Көктемде де ылғал болмаса егін мен жайылымның жайы қалай болмақ?
Бүгін Ойық, Кеңес және Үшарал ауылдық округтерінде өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылға жоспарланған шаралар жайлы халық алдында есеп бердік.
Негізінен ауылдағы ағайынның алаңдап отырғаны жауын-шашынның аздығы. Көктемде де ылғал болмаса егін мен жайылымның жайы қалай болмақ?
Бұл бағытта “Аса-Талас”кәсіпорнының көмегімен өткен жылдың қазан айынан басталған су арналарын тазарту, нығайту жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасуда.
Өзен-көлдерге мүмкіндігіне қарай су жинау жүйелі жүргізіліп келеді. Осы орайда су үнемдеу технологиялары мен жер асты суларын пайдалануды мықтап қолға алуымыз қажет.
Тұрғындар тарапынан ауыз судың мәселесі де көп айтылды. Биыл ауданда Қайыр, Арал, Ақтөбе, Тұрымқұл, Сейілбек, Қожағаппар, Қарой ауылдарына су кіргізуге жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін 20,0 млн. теңге қарастырылып отыр.
Есепті кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы кеңінен баяндалып, тұрғындар сауалына жауап берілді.
Сонымен қатар, жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері атанған аналарға марапаттары және ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар еңбек ардагерлеріне “Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін” төс белгілері табысталды.
Қанатбек Мәдібек, Талас ауданының әкімі