Жамбыл облысындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 97 пайызға жетеді
Облыс әкімі жолдардың жағдайы бойынша көрсеткіш жыл сайын жақсарып келе жатқанын, дегенмен жолдағы қауіпсіздік мәселелері күн тәртібінен түспейтінін баса айтты.
— Халықты негізгі толғандыратын мәселелер – ауыз су, газ, жол екендігі белгілі. Мемлекет басшысы осы бағытқа айрықша назар аударып, нақты міндеттер жүктеген болатын. Облысымызда соңғы жылдары жол жөндеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың көрсеткіші артуда.
Дегенмен жол көлік оқиғаларының азаймай отырғандығы алаңдатады. Жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Жол бойында қараусыз жүрген малдардың иелерін жауапкершілікке тарту қажет, — деді аймақ басшысы.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков биыл 393,4 шақырым жол орта жөндеумен қамтылатынын жеткізді.
— Барлығы 126 жол жөндеу жобалары іске асырылатын болады. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасымен – 21 жоба, «Ауыл-Ел бесігі» бойынша – 77 жоба, жергілікті бюджеттерден – 28 жоба жоспарланған.
Жалпы, 149,3 шақырым облыстық, 58,5 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 185,6 шақырым елді мекен көшелері жөнделетін болады,- деді Б. Жәнібеков.
Басқарма басшысы автожолдардың сақталуы мен ұзақ мерзім қызмет етуінің негізгі жолы, оларды пайдалану ережелері мен талаптарының бұзылмауын қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Дегенмен, ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалуынан автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылу фактілері жиі кезедеседі. Инспекцияда жылжымалы бекеттер санының жетіспеуінен жергілікті жолдар өз деңгейінде бақылаумен қамтылмайды. Осы ретте облыстық бюджет есебінен 2 дана арнайы жылжымалы көліктік бақылау бекетін сатып алу ұсынысы көтерілді.
Аймақ басшысы ұсыныс бойынша шаралар қабылданатын жеткізді.
Жиында «Қазавтожол» ЖШС облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу шаралары туралы баяндады.
— Жол бойында заманауи сервистер салу бойынша тапсырма осыдан екі жыл бұрын берілген болатын. Алайда, екі жылда екі-ақ сервисте салынған. Бұл бойынша аудан әкімдері тиісті басқармамен жұмысты жүйелеу керек. Жол бойындағы қоқыс жәшіктері толып, төгіліп жатады. Санитарлық тораптарға кіру тіпті мүмкін емес.
Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, конкурстарды ұйымдастыру шараларын сапалы әрі уақыт созбай өткізу қажет. Жобалар бойынша жөндеу жұмыстары мерзімінен кешікпеуі тиіс. Арнайы жоспар-кестенің сақталуын қатаң бақылаңыздар. Жайбасарлық жағдайды жақсартпайды.
Жол қауіпсідігіне барынша көңіл бөліңіздер. Автомобиль жолдарының адам өтетін жерлерінтүнгі жарықтандырумен қамтамасыз ету керек. Индикаторлық көрсеткіштермен шектелмей, нақты нәтиже үшін жұмыс істеңіздер,— деген Бердібек Сапарбаев облыс орталығы көшелерінің жай-күйін зерделеу, «Сергек» камераларын орнату бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Жиын қорытындысымен жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.