ҚР Парламентінің Мәжілісі: Жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды

Бүгін Елордада Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Бұл жөнінде  «ЕлАна» ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Онда депутаттар азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда қарайды. Сонымен қатар, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер де бірінші оқылымда Палата назарына ұсынылады деп күтілуде. Жалпы отырыста Мәжіліс Ресеймен қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция шеңберінде Қазақстан мен Ресейдің уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы Заң жобасын талқыламақ. Бюро отырысында Қаржы және бюджет комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысында, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Павлодар облысында көшпелі отырыстарын өткізу мәселелері де назардан тыс қалмады.