Индустриалдыинновациялық саясат — стратегияның басты бағыты

Бүгінде мемлекет басшысы міндеттеген Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың кезеңі өз ретімен орындалып келеді. Сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет пен қоғамды өзгертетін, ел экономикасын жандандыратын бұл бастамасы — жарқын болашағымыздың келбеті. Ұлт жоспарының 55-қадамында: Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы және экспорт тауарлары үшін өңдеу өнеркәсібіне ең кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту. Халықаралық экономикалық нысандардың жаңа мүмкіндіктері туралы халықаралық бизнесті ақпараттандыру жайында сөз болды. Бұл ең алдымен, экономикадағы өндіріс саласын жетілдіруге бағытталғандықтан, индустриалды инновациялық саясатымыз дамудың ғылыми техникалық және өндірістік әлеуетін өсіреді. Сол себепті жоғары технологиялы өндірісті қалыптастыру, индустрияны жандандыру мен экономика құрылымының қарқынды дамуында да экономика саясатын әртараптандыру арқылы экспорттық өсімді арттыруға мүмкіндігіміз мол.

Осы ретте нарықтық экономиканың нақтылығы мен перспективасын жетілдіруге күш салып жүрген Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалдыинновациялық даму басқармасының жұмысын айтпай кете алмаймыз. Бұл ретте Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әубәкіров Ғанибет Қанатұлымен өткен сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

— Ғанибет Қанатұлы, бүгінде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары даму жолымыздың айқын көрінісіне айналды. Реформа аясында сіздердің тараптан қандай жұмыс атқарылып жатыр?

— Мемлекет басшысы міндеттеген Ұлт жоспары қазір даму жолымыздың оңтайлы бағытына айналды. Баршаға арналған «100 нақты қадам» — елімізді жарқын болашаққа бастайтын жол. Ұлт жоспарының 55-56-шы қадамдарына сәйкес, индустрия саласын әртараптандыру — бірінші кезекте тұрған мәселе. Өйткені индустриалдыинновациялық саясат стратегияның басты бағыты болғандықтан, Елбасы міндеттеген тапсырманы жүзеге асыру — басты міндетіміз. Айталық, Алматы қаласында Индустрияландыру картасының бірінші бесжылдығында 3336 жұмыс орны құрыла отырып, 280,4 млрд. теңгеге 20 жоба іске асырылды. Бүгінгі таңда барлық жоба жоспар бойынша жұмыс жасауда. Сондай-ақ, Карта шеңберінде бес жыл ішінде 42,1 млрд. теңгеге тауарлар өндірілсе, салық аударымдары 23,7 млрд. теңгені құрады. Кәсіпкерлікті қолдау Картасының екінші бесжылдығына 11059 жұмыс орнын құра отырып ,173,5 млрд. теңгеге 73 жоба кіріп отыр. Өткен жылы 269 жұмыс орнының қосылуына 4,7 млрд. теңгеге 7 жоба іске асырылған болатын. Атап өтілген кәсіпорын басшыларымен арнайы кездесулер өткізіліп, бағдарлама шеңберіндегі қолдау туралы ақпарат кеңінен түсіндірілді.

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында бөлінетін мемлекеттік гранттар жайлы ақпарат беріп өтсеңіз.

— 2016 жылы республикалық бюджеттен Бизнестің жол картасы бизнесті қолдау және дамытудың Бірыңғай бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа 84 млн. теңге бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін бірінші кезеңде ағымдағы жылдың наурыз айында үміткерлердің өтініштерін қабылдадық. Нәтижесінде, жалпы сомасы 43,6 млн. теңге қаражат 15 грант иегеріне төленіп, қол қойылған келісімшарттар қаржы агенттігіне ұсынылды. «Даму» АҚ қолдауымен осы жылдың мамыр айында (екінші кезең) 1-15 маусым аралығында өтініштерді қабылдауға қайта конкурс жарияланды. Нәтижесінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы қаржы агенттігімен бірге жалпы сомасы 40,4 млн. теңгелік он алты грант иегерлеріне келісімшарт толтырылды. Қазірде жыл сайын үміткерлер саны күн санап артып келеді. Әрине, олардың әрқайсысы индустрияға үлес қосуға ниетті.

Отандық өндірісті өркендетуге, әртараптандыруға, инвестициялық жобаны еселеп көбейтуге мүмкіндік беру арқылы экономикалық қуаттылықты арттыратындығымыз белгілі. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат мынадай алмағайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялдық Қазақстанды жасауымыз керек. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадрлар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңарады. Біз шынымен де отыз өркендеген, өскен елдің арасына енеміз. Мақсатымыз сол. Осындай мақсат қойған ел қызметкерлерінің жұмысы да қызық болады. Істеген жұмысыңның ертең нәтижесін көресің өзің. Қолыңмен істейсің, көзіңмен көресің, елдің ризашылығына бөленесің. Осы жұмысты атқару бәрімізге бақыт. Осы бақытты пайдаланып еңбектенейік, халқымызға қызмет етейік», — деген еді.

Елбасының осы сөзін басшылыққа ала отырып, қазір осыған байланысты өз жұмысымызды бастап та кеттік. Мемлекет басшысы инновациялық аймақтық даму мен инновациялық хабтың құрылуына арнайы тапсырма міндеттеді. Бұл мақсатта Алматы қалалық қолдау орталығында «Almaty Innovations» даму орталығы құрылды. Басты мақсат инновациялық дамудың стратегиясын жобалау, инновациялық қызметтің субъектілерін шоғырландыру болса, негізгі қызметі мониторинг пен инновацияны дамытудың жарнамасын жандандырумен қатар, жергілікті атқарушы органдарға қатысты сұрақтардың шешімін табу болып табылады.

— Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақ туралы қысқаша мәлімет берсеңіз.

— Инновациялық технологиялар паркі, әрине, мемлекет басшысы міндеттеген «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жүзеге асырылып отыр. Инновациялық технологиялар паркін жүзеге асыру барысында 20,5 млрд. теңге инвестиция құйылды. Оның ішінде 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,16 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Салықтық аударымдар 10,45 млрд. теңгені құрады. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында 1,7 млрд. теңгеге өнім өндірілсе, арнайы экономикалық аймақта 145 компания тіркелді. 62 пайыз бос тұрған бөлік ғимараттар, яғни әкімшілік ғимараттар, өрт депосы, КПП құрылысы аяқталып, көгалдандыру мен аймақты жаңарту бойынша да жұмыс жасалынып отыр.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл