Ашықта астарлапта қанша ой айтылды
Мемлекет басшысының сұхбатынан әркім өзіне қажетті месседж тапқаны анық. Ашық та, астарлап та қанша ой айтылды. Нақты, ашық айтылған дүниелер кешелі бері айтылып, жазылып жатыр.
Сұхбаттың мен түйсінген тұстарына тоқталар болсам.
❗Әлемнің ашкөздене ақпар күткенін қанағаттандыру үшін АҚПАРАТТЫҚ сұқбат — БҰҰның алты тілінің бірінде алдымен берілді.
Қан жұтқан қазақтардың көңіліне демеу, ұлтымыздың ертеңіне сенім ұялататын салиқалы сұқбатта МЕМЛЕКЕТТІК тілде, МЕМЛЕКЕТТІК мәселелер қозғалды.
Соңғы бір айда бүкіл қоғам рухани күйзелісті бастан кешірді. Бастысы, ел Тәуелсіздігі мен Тұрақтылығы сақталды. Оның құны қандай болғанын бәріміз білеміз. Мемлекет басшысы да адам, сондықтан оның қаңтар зарын жаны мен жүрегімен сезгені анық. Бірақ былайғы жұрт эмоцияға беріле алса, ел басқарушысында мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан алаңға ақкөңілмен шыққан аңқау елді пайдаланып, арам пиғыл жасамақ болғандарды тауып, жазасын беру — парыз. «Шаш пен басты» шатастыратындар да жазаланады.
‼️Қазақстан Президентіне қоғамымызда қалдырылған «мұра» өте ауыр. Билікке сенім кредиті таусылған кезең. Бай мен кедей арасындағы байланыс қасқыр мен қой «достығындай» болған уақыт. Жемқорлық, жағымпаздық, өсек, өтірік — қоғамның іріңі шыққан дертіне айналған заман. Біздің ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының саяси, экономикалық, пандемиялық қысымнан жүйкесі масаның да ызыңын көтере алмай тұрғанда, бөрік астынан бөлтірік шауып, елдің есін шығарғанда ел басқару үлкен ЖАУАПКЕРШІЛІК. БҰЛ ЖҮКТІ тек бір адам алып жүре алатынына кешегі СҰҚБАТ тағы бір дәлел болды.
‼️Мемлекеттік тіл Қазақстанда ұлтаралық тіл болады. Тек қазақ қазақпен емес, барша қазақстандықтар арасындағы қатынас тіліне айналады.
Күні кеше өзім көріп, күә болған бес млн халқы ғана бар Норвегияда қанша ұлт өкілдері тұрғанымен norske білмеген жанға нан табу қиын. Талап пен қажеттілік жоғалудың шақ алдындағы тілді қайта дамытты. Бұл да бізде болатынына сенім сұқбаттан кейін күшейді.
‼️
‼️Робиндранат Тагордың сөзі бар: «Жаратушы алдында жамандық жасаған және одан жапа шеккен адам бірдей жауапты». Біздің әрқайсымыз Қазақстанның Жаңа тарихында болған және болатын дүниелерге бірдей ЖАУАПТЫМЫЗ.
Мемлекет басшысы, өзіміз қызыға қарайтын, кейбіреулер чемоданын алып тұра қашқан өркениетті, ДАМЫҒАН мемлекеттер қатарына қосылуға әр қазақстандық белсене араласуы қажеттігіне екпін түсірді. ОЛ — ЗАҢ бәрімізге бірдей, бүкіл халық тек заңға бағынуы.
Ол — БІЛІМ мен ЕҢБЕК.
Ол — ұрланған қаражаттың Қазақстанға қайтып, ұланғайыр еліміздің өркендеуіне жұмсалуы. Қазақстанның да өркениетті, бақуатты, бақытты елге айналуы үшін әрқайсымыздың бойымызды билеген үрей мен бойкүйездіктен тазарып, адами қасиеттерімізді — батылдық, ізгілік, адалдық, адамгершілік, ұлтжандылық, еңбекқорлық қасиеттерімізді күшейту. ХАЛЫҚ санасы өзгерсе, БИЛІК те басқа болары анық.
Халықтың санасын өзгертетін негізгі күш — бұқаралық ақпарат құралдары. БАҚ халықтың бағын ашу, «Жаңа яки Әділетті Қазақстан» жасау жолында қызмет ету керек.
Жайна Сламбек тің жасқанбай жұрт көкейіндегі өткір сұрақтарды қойғаны, Мемлекет басшысының әр сұраққа мәймөңкелемей нақты жауап беруі сол өзіміз күткен өзгерістердің басталғанының айғағы. АЛ, СІЗ ДАЙЫНСЫЗ БА? ОСЫ СҰРАҚТЫ ӘРҚАЙСЫМЫЗ ӨЗІМІЗГЕ ҚОЮ КЕРЕК.
Р/S: Берік Уәли журналист сұрағын цензураға ұшыратпай, сұқбатты «сырлап, сипап, қырқып, қыспартай» көрерменге ұсыну да тәуекелділік пен ерлік екенін түсінеміз. РАХМЕТ!