Бас Прокурор: «Биік мақсаттарға жету үшін жастар өз ісінің шебері болуы керек»
Ақтөбеде үздік студенттермен кездескен Бас Прокурор Жақып Асанов жастарға мақсат қоюдың маңыздылығын, арманға жету үшін аянбай еңбек ету керектігін, өмірде бір саланың маманы болу қажет екені туралы әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде «Биік мақсаттарға жету үшін жастар өз ісінің шебері болуы керек» дейді.
«Әрбір азамат өмірінде өзінің қолынан келетін істі тауып, оның шебері, маманы, майталманы болуы керек. Оған жету үшін әрбір адам өзін-өзі дамытуы керек, белсенді болуы керек, алға ұмтылуы керек. Ұмтылыс дегеніміз – дұрыс жоспар құрып, барыңды, жаныңды салып, соны орындауға тырысу. Өзіңді өзің қайрап, қинамасаң, алға жылжу деген ешқашан болмайды.
Өз жұмыстарыңа беріліп, ерінбей оқып, тер төксеңдер, онда кемінде бір саланың маманы, шебері болып шығасыңдар. Сонда сендерге міндетті түрде сұраныс та болады, жағдайларың да жақсарады.
Қазіргі тамаша заманда өмір сүріп жатырсыздар. Еліміз тәуелсіз, барлық елдермен тереземіз тең. Білім аламын, өсемін, адам боламын деген жастарға барлық мүмкіндік бар. Тек болашақтарыңа балта шабатын нәрселерден аулақ болыңдар», — деді Бас Прокурор.