Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты өз пікірін білдірді
- Жыл басында өмірімізге енген саяси «қасіретті қаңтар» оқиғасы Тәуелсіздік жылдарындағы ауыр сын сағаттың бірі болды. Оған ресми баға берілді. Мемлекеттік төңкеріске жасалған қадам деп танылды. Демек, бұл — Тәуелсіздіктің тамырына балта шабылған қадамдар. Радикалдық саяси топтар, нақтырақ айтқанда, діни топтар қара ниет, арам пиғылдарын жүзеге асырғысы келген ауыр зардапты кезең болды. Тіпті бақылаудан шыққан сәтті де бастан өткердік, — деді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың айтуынша, күш құрылымдық саладағы қызметкерлердің өзі бейтарап қалды. Еліміздің қауіпсіздігіне жауапты қызмет органдарының халықтың алдындағы шарасыз күйін көрдік.
- Шайқалып жатқан Конституциялық құрылымды тоқтатуға, жоюға бағытталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі арқасында ауыр сынақтардан өттік. Барлық жауапкершілікті ел Президенті өз мойнына алды. Жалпы сол күндердегі ахуал, қоғамдағы жағдай, ауыр көңіл-күй, бақылаудан шыққан сәттердің саяси бағасы сарапталып, құқықтық бағасы берілер, бірақ халықты қалқан еткен арам пиғылды топтардың жағдайына халық алаңдаулы. Осы ретте біз ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізіп, халыққа көмектесуіміз керек. Айта кететінім, халық сол кезеңдердегі Мемлекет басшысының ерлік-жігерін түсіне білуі қажет. Конституциялық құрылым түбегейлі жойылса, осы күндері қандай жағдайда болып, нені бастан кешетінімізді ойлап көріңіз?! – дейді Жанарбек Әшімжанов.
Мәжілісмен қаңтардағы ауыр жағдайлар бойынша Мемлекет басшысының нақты шаралар қабылдағанын уақыт дәлелдейтінін жеткізді. Сонымен бірге депутат бұған дейін қаңтардағы оқиғаға байланысты мәселелер көтеріліп, бірнеше рет депутаттық сауалдар жолданғанын атап өтті.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қаңтар қасіретіне қатысқан азаматтарды азаптаулар көбейіп жатқанын айтып, осы мәселеге қатысты депутаттың ойын білдік. Жанарбек Әшімжановтың сөзінше, лауазымын асыра пайдаланған ішкі істер органдары, жалпы құзырлы органдардың қызметкерлеріне қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
— Орынсыз, нақақ жала жабылып жатқан, таяққа түскен бірнеше іске қатысты Президент нақты тапсырма берді. Сөйтіп бірнеше азамат босатылды. Ал енді соққыға жығылып жатқан ауыр азаптаулар қоғамның да, елдің де, жеке азамат ретінде менің де жаныма батады. Ертең Талдықорғанға осы оқиғаға байланысты іссапарға барып, тұрғындармен кездесемін. Елімізде қылмыс жасағаны да, қылмысқа қатыстылығы да заң шеңберінде қаралуы керек. Ал қызметін асыра пайдаланған тиісті ведомство өкілдеріне заң жүзінде бағасы берілуі тиіс. Прокуратура осындай мәселеге байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет берген болатын, — деді Жанарбек Әшімжанов.