Жайылма ауылдық округінің құрылғанына 30 жыл

Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің халық алдындағы есепті кездесуі Жайылма ауылдық округінде жалғасты.

 

Кездесу жиынның күн тәртібіне сай, әуелі округ әкімі Жандарбек Смағұлов тұрғындар алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша хабарлама жасады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, шатқаяқтаған шаруадан, ауылда атқарылған жұмыс көп. Төрт мыңға жуық тұрғыны бар ауылдық округтің тұрмысы жыл санап түзеліп келеді. Мәселен, былтыр ауылды көріктендіру және көгеріштендіру жұмыстары бойынша 3 340 түп жасыл желек отырғызылған.  

Осылайша «Жасыл белдеуге» бағыт алған ауылдың инфроқұрылымы да жергілікті тұрғындарға жайлы өмір салтын қалыптастыруда. Оның бір дәлелі, округтегі 25 көшенің 20-сына асфальт жабындысы төселген. Қалған 5 көшені жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, биыл бюджетке ұсыныс берілген.

Есепті жиында аудан басшысы барлық салалық бағыт бойынша аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды кестелік көрсеткішпен сөйлетті. Оның ішінде: инфроқұрлым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина және білім мен мәдениет салаларының барлығы қамтылды. 

Жиынның жүргізілу тәртібіне сәйкес, есепті кездесудің соңы сұрақ-жауап форматында өтті. Осы ретте өріс жайып мал баққан, егіс егіп нан тапқан ауыл шаруаларының сұрауы — суармалы су мәселесі. Есепті жиынға қатысқан тұрғындарды толғандырған сұраққа аудан басшысы ашық жауып берді. 

— Әуелі игерілусіз жатқан жайылымды жер бойынша келер болсақ, аудандағы орман шаруашылығына өтіп кеткен 147,0 мың га  жердің 68,0 мыңын қайтару бойынша жұмыстарға қол қойылды. Ал, мал-жанын сатып, шаруашылықтан қол үзген азаматтардың игерілусіз қалған жерін қайтару жұмыстарының заңдылықтары қарастырылуда. Сондай-ақ, жасыратыны жоқ, биыл жерге ылғал түспеді. Бұл да қуаңшылыққа әкеліп соғатынын жақсы түсінесіздер. Бірақ, мал азығынан шашау шықпады. Малымызды қорада қамап ұстаған жоқпыз. Қысы-жазы жайылымда жүрді. Облыс басшысы Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сай, Таластың суын қос аудан теңдей бөліп ішеді, — деді аудан басшысы өз жауабында.

 

Жиынды қорытындылаған ауыл ақсақалы Тобақабыл Қажыкенов аудан және ауыл әкімдерінің тынымсыз тірлігіне ризашылығын білдіріп, барша ауыл ақсақалдарының атынан ақ батасын берді.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі