Субсидия орта жолда талан-таражға түсіп жатыр
Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне тоқталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалған жоқ. Қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы екі-үш есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған. Сонымен қатар, субсидия алып отырған шаруалардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сақтауға аса құлқы жоқ. Себебі субсидиялау жүйесі шаруаларды бұған ынталандырмайды. Жағдай түзелмесе, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден әрі аса алмайтыны анық. Себебі, елде субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқ. Жеке құрылымдар субсидия бөлуге қатысты түрлі портал ашып, өз қызметі шаруалардан ақша алып отыр. Шаруалардың бұған наразылық білдіруі орынды. Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын. Бұл платформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керек. Субсидия мемлекет беретін міндетті төлем емес екенін әркім білуге тиіс. Бұл шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл»,— деп кесіп айтты. Президент енді үкімет субсидия алған адамнан жұмыс тиімділігін арттыруды талап ететінін мәлімдеді.