ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
02.03.2022 ж. жарияланды Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
Р. В. Склярға
Құрметті Роман Васильевич!
Біздің депутаттық сауалымызға 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» — «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасын іске асыру мақсатында халықтың оңтүстік өңірінен жұмыс күші тапшы солтүстік өңіріне қоныс аудару кезінде тікелей темір жолдың болмауына байланысты қатынау, көшу туралы күрделі мәселесі себеп болып отыр.
Атап айтсақ, атажұртқа оралған қандастар көшін солтүстікке бұру, еліміздегі жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын ерікті қоныс аудару, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерінің жастарын оқуға жіберу сынды игі істер атқарылуда. Бұл бағдарлама өңірлердің ынтымақтастығын, олардың тұрғындарының өзара қарым-қатынасын күшейтіп, тұтастай алғанда, халқымыздың бірлігін нығайтуға да оң ықпалын тигізіп отырғандығы анық.
Бәрімізге мәлім, қазақстандықтардың басым бөлігі теміржол тасымалы қызметін пайдаланады. Оның себебі пойыз қауіпсіз көлік екендігі, маршруты мен жүріп-тұру кестесінің ыңғайлылығы және билет құнының қолжетімділігі болып табылады. Дегенмен де, шешімін таппай отырған мәселе ол солтүстіктегі Қостанай, Павлодар өңіріне қоныс аударып жатқан халықтың қатынауы өте қиын, әсіресе көшкен жастардың ата-аналары, қарттары, балаларымен, жүктерімен жүру қиынға соғуда. Мысалы халық Түркістан облысынан Қостанай аумағына дейін қатынау үшін Алматы, Қарағанды немесе Нұр-Сұлтан қалалары арқылы поездардың уақыттары бір-біріне сәйкес келмей жарты күн, кейде бір күн күтуге тура келеді. Тіпті кей бірі жеңіл көлік такси жалдап баруға мәжбүр, бұл өте өзекті және кезек күттірмес үлкен мәселеге айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 17 мамырда өткізген еңбек және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жиында атап көрсеткеніндей, «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру керектігін және бұл мәселені ұдайы назарда ұстау қажеттігін атап көрсетті.
Құрметті Роман Васильевич, жоғарыдағы жағдайларды түсіністікпен қарай отырып, халықтың мәселесінің өзектілігін жан-жақты қарастырып, жолаушыларға мүмкіндігінше жағдай жасап, «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында «Қызылорда — Түркістан — Шымкент – Жамбыл, Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызының ашылуына ықпал етуді, депутаттық сауалға Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
«NurOtan» партиясы
Фракциясының мүшелері Ф. Қаратаев
Қ. Ержан
Қ. Абасов
Б. Бекжанов
М. Елюбаев
Ғ. Ташқараев
Б. Смағұл
М. Төлепберген
А. Бердалин
А. Үйсімбаев