеймін, шаруасын білетұғын,
Кеш жатып, ерте тұрып жүретұғын.
Апта сайын ағайынның басын қосып,
Самаурыннан шәй құйып беретұғын…» (Рысқали Бейсенбай).
Ал ардақты Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қандай әйел ең жақсы болып табылады?» деп сұралғанда: «Күйеуі оған қарағанда, ол оны қуантатын; ол оған әлдебір нәрсе бұйырса, оған мойынсұнатын; және оның өзінен немесе оның мүлкін жаратуында күйеуіне бір нәрсе ұнамаса, оған қарсы келмейтін әйел» деп жауап берген (Ахмад, Нәсаи). Иә, салихалы әйел – көп кітап оқыған, бір ұйымды басқаратын жан емес. Тағы бір хадисте ер азаматты бақытты ететін үш нәрсенің бірі – оған қарағаныңда қуанышқа бөлейтін әйел делінген. Жарының «КӨЗ ҚУАНЫШЫ» болу – үлкен еңбекті талап ететін шың. «Не ексең, соны орасың» деген тағы бар. Яғни, сенің қандай келін яки әйел болатындығың – бүгін қандай бойжеткен екендігіңе байланысты. Заман көшіне, қоғам айдынына сапалы, саналы ұрпақты қосу. Еріңе сүйеу, отбасыңа жылу, әулетіңе үлгі болу. Өзіңнен кейінгі ұрпақтың тәрбиешісі болатын келінге ұстаз, немереге жол сілтер ақылгөй әже атану. Міне, қыз баласының карьерасы, бағындырар белесі осы. Мұның басында – бейнетті, барынша пайдалы іспен суарылған жастық шақ тұр.
Төменде біз топтастырған қасиеттерді, шеберліктерді, іс-амалдарды әжеңіз, анаңыз, жеңгеңіз айта бермеуі мүмкін. Және мұны айтқан тілдің, жазған қолдың иелері де идеал адам емес. Ақыл ойдың алыбы болған Абай «болмасаң да, ұқсап бақ» деген. Біздің ниет – келешекте еліне қорған болар егеулі найзадай ұлдардың болашақ аналарына аздаған ой салу, бәрін болмаса да, бірін меңгеруге құлшындыру еді. «Айтылмаса, сөздің атасы өледі» дейді. Мұны кезінде бізге айтатын жандар болмады, «ештен кеш жақсы» деп енді ғана түсінген жайымыз бар. Алла қаласа, сіз де мұны өзіңізден кейінгі сіңлілеріңізге жеткізерсіз…
Салихалы әйелді қалыптастыратын 15 амал
1. Әйелдің де, еркектің де өмірлік мақсаты – Раббысына қайырымды құл болу. Және дін дегеніміздің өзі – Аллаға жасалатын құлшылық пен адамдарға жасалатын жақсылық. Алланы таныған өзін де, адамдарды да тани алады. Алламен байланысы түзу болғанның өзгелермен қарым-қатынасы түзеледі.Жүрегінде иманы, амалында намазы, аузында дұғас бар жан өмір жолындағы кедергілерден оңай өтеді. Өйткені, оның көмекшісі – әлемдердің Раббысы. Ісіңнің басын барлық істің Иесі болған Жаратушыңа жақындаудан баста.
2. Иман – игі жардың басты өлшемі. Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелді дініне қарап таңдаудың ең абзал амал екендігін айтып кетті. Аллаға деген махаббат пен қорқыныш, Жәннатқа деген құлшыныс өзге түгілі өзіңді де таңғалдыратын ізгі істер жасауыңа себеп болады. Әрдайым иманыңды аялап, күшейтіп, отыр. Иман күнәмен кемиді, біліммен, құлшылықпен артады.
3. Тақуалық – адам мен Алланың арасындағы қарым-қатынасты дұрыстаса, көркем мінез – адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Жақсы әйел болғысы келген адам үшін көркем мінез ауадай қажет. Көркем мінез – өзінің құқықтары тапталып жататын болса, сол нәрсеге кешіріммен қарау, өз құқығын өзгеден талап етуде шектен шықпау, ашуланбастан кешіріммен қарау, басқалардың хақыларын өтеу барысында өзгенікін өзінікінен артық қою. Кірген жерін жайнататын, көңілге қуаныш пен рахат сыйлайтын, шыққан кезде артында «жұпар иісі» қалатын гүл секілді бола алсақ қой… Бұл мінезі көркем, ісі ізгі, сөзі асыл адамның қолынан келеді. Ал мұндай дәрежеге жеткісі келген адам өзін Алланың сөзі Құранмен, діні Исламмен тəрбиелеп, Пайғамбар сүннетіне құлақ асып, Аллаға алақан жаюдан шаршамауы тиіс.
4. Үлкенді құрметтеу – әрбіріміздің болашағымыз. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер». Күйеуіміздің туыстарына қандай қатынаста болсақ, ертең келініміз өзімізге соны жасайды. Өзгелердің саған қандай қарым-қатынас жасағанын қаласаң, сен де оларға сондай қарым-қатынас жасай білуің қажет. Сондай-ақ, «Алланы ұлықтаудың бір түрі – шашы ағарған мұсылманға (үлкенге) құрмет көрсету» (Әбу Дәуд). Өзгенің ата-анасын құрметтеу – өз ата-анамызды құрметтеуден басталады.
