Менің енем — жақсы адам

Бүгінде аталмыш ауданда 300-ге жуық шаңырақта мыңнан астам тұрғын тұрады. Бірлігі мен татулығы жарасқан елдімекен тұрғындары семинардың өтетінін естіп, қатысуға ниет білдіргендердің қарасы қалың болыпты. Барлығы 70-ке жуық ене мен келін қатысқан шараның шымылдығын «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали ашты.
— Біздің орталық — ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, жалпы нәзікжандылардың бас қосатын құт мекені. Ашылғанына бес айдың жүзі болса да бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмысы көп. Бірнеше бағыт бойынша үйірмелер мен қосымшалар, тігін, домбыра, би секілді студиялар сіздер үшін қызмет етуде. Бүгін көктемнің алғашқы күнінде сіздермен қауышып, Алғыс айту мерекесінде бастарыңызды қосып отырмыз. Алғыс айту күнін өзге ұлттар қазақ халқына рақмет айтатын күн деп емес, бір бірімізге жылы сөзімізді жаудыртып, құшақтап, мейірім төгетін мереке болып келе жатқандығы қуантады, — деді орталық басшысы.
Семинар екі бөлімнен тұрды. Алдымен енелерге «Анаға тағзым» орталығының психологы Жанат Дүкенбайқызы тренинг өткізіп, ене мен келін қарым-қатынасындағы басты мәселелердің туындауы мен оны шешу жолдарына кеңінен тоқталды. Мұнда ақжаулықты аналар медитация жасап, түрлі сергітетін жаттығулар мен тапсырмаларды орындады. Ал келіндер психолог Айнұр Берденовамен бөлек аудиторияға жайғасып арнайы тренинг өтті. Қыз-келіншектер отбасындағы кикілжің, келіннің отбасындағы орны, ата-енемен, күйеумен қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру тақырыптарында ой толғап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісу арқылы психологиялық кеңестер алды. Келесі кезекте екі топ бірігіп семинар-тренингтен алған ойларын, әсерлерін ортаға салды. Шара барысында енелер мен келіндер бір-бірлеріне айта алмай жүрген сезімдерін айтып, бірі жылап, енді бірі орындалмай қалған арманын орындады. Шынайы әрі әсерлі өткен шарада әр келін анасы мен енесіне алғыс жаудырды.
—Бүгінгі тренингтен алған әсерім керемет. Біз күйбең тіршіліктің қамымен жақындарымызға жылы сөзімізді айтуды ұмытып кетеміз. Ал кейбіріміз тіпті ол сезімді түншықтырып, мүлдем сездірмейміз. Бүгін ұйымдастырушылардың арқасында шынайы сезімге беріліп, эмоциямызды көрсете алдық. Мұндай семинар-тренингтер көп болса отбасы құндылығы артып, ажырасу, ене мен келіннің арасындағы түсініспеушілік деген мәселелер шешілер еді, — дейді қатысушы тұрғын Гүлназира Ералиева.