Моншада марихуана сақтаған Меркі ауданының тұрғыны ұсталды

Моншада марихуана сақтаған Меркі ауданының тұрғыны ұсталды

Ағымдағы жылдың 22 ақпанында «Дәрмек» республикалық кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы іс-шаралар жүргізу кезінде Меркі ауданының Интернациональный ауылында 47 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Оның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде үйіндегі моншадан ішінде жалпы салмағы 3 келі 676 гр кептірілген марихуана есірткі заты бар үш және бес литрлік ыдыстар табылып, тәркіленді.

Күдікті кінәсін мойындап, есірткі құралдарын жеке пайдалану үшін сақтағанын айтты. Қазіргі уақытта ол Меркі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, — деп хабарлады Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.