Айтылған мәселелер аяқсыз қалмайды
Айтылған мәселелер аяқсыз қалмайды
Кеше Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев округке қарасты Қосбөлтек және Көктөбе ауылы тұрғындарының алдында есеп беру кездесуін өткізді. Есептік кездесуге аудандық мәслихаттың депутаты Қалдыбай Байрамов, «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Есеп беру жиынын округ әкімі Ержан Серкебаев ашып, жүргізіп отырды. Ол ең алдымен тұрғындар алдында 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін баяндады.
Баяндамашы алдымен жер және егін, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникалары, шаруа қожалықтар, ветеринариялық жұмыстар, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және әскери қызмет жұмысы туралы кеңінен айта келе, әлеуметтік салаға тоқталды.
-Өткен жылы әлеуметтік сала бойынша, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен екі маман және қоғамдық жұмыспен 33 адам қамтылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде округ тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. 2021 жылы «Бастау Бизнес» арқылы округіміздің 4 азаматы 583 мың 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражатына ие болып, 4 азамат 4% мөлшерлемемен несие алып, әртүрлі бағытта шағын кәсіп көзін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Баяндамада 2021 жылы жасалған жаяу жүргіншілер жолы, көше жарықтары т.б. мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға жоспарлаған жұмыстар айтылды.
Әрі қарай ауыл тұрғындарына кезек берілді. Ауыл тұрғыны Аманәлі Катымханов тоғандарды тазалау жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталса деген тілегін жеткізсе, Жапарбек Қасаболатов Көктөбе ауылындағы бастау суы келетін арықты тазартып, экскаватордың көмегімен арықтарды кеңейтіп қазу туралы мәселені көтерді.
Ауыл тұрғыны Базарбек Сұлтанбеков, бірінші кезекте жайылым мәселесі тұрғанын және негізгі жолға жол белгілерін орнатып, жолдың бойындағы сайды жауып қалған тал-дарақтарды кесу керегін айтып шағымданды. Сонымен қатар, мектеп пен мешіт арасына жаяу жүргіншілер жолын салу керектігін баса айтты.
Нұржан Оразбаев есімді ауыл тұрғыны, жекеменшік егістікке ауыл адамдарының малдары түсіп кететіндігін, осы мәселеге қалай тосқауыл қою керектігін сұрады.
Сонымен бірге жиында ауыл тұрғыны Шаңбай Пірімов Қойбақов көшесіндегі құдықтың беті жабылмай ашық тұрғанын, бұл тұрғындар үшін қауіпті екенін айтты. Одан бөлек, жаңадан салынған Қосбөлтек ауылындағы медициналық пункттің жұмысы жанданып, керекті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетсе деген тілегін жеткізді.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, ауыл тұрғыны Қайыржан Мұханов ауылда жұмыссыздардың қатары көп екенін, жақында ғана мектепте бір зейнеткердің орны босағанын, алайда сол зейнеткердің өзі қайтадан сол жұмысқа орналасып алғанын айтып, шағымданды. Осы ретте, жұмыссыздықты азайту мақсатында қандай жұмыстар атқарылатыны туралы округ әкіміне сауал жолдады.
Өз кезегінде округ әкімі Ержан Байұзақұлы, бірінші сауал бойынша егістікке басқа адамның малы түсіп кеткен жағдайда айыппұл төлету керегін, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін берілетін қайтарымсыз грант қаражаттары бар екенін, осы тұрғыда кәсіп ашуға болатынын айтты. Сонымен қатар, Ержан Серкебаев жиында айтылған ескертпелер мен ұсыныстар іс-шаралар жоспарына енгізіліп, орындалу барысына жете бақылау жасалатынын жеткізді.
Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалы Жанахмет Алтаяров және ауыл тұрғындары әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, «қанағаттанарлық» деген баға берді.
*
Бақалы ауылындағы Бақалы мәдениет үйінде Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы ауыл тұрғындары алдында есеп берді.
Жиынға аудандық мәслихаттың депутаты Қалдыбай Байрамов, Көкбастау ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Диас Үсіпбаев, Көкбастау ауылдық округінің ветеринариялық пункттің меңгерушісі Дулат Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты.
Алдымен Көкбастау ауылдық округінің әкімі Е.Серкебаев есеп беру жиынының регламентін түсіндіріп, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Баяндама бойынша жарыссөзде бірінші болып Бақалы ауылының тұрғыны Мейіржан Мырзахметов сөз алып, Бақалы ауылы Қызыл-Дихан көшесінің ауызсу құбырлары тозығы жетіп ескіргенін, жөндеу жұмыстарын жүргізу керегін айтты. Ал ауыл әкімі Е.Серкебаев аталған жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, тиісті мекемелерден қаржы сұралатынын айтты.
*
Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің акт залында да округ әкімі Ержан Серкебаев ауыл тұрғындары алдында есеп берді.
Жиынға аудандық мәслихаттың депутаты Қ.Байрамов, Көкбастау ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Д.Үсіпбаев, округтің ветеринар маманы Д.Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты.
Көкбастау ауылдық округінің әкімі Е.Серкебаевтың 2021 жылы атқарған жұмыстарының баяндамасы тыңдалған соң, Теріс ауылының тұрғыны Жексенбек Мүсірепбеков Теріс ауылындағы облыстық мәндегі Тәліп көшесінің жолымен автокөліктер жоғарғы жылдамдықпен жүретінін, сол үшін мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілері мен жол кедергісін орнатып беруді сұрады.
Өз кезегінде ауыл әкімі Е.Серкебаев Көкбастау ауылдық округіне қарасты елдімекен көшелеріне қажетті жол белгілері мен жол кедергілерін орнату жұмыстарының қаржысы анықталып, аудандық тиісті бөлімге қаржыға сұраныс берілгенін және қаржы қарастырылған жағдайда орындалатын баса айтты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының тарапынан қойылған сауалдардың ешбірі жауапсыз қалмайтынын және барлығы кезең-кезеңімен орындалатынын жеткізді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»