Жамбыл облысында пилоттық жоба аясында шаруаларға жаңа техникалар берілді
Салтанатты шарағы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, техникалармен және аталған жоба аясында өндірілген өнімдер көрмесімен танысты.
Аймақ басшысы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
— 2019 жылы қолға алынған «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы қолға алынған болатын. Жобаның алғашқы кезеңі нәтижелі жүзеге асып, жүздеген ауылдықтардың табысының артуына жол ашты.
Мемлекет басшысының тұрғындардың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру тапсырмасының орындалуына да бұл жобаның тигізер пайдасы зор.
Қазіргі таңда екінші кезең бойынша қаржы бөлу үшін Үкіметпен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні жеңілдетілген несие алған тұрғындардың қайтарым қаражаты есебінен жаңа округтер қосылған болатын. Қайта қаржыландыру есебінен Жамбыл ауданынан Өрнек, Байзақ ауданынан Үлгілі және Жуалы ауданынан Ақсай ауылдық округтерінің тұрғындарына несие берілді.
Бүгінгі жаңа техникалар аталған ауылдық округтерде жаңадан құрылған ауылшаруашылығы кооперативтеріне берілуде.
Ұсақ шаруашылықтар бірігіп, жұмыс жасаса, ұтылмаймыз. Сол арқылы несие алу, техника тапшылығын болдырмау, сапалы тұқым, тыңайтқыш алу, өнімдерді өткеру секілді мәселелерді тиімді шешуге болады. Ірі агрохолдингтер құру бойынша да жұмыстарды жеделдетуге тиіспіз.
Соңғы жылдары суармалы су тапшылығы туындап отырғаны белгілі. Бұл орайда каналдарды тазалап, қолда бар суды үнемді жұмсау керек. Жерасты суларын пайдалану да маңызды. Ол үшін ұңғымалар қазу ісіне барынша көңіл бөлген дұрыс,-деген облыс әкімі шаруалардың жұмысына сәттілік тіледі.
Бұл күні кооперативтерге жалпы көлемі 260,6 миллион теңгеге 30 техника берілді. Оның ішінде 5 «LOVOL» тракторы, 4 тіркеме, 1 жүгері комбайны, 1 тас жинағыш машина, 2 дискілі тырма, 4 соқа, 1 культиватор, 3 дәнге тыңайтқыш себетін техника, 2 арық қазатын техника, 2 бүріккіш, 1 жүк салғыш, 3 Simpa бумалағышы, 1 тыңайтқыш себетін машина бар.
Айта кетейік, бұған дейін жергілікті бюджет есебінен лизингке 194 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары қолданысқа берілген болатын. Айта кетерлігі, бүгінде пилоттық ауылдық округтардағы ауыл шаруашылығы техникалары 36 пайызға жаңаланған.