ХАЛЫҚ СҰРАДЫ, МƏСЕЛЕ ШЕШІЛДІ
Қазір қала ішінде қауырт жұмыс. Ауа райының қолайлы болуы да талай шаруаны атқаруға сеп болып отыр. Десе де, бірқатар істер атқарылып жатқанымен, кезегін күткен мəселелер де аз емес.
Соның бірі- Мақұлбек ауылы тұрғындарына үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін ағын су арығын тарту болатын.
Бұл мəселе Қаратау қаласының əкімі Д.Байымбетовтың М.Əуезов атындағы орта мектепте өткен халық алдындағы есепті кездесуінде де көтерілген. Арада көп уақыт өткен жоқ. Дархан Тобашұлының қолға алуымен тұрғындарға ортақ түйткіл оң шешімін тапты.
Тау бөктерінен созылған ескі арық сілемдері қайта қазылып, техника жүре алмайтын жерлерге көптің күшімен асар ұйымдастырылды.
Игі іске аудандық мəслихаттың депутаты М.Несіпбаев, Қасқабұлақ орта мектебінің директоры Х.Мұстафаев жəне жергілікті тұрғындар атсалысты. Алдағы уақытта мұндағы 34 үйдің шарбағына ағын су жететін болады.
Ендігі жерде қолға кетпен ұстап, шаруа баққан тұрғындар үй іргесіндегі жердің игілігін көреміз деген ниетте.
Талас ауданы