Елбасы Израиль халқына көңіл айтты
Бүгін Қазақстан Президенті Израиль мемлекетінің елшілігінде болды. Мемлекет басшысы елшілікте Израильдің бұрынғы Президенті Шимон Перестің рухына арнап гүл шоғын қойып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев орны толмас қайғыға байланысты Израиль халқына барша қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан көңіл айтты.
– Бізді байырғы достық қарым-қатынастар байланыстырды. Шимон Перес өз өмірін халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған көрнекті тұлға еді. Ол шын мәнінде ұлы президент бола білді, оның есімі Израиль халқының жадында әрдайым сақталады. Ол әлемдік ауқымдағы көшбасшы болды. Таяу Шығыстағы қақтығыстарды реттеу ісіндегі Ш.Перестің үлесіне баға жетпейді. Оның бейбітшілікке қол жеткізуге және сақтап қалуға бағытталған қызметін әлемдік қоғамдастық жоғары бағалады. Елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасын дамыту үшін де ол көп нәрсе тындырды, – деді Елбасы.
Соңында Қазақстан Президенті Израиль халқына амандық пен бақ-береке тіледі. Естеріңізге сала кетейік, 13 қыркүйекте 93 жастағы Израильдің тоғызыншы президенті (2007-2014 жылдар) Шимон Перес миына қан құйылуы себепті ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген болатын. Екі аптаға жуық ауыр сырқатпен күрескен дәрігерлердің дәрмені айтып келмейтін ажалдың күшіне төтеп бере алмады. Осыдан екі күн бұрын о дүниелік болған Шимон Перес егде ақсақалдық шағында (84 жас) таққа отырған бірден-бір ел басшысы ретінде тарихта қалды.
«ЕлАна»