Бүгінгі жастар – ертеңгі болашақ ата-ана
Бақыт Расилова (суретте) Меркі ауданы, «Қызыл ту» ауылында 1944 жылдың тамыз айында дүниеге келіпті. 1961 жылы Сұрат ауылының жігіті Шәмшиев Мырзаханмен отау құрған олар дүниеге екі ұл, үш қыз алып келіп, одан 12 немере, 21 шөбере көріп отыр.
Бұл күндері өзінің қариялық тәлім-тәрбиесін беріп отырған әжеміз өткен қиын күндерді еске алып, бүгінгі жастардың болашағы жарқын болуына бар жағдай жасалып жатқанын үнемі айтып жүреді. Тұңғыш қызы Ләззат тұрмысқа шыққаннан кейін, 1985 жылы отағасы қайтыс болып, қалған балаларының тәрбиесі өзіне қалды. Өзінің ерен еңбегінің арқасында бүгінде ұл-қыздарының барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, үй-жайлы болды.
Бақыт замандасымның еңбек жолы сол кездегі «Коммунизм туы» газетінде хатшылықтан басталды, кейінгі жылдары тігін фабрикасында 26 жыл бақылаушы болып қызмет атқарды. Сол мекемеден 50 жасында бес баламен зейнетке шықты.
Зейнетке шыққаннан кейін аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Әжелер» ән-би ансамблінің мүшесі болып, еңбектенуден қол үзбеді. 2014-2015 жылдары арасында бір ұлы мен қызының кенеттен қайтыс болуы оның денсаулығына сызат түсіргені анық еді. Алайда, «өмір – күрес» дегендей, әжелер ансамблінің мүшелерінің мейірімі мен әннің құдіретінің арқасында ауруды жеңіп, осы сәтке дейін ұжыммен бірге. Аталған ұжым мүшелері әрбір мереке күндері өздерінің өнерлерін аудан тұрғындарына паш етеді. Әжемізбен ашық сұхбаттасқан кезде ол кісі бүгінгі жастардың кейбір іс-әрекеттеріне көңілі толмайтындығын да ашық айтты. Үлкенге ізет көрсетіп, кішіге құрмет білдіруден қалып бара жатқанымызды да ортаға салған Бақыт апа бұл үрдістің ұлтымыз үшін жат екенін де жеткізген еді.
Бақыт Расилованың негізгі тұжырымдарына тоқталып, өзіне сөз берсем:
– Бүгінгі жеткіншектердің бәріне топырақ шашқым келмейді, әйтсе де ұлдарымыз мейірімсіз, қатыгез болып өсіп келеді, ал кей қыздарымыз дөрекі, әдепсіз, мектепке барып, әсіресе, үзіліс кезіне тап болсаң, жол бермек түгілі қағып-соғып кететін оқушылар да бар, базарда отырған қыз-келіншектер қолдарындағы ұялы телефондарынан бас алмайды, дұрыс қызмет те көрсетпейді, жастар кейде үлкенге жол беруді білмейді, әсіресе, оны «Меркі МЕГА» сауда үйіне кіргенде көп байқаймын. Қазіргі жас келіншектер көп баланы дүниеге әкелгенін міндет етіп айтады, бұл қазақ келіндеріне лайық сөз емес. Себебі, қазақ атамыз айтпақшы, әр баланың өз нәсібі бар. Әрбір ата-ана дүниеге бала әкелген соң солардың тәрбиесіне жауап беретінін ұмытпауы керек.
Ең үлкен тәрбие – өздерінің тәрбиесіне байланысты, сөздеріне ісі сай болуы керек. Жас отбасы иелері өз ата-анасына деген қошеметін, құрметін көрсете алса, оларға да сондай қошеметті балалары көрсетуі сөзсіз. Көп нәрсе анадан, ана тәрбиесінен келеді,– деген Бақыт апа басқа да өсиет сөздеріне қосымша болар мына бір «Ақ жаулық» атты әңгімені айтып берген-ді.
«Жас жұбайлар бақытты өмір сүріп жатқандай еді. Бірақ, арада көп өтпей жатып, жаңа түскен келін оғаш мінез көрсетті. Оған күйеуінің шешесі, яғни, өзінің енесі ұнамайды екен. «Мен 80-ге келген шешеңді бала құсатып бағып отыра алмаймын, оны күтіп баптайтын өкіметтің арнайы орны бар емес пе, есі дұрыстар ондай ауру-кәрі құртаңдарды сонда апарып тастайды. Мен сенің анаңның киімін жуып, дәретін төгіп отыру үшін келгенім жоқ» – деп, күйеуінің миын жеп, ақыры оны өз дегеніне көндіріп тынады.
