ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА
Кеше Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Гүлдара Нұрымова мен Назиля Раззак жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.
Іссапар барысында ең алдымен Құмарық ауылдық округі әкімі Б.Мансұрдың 2021 жылға атқарылған жұмыстары туралы халық алдындағы есеп беруін тыңдап, Қаракемер ауылы тұрғындарымен жүздесіп, олардың талап-тілегіне құлақ асып, әлеуметтік және құрылыс нысандарында болды.
Келесі кезекте Мәжіліс депутаттары аудандық Орталық ауруханасының материалдық-техникалық базасымен танысып, ем алушылар мен науқастардың хал-жағдайымен танысты.
Аталған аурухананың сыйымдылығы 129 төсектік стационар, 85 төсектік COVID-19 ауру емдейтін жұқпалы аурулар стационары және 214 тәуліктік төсек орынмен қамтылған. Ауруханада барлығы 841 адам жұмыс істейді.
Аурухананың Бас дәрігері Шындос Кершаизұлының айтуынша 2003-2006 жылдары салынған бұл аурухана бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев спорт саласын дамытуға басты назар аударғаны белгілі. Бүгінде осы мақсатта жаңа нысандар қатары да көбеюде.
Сондай нысандардың бірі Луговой ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Жақында қолданысқа берілетін бұл нысан 11 мыңнан аса халқы бар Луговой ауылының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық.
Қазіргі таңда Т.Рысқұлов ауданына бұқаралық спортты дамыту мақсатында және ауылды жерлерде спортпен шұғылданушылардың санын арттыру мақсатында аталған нысанда 5 спорт түріне балаларды баулымақ.
17 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған нысан заманауи және әдемі дизайнмен, шығармашылықпен айналысуға ыңғайлы, жаңа технология бойынша қажетті компоненттермен жабдықталуда.
Келесі кезекте халық қалаулылары аудандық полиция бөліміне бағыт бұрып, аудандық полиия қызметкерлерімен кездесті.
Бүгінгі таңда аудандық полиция бөлімінде 89 полиция қызметкері аудан халқының тыныштығын күзетеді.
Аудандық ішкі істер қызметкерлері өз тарапынан «Полиция мәртебесі» туралы заң қабылданса деген ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауалдарына жауап алды.
Жұмыс сапары соңында Каменка ауылында орналасқан «Т.Рысқұлов аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының» жұмысымен танысты.
Келесі айда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған бұл нысан 2005 жылы салынған. Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтуде.
Қызмет алушылардың өмірінің сапасын арттыру және өмірде кездесетін қиындықтарды жеңуге ықпал ету мақсатында ашылғалы отырған бұл нысан 80 орынды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар тиісті ем береді деп күтілуде.