ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ- АУЫР КҮНӘ

ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ- АУЫР КҮНӘ

Бізден бұрын өмір сүріп, көргенін бір ауыз сөзбен түйіндеп, кейінгі ұрпағына өсиет етіп кеткен бабалардан қалған «Басқа пәле – тілден» дегеннің растығын қазір айқын көріп отырмыз. Көргені көп көнекөз қариялар «жаман істі жарияласаң, көбейе береді» деуші еді. Қазір ел ішінде нендей жағдай орын алса да лезде-ақ әлеуметтік желіде жариялап, таратуға тырысатындар көп. Мүмкін, қариялардың сөзінің жаны бар болар, өзіне-өзі қол салғандардың әрекетін қайталаушылар дендеп барады..

Осыдан бірер ай бұрын Алматы қаласында өз балаларымен бірге көпқабатты үйден секіріп, өмірімен қоштасқан жас келіншектің оқиғасын естіп, жанымыз түршікті. Сол жағдайдан кейін бірнеше жас келіншектердің тағдырдың тауқыметі қыспаққа алғандықтан, кішкентай балаларымен қоса өзіне қол салатынын айтқандарын әлеуметтік желіден, телеарналардан құлағымыз шалды. Рас, өмірдің бұралаң жолы оңай емес. Тағдыр да сан сынға салады. Сол сынақтармен сабақ беріп, адамды шыңдайтын өмір – үлкен мектеп. Қым-қуыт қиындықтардың қыспағында біз сынала отырып, шыңдалып жатқанымызды ұмытып кетеміз-ау. Әйтпесе, бізден бұрынғылар қазіргіден де ауыр тұрмыста күн кешті. Таңның атысы, күннің батысында тіршіліктің ауыр қамытын мойнынан алмай еңбектене жүріп, балаларын да тәрбиеледі. Қыстың қаһарлы аязында да, жаздың аптап ыстығында да ен далада көшіп-қонып жүріп мал бақты. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп күн кешіп, балаларына да уақыт бөле алды. Барлық істі қол күшімен атқарса да жантүршігерлік жағдайға бармапты. Ол заманда жан-жақтан сұқ көзді сұғанақ пиғылды жаулар да аз болмағанын тарихи оқиғалардан білеміз. Ал әйел тағдыры жайлы сөз тіптен бөлек. Өз көңілі қаламаса да әкесі құдаласқан жанмен тағдырын қосып, ерте жастан отау тігіп, тұрмыстың күйкі тірлігіне кірісті. Кейін күйеуі бір емес, бірнеше тоқал алса да шаңырағын шайқалтпады, керісінше отбасының ұйытқысы болу үшін жеке мүдделерін құрбан етті. Сол кездегі аналардың жаны неткен сірі еді. Нәзік иығына көтерген жүгі қанша ауыр болса да мықтылықтан танбаған төзімділіктерін ештеңемен салыстыруға келмес. Жаугершілік заманда жарасымды өмір кешіп, ұрпақ өрбіткен ата-әжелеріміз салған салиқалы жолдан бүгінгі ұрпақ қалай адасып қалды екен? Осы сұрақ жанды жегідей жейді.

Психологтердің айтуынша, суицидке өмірден өз мақсатын таппаған, әрі қарай жер басып жүрудің маңызы жоқ деп түсінген жандар баратын көрінеді.

– Адам өмір сүруінің мәнін жоғалтқанда жарық дүниеден баз кешеді. Ал оған әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық әсер етуі мүмкін. Отбасында қаржының жетіспеуі, маскүнемдік немесе ауыр сырқатқа шалдығу сияқты қиын жағдайлар өз өміріне қол салуға итермелейді. Мұқтаждық, мақсат пен мүмкіндіктің сай келмеуі, кедейлік, келешекке сенбеу… Осының барлығы да өмірден түңілуге әкеледі. Созылмалы әрі терең күйзелістің соңғы нүктесі – суицид. Әйелдердің суицидке баруына отбасылық және материалдық тұрақсыздық себеп болады. Өзі өмірмен қош айтысуды ойлағанда балаларын сеніп тапсыратын адамым жоқ деген шешімге келген кезде ғана өз баласын бірге алып кетуі мүмкін деп ойлаймын. Себебі ол әйелді бұл дүниеде тірегі болған жоқ немесе тірегім деп сенген адамы опасыздық көрсетті. Сондықтан «Маған тірек болмағандар балаларыма да мен кеткен соң тірек бола алмас» деген ойдың жетегінде сондай қате әрекетке барады деп ойлаймыз, – дейді психолог Әйгерім Усербаева.