Ана байғұс қайтсін, қарттар үйінің тұрғыны болып шыға келді. Ол жерде бәрі жақсы секілді көрінгенімен, туған үйіңдей қайдан болсын. Бірақ, туған үйім дейтіндей үйі қалды ма? Кең мекенді тар қылып, келіні күн көрсетпейді емес пе? Сөйтіп, қарттар үйіндегі күндер өтіп жатты. Күйеуіне сөзін өткізіп, күшіне мінген жас келін енесінен қалған бүкіл затты, киім-кешектің көзін құртып, біраз «шаруа» тындырды. Үйге жөндеу жасатты, онан соң жаңа жиһаз, мүлік алдырып, бөлмелерді толтырды. Тек дәліздің есігі дұрыс жабылмайтын болғандықтан оны жаңасымен ауыстырғанша енесінің қалып қойған жаулығын екі тұтқасына байлай салған еді. Жалғыз сол болмаса қарт ананы еске түсіретіндей үйде түйір зат та қалмады. Есігі ашылып-жабылған сайын қажалып, түтіле түскен ақ жаулыққа тіл бітсе мұң шағар ма еді. Алайда, ондай ғажайыпқа жол қайда. Бір күні екі кештің ортасында аяқ астынан келіннің іші қатты бүріп ауырды. Жатын бөлмедегі жұмсақ диванға да жете алмай, ішін ұстап жерге бүктеліп отырып қалған жас келіннің өңі бозарып, тынысы тарылып барады. Құдай айдап тыстан күйеуі келе қалмасы бар ма, бірақ, ол не істейді? «Ішім, ойбай ішім» – деп, екі бүйірін ұстап, бүктетілген келіншегін әрең демеп төсекке апарып салды. Сәл тынышталғандай болғанда, күйеуі «Жаным, жедел жәрдем шақырайын» – деп, телефонды қолға алған, әйелі басын шайқап: «Керегі жоқ, қазір басылар. Одан да ішімді байлайтын бірдеңе әкелші» деп өтінеді. Күйеуі үйді он айналып ештеңе таппады. Әйелінің басына орамал салмайтыны да есіне түсті. Бұл үйде орамал жоқ, «Шешемнің жаулықтары қайда кеткен» деген ой санасынан сырғып өтті. Енді не істемек керек. Кенет есіктегі орамалға көзі түсті. Ақ жаулық, шешесінің орамалы, тәтті иіс бұрқ ете түсті. Мұрнына апарып бір иіскеп алып, сонымен әйелінің ішін байлады. Ал, әйелі ішін немен байлап жатқанында шаруасы жоқ, көзін тарс жұмып алып, бүк түсіп жатыр. Келін сол жатқаннан, ұйықтап кетті. Түнде түс көрді. Ерте тұрып, ештеңе болмағандай, ауруынан құлан таза айыққандай және өзі бұрынғыдай емес, өмірге қайта туғандай. Күйеуі жұмысына жиналып жатқан. «Мамам қалай екен, сен оған қашан бардың?» – деп сұрады. Күйеуі өз құлағына өзі сенбей, «Не дедің?» – дейді. «Мамамды айтам, оған қарттар үйінде қиын болар, біз оны үйге алып келсек қайтеді. Өзім қараймын, мен қателік жасаппын» – деп жылады. Жігіт аң-таң. «Мен түс көрдім, менің ішімді ауыртып жатқан болашақ сәбиіміз екен. Ол: «Сен менің мамам емессің, себебі, сен менің әжемді далаға тастадың. Сен жамансың» – деп тепкілеп жатты. Сонда мамам келді де басындағы ақ жаулығымен ішімді жапты. Сәби де тынышталды. Көзіне жас алып: «Сен неғып тұрсың, бар мамамды алып кел, мен бөлмесін дайындайын, заттарын кіргізейін, ас әзірлейін». Күйеуі де көзіне жас алып, қуаныштан анасын алып келейін деп, сыртқа шығып кетті.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар», – деп халық тегін айтпаса керек. Сондықтан да қарттарды сыйлаңдар, құрметтеңдер.
Роза Байбосынова,
Меркі ауданы, Әжелер кеңесінің мүшесі.