Қоғамда үлкен өзгерістер болады
Парламент мәжілісінің депутаттары Нұрымова Гүлдара Алданышқызы мен Буларов Ильяс Юсупович ең әуелі аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында ауыл жастарымен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен және жұмыссыз санаттағы жастармен кездесу өткізді.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, сөзді Парламент Мәжілісінің депутаты Ильяс Буларовқа берді.
— Жыл басында елімізде орын алған қаңтар қасіреті кезінде кейбір жастардың әлдекімдердің айтағы мен арандатуына еріп, мемлекеттік мекемелердің ғимараттары мен кәсіпкерлердің дүкендерін қиратуға, тонауға қатысқаны өкінішті. Алайда, сіздер мәселенің осылайша күш қолданып, шешілмейтінін білуге тиіссіздер. Бүгін Сіздердің алдарыңызға келгендегі мақсатымыз – ауыл жастарының проблемасын олардың өз ауыздарынан естіп, оларды қалам ұшына алып, жоғары деңгейде көтеріп, шешілуіне ықпал ету, — деді Ильяс Юсупович.
Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өз кезегінде қазір Парламент қабырғасында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы қаралып жатқанын айта келе, осында айтылған барлық ұсыныс-пікірлерді сол Заңға енгізуге дайын екенін жеткізді.
— Бүгін баршамыздың алдымызда «Жаңа Қазақстанды» құру міндеті тұр. «Жаңа Қазақстан» жастардан басталады, оны құруды әр азамат өзінен бастауы керек. Қоғамда үлкен өзгерістер болады, жастарға көп көңіл бөлінеді, — деді Гүлдара Алданышқызы.
Кездесу барысында аудан жастары қайтарымсыз грант, дипломмен ауылға бағдарламасы, жастар практикасы, жас отбасыларға баспана алуға мемлекет тарапынан жеңілдетілген пайызбен несие берілсе деген өз ұсыныстарын жеткізді.
Әрі қарай «Нұрай Plaza» бизнес орталығының конференц залында мүмкіндігі шектеулі балалардың ата- аналарымен кездесіп талап-тілегін тыңдады.
Кездесуге мәжіліс депутаттары мен аудан әкімі де қатысты.
Кездесу барысында ата-аналар квота, мемлекет тарапынан берілетін көмектер, оңалту орталығы орналасқан ғимараттың ескі екендігін, арнайы жабдықталмағандығын және «инватакси» қызметінің көліктері тозығы жеткендігін жеткізді.
Жиында сөз алған халық қалаулылары аталған мәселелерді жоғары атқарушы органдарға жеткізіп, шешілуіне өз септіктерін тигізетіндігін жеткізді.
Кездесуге қатысып отырған аудан әкімі Олжас Қаржауов мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін мекемелердің ғимаратына қатысты сұраққа жауап берді. «Біз былтыр ғимарат сатып алу үшін аудан бюджетінен 60,0 млн. теңге бөліп, конкурсқа шығардық. Өкінішке орай, оған ешкім қатыспады. Егер де аудан орталығында лайықты ғимарат болса, біз сатып алуға дайынбыз» деді Олжас Есалханұлы.
Жуалы ауданы әкімдігі баспасөз қызметі