Сауал — жан-жақты, жауап — салмақты

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен құрылған «Қоғамдық қабылдау» тобының мүшелері ауданымызға қарасты Қостөбе ауылдық клубында тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Алқалы жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, келген қонақтармен таныстырған соң сөзді «Қоғамдық қабылдау» тобының мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Даулетбаевқа берді.
Шәріп Даулетбаев өңірдің өткен тарихына қысқаша тоқтала келе, қант қызылшасынан рекордтық өнім жинаған Қызыл жұлдыз ауылынан Дариға Жантоқова, Ынтымақ ауылынан Нұрмаш Түйтебаева, тағы да басқа көптеген даңқты Еңбек Ерлері шыққандығын айтты. Жыл басында елімізде, соның ішінде Жамбыл облысында орын алған қасіретті қаңтар оқиғасынан сабақ алу қажеттігін әңгімеледі. Ата-аналар перзентін ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге үлкен мән беруін, мемлекет «маған не береді» деп емес, «елге, туған жерге не бердім» деген қағиданы басты назарға алу, тәртіпке бағыну, заңды сыйлаудың өзектілігін мысалдарға сүйене отырып жеткізді. Ел тыныштығын сақтау, ұлтқа деген адалдық, елдік сезімдер әр қазақтың жүрегін жауласа алынбайтын асу, жеңбейтін сынақ болмайтындығына екпін салды.
Бұдан соң сөз алған Тараз қаласы қоғамдық кеңестің мүшесі Жанар Орынбаева жаңа дәуірге қадам басқан еліміз үшін қаңтар оқиғасы үлкен сынақ болғандығын, сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған батыл шешімдерінің арқасында қиындықты еңсергенімізді атап өтті. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан облысымызда 273 азамат зардап шеккендігін, оның басым бөлігі 17 мен 25 жас аралығындағы жастар екендігін, 15 азамат қаза тапқандығын, 7 мемлекеттік ғимарат бүлінгендігін бүгінде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқандығын баяндады. «Қоғамдық қабылдау» тобы мүшелерінің жүргізген жұмыстарының арқасында кәмелетке толмаған 4 жасөспірім кепілдемелікке алынып, cотқа дейін отбасына жіберілгендігін жеткізді.
Сонымен қатар Жанар Рымбекқызы Ел Президентінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық – саяси салаларда алда тұрған жұмыстың негізгі басымдықтарын белгілеп бергендігіне егжей-тегжейлі тоқталды. Мемлекет басшысы биылғы 2022 жылды — Балалар жылы деп жариялағандығын, жас буынға тәлімді тәрбие беріп, сапалы біліммен қамту, өскелең ұрпақ бойына адамзатқа ортақ құндылықтар мен Отанға, елге деген сүйіспеншілік сынды қасиеттерді сіңіруде ата-анаға жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығына тоқталып, «Қазақстан халқына» қорының негізгі міндеті туралы да қысқаша мағлұмат берілді.
Кездесу соңы қоғамдық қабылдауға жалғасты.