Бүгінде түрлі жағдайлармен өз шаңырағынан жан жылуын, қамқорлық таппаған келіншектерге пана болып отырған Тараз қаласындағы дағдарыс орталығында психологиялық көмек көрсетіп жүрген маманнан мекемедегі нәзік жандылардың түсінік-пайымы жөнінде де сұраған едік.

– Дағдарыс орталығына ешбір мүмкіндігі қалмаған әйелдер келеді. Сондықтан олардың әрқайсысының жағдайы, басынан кешірген тағдырлары әр алуан. Тіпті психологиялық деңгейлері бір-біріне ұқсамайды, мүлдем бөлек. Мұндағы мамандардың бірлескен еңбектерінің нәтижесінде орталық тұрғындарының тағдырларында оң өзгеріс болып та жатыр. Түрлі тағдыр иелерімен жұмыс істеп жүріп, түсінгенім – тағдыры тығырыққа тірелгенде көбіне жаны нәзік кей келіншектер өз-өзіне қол жұмсауды ойлайды. Әрине, ондай тағдырларға қоғамның да тигізер әсері бар. Сондықтан біз қиын жағдайдағы жанның психологиясын зерттей отырып, басқа жақтарынан, мәселен, әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан да көмектесе алсақ, бір өмірді құтқарып қалуға мүмкіндігіміз болар еді. Сол себепті де әр адам жан-жағына жете мән беріп, маңайындағы адамдарға барынша жылы сөйлеп, мейірім таныта жүрсе, біз бүкіл қоғам болып ұйысып суицидпен күресе алар едік. Егер әлдекімнен түңіліс байқасаңыз, себебін сұраңыз, айтқысы келмесе де әңгімеге тартыңыз. Мүмкін оған кездескен проблеманың шешімін табуға көмектесе аларсыз. Бір ғана мәселенің шешілуіне көмектесу арқылы біз өмірді ажалдан арашалап қала аламыз. Осыны ұмытпайықшы, – дейді психолог Әйгерім Талғатқызы.

Сапалы өмір сүрудің салтын көрсетіп, барша жаратылысты тек ізгілікке шақыратын асыл дініміз Исламда адамның өз өміріне өзі қол салуын кешірілмес күнәға теңейді. Ал ол өзімен қоса өзгелердің өміріне де балта шапса, ауыр күнәнің еселенгені емес пе? Бұл жөнінде анығын имамның өзінен сұрайық.

 Алла шексіз рақымды, пенделері тәубеге келіп, Жаратушысын танып, риясыз ниетпен құлшылық етсе, көп күнәларын кешіреді. Алайда біреудің өмірін қиюды және өзін-өзі өлтіруді кешірмейді. Себебі адамға жанды, тағдырды берген Алла аманатын Өзі ғана алады. Міне, сол себепті де қандай қиын тағдырға кез болса да адам сынаққа сабыр етіп, Раббысына шүкірлік етсе, тығырықтан шығар жолды Жаратушы Иеміз Өзі көрсетеді. Халқымызда «Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деген жақсы сөз бар. 