5. Негізінде, өзін түзегісі, ізгілікке қарай өзгергісі келген адам – салихалы жандармен дос-жолдас болуы қажет. Өйткені, мінез, әдет, пікір «жұғады». Сондықтан, осы бастан көркем ортамен араласқаныңыз абзал.
6. «Сөз түзелсе, іс түзеледі». Сөзбен кез келген адамды «сиқырлауға», өзіңе жақындатуға немесе бет көрместей алыстатуға болады. Сондықтан, әйелдің аузынан шыққан сөз таразыға тартылған, даналықпен көркемделген болса – ол ұлы жеңіске жетті. «Егер әйелдің тілі ұзын болса — күйеуінің оның жанында болатын күндері қысқа болады» деген екен ғалымдар. Сөзіңді күзетуді үйрен. Кітапты көп оқы.Адамның іші неге толса, сыртына сол нәрсе тасиды.
7. «Білім оқумен келгенмен, даналық тәжірибемен келеді. Ал, тәжірибенің ең үлкені таяқ жеу». Өмірдің әрбір қиындығынан сабақ алуды ұмытпа. Ешнәрсе себепсіз болмайды. Тағдыр – ең үлкен ұстаз және даналығын тегін үйретеді. Ал «аузы күйген үрлеп ішеді». Тәжірибесі бар адамдармен сұхбаттас, пікірлес бол. Олардың ақылдарына құлақ сал, кеңес сұра, ақылдас.
8. Шариғатымыздың әйел адамға міндеттеген барлық бұйрығымен таныс. Сәт сайын біліміңді арттырумен бол. Білімсіз жасалған амал апатқа ұшыратады әрі сауапсыз қалуың ғажап емес. Адамның дәрежесі білімінің мөлшерімен көтеріледі. Әрі Алладан ең көп қорқушылар, Аллаға ең сүйіктілер де – білімділер. Жарыңның, ата-анаңның, ата-енеңнің, туыстарыңның, балаларыңның алдындағы міндеттеріңді толық оқып шық. Бұл сенің дұрыс жар таңдай білуіңе деп септігін тигізеді. Ең жақсы әйел – күйеуінің құлшылығына көмектесуші. Ол үшін сенің де білімдіболуың қажет емес пе?
9. Құран оқуды үйрен, сүннетте келген дұғаларды жатта, зікіріңді (Алланы еске алу сөздері) толтыр. Ұйқыдан тұрғаннан бастап, қайта төсекке жатқанға дейін әрбір іске байланысты айтылатын дұғалар бар (үйге кіріп-шыққанда, әжетханаға кіргенде, тамақ ішуді бастағанда, аяқтағанда т.б.). Мұсылманның ең басты қаруы дұға болғандықтан, бәрін де білуге тиіссің. Мұның бәрі де бұл дүниедегі сынақтарда сенің тіреуің болса, арғы дүниеде дәрежеңді арттырады. Әрі балаларыңа үлгі боласың, жарыңның да разылығына жетесің.
10. Ізгі аналар туралы қиссаларды жиі оқы. Оларды өзіңе үлгі тұт. Бұл өзіңнің рухыңды тәрбиелейді әрі келешекте балаларыңа айтатын салихалы әңгімеге айналады.
11. Дене сымбатын сақтауды назарыңа ал. Бұл болашақ жарың үшін маңызды болғандықтан, спортпен айналысудың өзі құлшылық саналады. Таңертеңгі, кешкі жаттығуларыңды қалдырмауға тырыс. Дені сау баланы дүниеге әкелу үшін өзіңнің тәніңді күтуің қажет.
12. Дене терісінің сұлулығын қамқорлығыңа ал. Шаш, қол, бет, аяқ, дене күтімінің қыр-сырын меңгер. Үйде жасалатын рәсімдерді меңгер, сұлулық салондарына бас сұғып тұруға да болады. СПА, массаж, ыстық ванна, аяқ пен қолға арналған ванна, түрлі маскалар – келешекте ие болатын «әйел» деген лауазымыңызға қажет.
13. Күнделікті тамақ рационын қадағала. «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген сөз бар. Дене сымбаты, бет әлпеті, тәннің саулығы – сенің асқазаныңа түсетін ас-ауқатқа байланысты. Қазірден бастап пайдалы тағамдарды сұрыптау – ертеңгі күні отбасыңның асқазанын дұрыс күзетуіңе жол ашады.
14. Өнегелі келін, жақсы әйел – ас үйдің ханшайымы. Күнделікті ас, тәтті тағамдар, салаттар, түрлі сусындар жасай алуыңыз қажет. Қамыр илеудің қыр-сыры, дастархан әрлеудің әдістері, жалпы аспаздықты меңгеру – тәжірибемен келетін нәрсе. Мұндай нәрселермен барынша жиі айналасып, өзіңді шыңдай түс.
15. Тоқыма тоқу, тігін өнерін меңгеру, гүл өсіре білу, үй тазалығын жақсы атқару – қыздың жас күнінен бастап бағындыруы тиіс істерінен саналады. Мұндай келін күйеуіне де ұнамды, енесіне де жағымды, қайын сіңлілеріне де үлгі. Шеше міндетті түрде өзі білетін тіршілік, ісмерлік, кісі сыйлап қонақ күте білу, астың бабы, дастарқанның мәзірі секілді өнерлерінің бәрін қызына үйретуге міндетті. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш», «ана көрген тон пішер» деген қазақ мәтелдері осыдан шыққан.
Дереккөз: Асыл арна.кз