Жүйелі бақылау жасау жұмысты жандандырады
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 05 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес, Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ермұхамед Сүгірбеков тұрғындар алдында есеп берді.
Ауылдық округ әкімі бірінші кезекте Теріс-Ащыбұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Теріс-Ащыбұлақ бастауыш мектебінде өткен кездесуге тұрғындармен қатар, аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Зиядхан Бүрлібаев қатысты.
Есеп беру жиынын ауылдық округ әкімі Ермұхамед Сүгірбеков ашты.
-2021 жылдың тоқсан сайынғы бекітілген жұмыс жоспары бойынша ауылдық округте «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес нормативтік-құқықтық сипаттағы шешімдер мен әкімшілік басқарушылық жедел және дербес сипаттағы мәселелер бойынша 111 өкім, 46 шешім қабылданды.
2021 жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде округіміздің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы қамтамасыз етіліп, округіміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жылдан-жылға артып келеді.
Округтегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 8688,6 гектар. Сәйкесінше, 6133 гектар алқапқа түрлі дақылдар егіліп, жинап алынды.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2021 жылға жоспар 277 мал басы болса, 625 бас алынып 225% орындалды.
Округте шаруашылықтар бойынша есепті мерзімге астық комбайны 6 дана, 34 тракторлар тіркелген, оның ішінде 31 данасы доңғалақты тракторлар. КамАЗ, Газ автомашиналары – 4 дана, дән сепкіш – 13 дана, соқа — 17 дана, шөп тайлағыш – 5, культиватор – 7 дана. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезеңінде техникалар толық жұмыс атқарып, дақылдар толығымен жиналды.
Басқа да салаларда айтарлықтай жетістіктер бар, — деді ауылдық округ әкімі.
Ермұхамед Сүгірбеков жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбелей келе 2022 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы да айтып өтті.
Е.Сүгірбеков сонымен қатар, шешімін таппай отырған мәселелерге де тоқталды.
Отыз үйден тұратын Теріс-Ащыбұлақ ауылының тұрғындары ескірген электр бағаналарын ауыстыру, мал жайылымы, Айнабұлақ көшесі мен Арай көшесінің қиылыстарында өсіп тұрған талдарды бұтау сияқты мәселелерді көтерді.
Ауыл тұрғыны Алтынбек Сәбитов округ әкімінің атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді.
Ауылдық округ әкімі жиын барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленетінін, орындалу барысына жүйелі бақылау жасалатынын түсіндіріп, жиынды қорытындылады.
* * *
Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ермұхамед Жандарбекұлының есептік кездесуі келесі кезекте Қызыларық ауылында жалғасты. Онда да ауыл әкімі тұрғындар алдында өткен жылдың қорытындысына арналған ауқымды баяндама жасап, өтініштерге назар аударды. Баяндамадан кейін, ауыл тұрғыны Н.Оспанбаев сөз сөйлеп, округ әкімінің атқарған жұмыстарына «оң» баға бере отырып, Қызыларық ауылына келетін бақша суын ретке келтіріп беру туралы өз ұсынысын айтты.
Ауылдық округтің әкімі Е.Сүгірбеков алдағы уақытта мұраптың сайланып, бақша суын қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылатыны туралы түсіндіріп өтті.
* * *
Ермұхамед Сүгірбеков округке қарасты Алатау ауылы тұрғындарының алдында да есеп беру жиынын өткізді. Мұнда да әкім Қызыларық ауылдық округінде бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы баяндап берді. 2021 жылы округте қол жеткізген көрсеткіштер бар, ағымдағы жылы да округ үшін табысты болуы үшін аянбай еңбек етуге дайын екенін атап өтті. Ағымдағы жылы аталған ауылда бірқатар жұмыстар атқарылады деп күтілуде.
Ауыл тұрғыны Тоқтағұл Құдайқұлов Алатау ауылындағы Орталық көшесіндегі арық-атыздарды тазалау, ретке келтіру мәселесін көтерді және қоқыс шығаруды ұйымдастыру керектігін айтты. А.Мамытқұлов Алатау ауылындағы Орталық көшеге өткен жылы ауызсу жүргізілгенін, сол уақытта асфальттың кей тұстары бүлінгенін, көктемгі жауында көше лай, көліктің жүру ыңғайсыз болуына байланысты ретке келтіру жұмыстары жүргізілсе деді.
Жиын соңында сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Зиядхан Бүрлібаев баяндамада округ әкімінің атқаратын жұмыстарына сәйкес барлық сала қамтылғаны көрініп тұрғанына, яғни жұмыстың нәтижелі орындалғанына ризашылығын білдіріп, жиынды қорытындылады.
Ауыл тұрғындары бірауыздан әкімнің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»