Алла Тағала «Ниса» сүресінің 29-30-аятында: «Сондай-ақ бір-біріңді өлтірмеңдер. Алла сендерге өте мейірімді. Кімде-кім осы айтылғандарды қасақана істеп, шектен шығып, өзіне һәм өзгелерге қиянат жасайтын болса, біз оны қатты азаптау үшін алапат отқа тастаймыз» деген. Демек, аяттың басында «Бір-біріңді өлтірмеңдер» дегені бір-біріңді өлімге итермелейтіндей дәрежеде оған қысымдық көрсететін іс-әрекетке, өз-өзіне қол жұмсайтын дәрежеде шек тен шығуға алып бармаңдар дегенді аңғартады. Өйткені Алла Тағала Өзі мейірімді. Ал енді кім де кім осы айтылғандарды қасақана істейтін болса, Алланың қатты азабында алапат отқа тасталады дегені – кешірілмес күнә екенін білдіреді.
Тағы бір аятта «Сендер балаларыңды ризықтан тарылып қалады, асыраудан жеткізе алмаймын деп оларды өлтірмеңдер» дейді. Барлық пендеге ризықты беретін жалғыз Алла екенін көп кісілер жиі естен шығарады. Алла Тағала осы сүрелерді 14 ғасыр бұрын Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға айтып қойған. Міне, ең бірінші адамға имандылық керек деген осы. Құранда бұл өте әдемі айтылған. Алла адам баласын Өзі жаратып, тағдырды Өзі беретіндіктен, адамның өте әлсіз жаратылыс екенін біледі. Сол үшін оны суицидке баратын әрекеттерінің алдын алып, аяттарымен ескертті. Біз Алланың аяттарын оқып, мағынасын ұғыну арқылы салауатты өмір сүре аламыз. 

«Жүніс» сүресінің 57-аятында «Ей адамдар! Шүбәсіз сендерге Алладан насихат келді. Көкіректегі дертіңе шипа табасың. Әр мүминдер үшін тура жол бар. Сендерге Алланың рақымы келді. Рақым болған Ислам менен Құран келді» деп, жүректегі дертке шипа болатын 4 нәрсені ескертеді. Адам қиналған сәтте Құран оқу арқылы Алланың тура жолын танып, шиеленіскен мәселеден шығар жол тауып, жүректегі дертке шипа алып, Алланың рақымына бөленеміз. 

Ал әйел заты өте сезімтал және тез әрекет еткіш болып келеді. Сондықтан олардың жауапкершілігін ер адамдарға жүктеген. Шариғатымызда бір әйел жұмаққа кірсе, өзімен бірге 3 ер адамды алып кетеді, тозаққа кірсе де дәл солай делінеді. Яғни олар сол қыздың әкесі, ер бауыры және күйеуі. Кез келген мұсылман қыздың өмірдегі абыройы, бақыты, тұрмыстағы материалдық қамтылуы күйеуге шыққанға дейін әкесінің және ер бауырының, ал тұрмыс құрған соң жарының мойнында. Осыдан-ақ балаларымен қоса өзіне қол салуды ойлаған әйелдердің сондай әрекетке баруына жол бермей, жан-жақты қажеттілігін қамтып, өмірін құтқаруға ер адамдардың әсері барын бағамдай беріңіз. Расында да жаман хабарды көп жариялаудың салдарынан біздің мешітке де «Мен де сол келіншек секілді балаларыммен қоса өмірден кетемін» деп келетіндер бар. Біз барынша өмірдің мәнін түсіндіріп, қолдан келгенінше көмектесіп, жылы сөзбен шығарып саламыз, – дейді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жапек.

Иә, әйел адам отбасының діңгегі болса, оның тірегі, асыраушысы – ер адам. Ендеше нәзік жандылардың басына түскен қасірет ер адамдардың бостығынан немесе жеке басының қамын күйттеп кеткен жауапсыздығынан болуы әбден мүмкін. Алайда мұндай жағдай тек бір ғана адамның басындағы кемшілік емес, бүкіл қоғамымыздың олқылығы. Қоғамды жасайтын – адамдар десек, бір-бірімізге мейірім танытумен қауіп-қатердің алдын аларымыз анық. Тек адасудан сақтасын дейік.

Қамар ҚАРАСАЕВА