Әдеп Кеңесі депутаттарды тезге салмақшы
НЕМЕСЕ ДЕПУТАТ ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВҚА ӨКПЕЛІЛЕР НЕГЕ АЗАЙМАЙ ТҰР?
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттық этика жөніндегі кеңес құрылғаны белгілі болды. Демек, әдеп сақтамайтын, аузына келгенді «құса салатын» депутаттарға сақ жүруге тура келіп тұр. Журналистерге әкіреңдеп, жүре жауап беретіндер мен қабағынан қар жауып, қайда отырғанын ұмытып қалатындар да жиі кездесетіні рас. Ол аз десеңіз, «халықтың сөзін сөйлейді-ау» деп, алыстан ат арытып келетін жұртпен кекірейіп, астамсып сөйлесетін мырзаларға да тықыр таянды. Тағы бір белгілі болғаны, егер депутат қоғамдық орында, көшеде, жұмыста жүргенде өзін мәдениетсіз ұстаса, дөрекі сөйлеп, біреуді балағаттаса, кез келген адам үстінен шағымдана алады. Өкпелісің бе, заңсыздық байқадың ба, кеңеске жүгін!
Жүйкеңді жұқартып, ашуға берілме! Алдағы уақытта Мәжілістің өз ішінен құрылған кеңес оларды тезге салып, оған да бой ұсынбаса, қызметтен қууға дейін бармақ. «Әп бәрекелді!» дейік. Өйткені халықтың салығынан қомақты жалақы алып отырған қалаулылар әр сөзі мен ісіне абай болғанын талап ету — әділдік! Ата Заң ешкімді алалауға жол бермейді. Енді кеңеске кімдер мүше, сол жайлы бірер мәлімет мынау. Жалпы отырыста Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин: «Кеңес құрамына жеті депутат енді. Депутаттар кеңесін Қуаныш Сұлтанов басқарады. Құрамға Сауытбек Әбдрахманов, Құралай Қаракен, Евгений Козлов, Екатерина Никитинская, Шавхат Өтемісов, Тұрғын Сыздықовтар кіреді. Бұлар Орталық сайлау комиссиясымен бірге депутаттық этиканы бұзған депутаттарға шара қолданумен айналысады», — деп анықтап берді. Көпке түсінікті болу үшін айта кетейік, этика жайлы мәселе аспаннан түсіп отырған жоқ. Депутаттардың әдебі жайлы нормалар «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында айтылған. Сондықтан оны жүзеге асыру — ұлы міндет. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін жаңа құрылған «Әдеп кеңесінің» басшысы болып сайланған депутат Қуаныш Сұлтановты сөзге тарттым.
— Қуаныш Сұлтанұлы, Сізге жалғыз сұрағым бар. Ол әлеуметтік желілер мен сайттардағы сізге қатысты даулы мақала жайлы. Сіз одан хабардар боларсыз?
— Иә, оқыдым, білемін.
— Онда қысқаша айта кетейін. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының G20 cаммитіне байланысты арнайы шығарылымында қонақта болған кезіңізде «Қытай өзі дәстүрлі халық. Дәстүріне көп сүйенеді. Бұрынсоңды олар Қазақстанды ешқашан мемлекет деп мойындаған емес. Кезіндегі шекара бөлістерінің бәрі Қытай мен Ресейдің арасында болған. Біздің қазақтың жерін бөлгенде қазақ қатынаспаған. Неге қатынаспаған? Мемлекет болмағанбыз. Біз Ресейдің құрамында болғанбыз. Осыны біз қадірлей білуіміз керек. Осыны біз бағалай білуіміз керек…» депсіз. Бұл айтқаныңызды талқыламай-ақ қоялық. Бірақ неге олай айтқаныңызды білгіміз келеді. Жалпы, өзіңізді қаралап жатқандарға қандай уәж айтасыз?
— Бұл жерде сөз былай айтылған. Бізді, қазақ жерін Ресей мен Қытай кезінде бөлген. Сөйтіп, шекара өткен. Бірақ қазақ қатынаспаған. Неге қатынаспаған? Оған қатынаспаған себебі мемлекет болмағандықтан деген сөз айтылды. Ол жерде жалпы мемлекеттің тарихы туралы әңгіме болған жоқ. Контекстен жұлып алып берген. Мемлекет болмады деген сөзді айтқанда қандай да бір жала жаба беруге болады. Көкейдегі көп сауал осылайша кеудемде тұншығып қалды. Соңғы уақыттары ресейлік саясаткерлер «Қазақтарда мемлекет болмаған, мемлекет болмағасын, шекара қайдан болсын» деп екі күннің бірінде сұхбат беріп арандатып жатыр. Жалпы, осы бір «мемлекет болмаған» деген тіркесті айтуда абай болған дұрыс-ау.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК