ЖЕТЕЛІ СӨЗ ЖЕТЕГІ
Жеті санымен астасқан қазақтың тарихы мен наным-сенімінің тамыры тереңде. Ғалымдардың бағамдауынша, дүниедегі жарық атаулының жеті түстен тұратыны дәлелденген. Тіпті, кәдімгі кемпірқосақтың пайда болуы да осы жеті түске тікелей қатысты екені рас. Ал қазақтың төл мәдениеті мен тарихынан хабар беретін «жеті қазына», «жеті ата», «жеті жарғы», «жетіге тиіспеу» сынды ұлттың болмысына айналған сөздің барын көп жұрт білсе де, ескере бермейді.
Қазақ нанымындағы жетіге қатысты атаулардың ішіндегі «жетіге тиіспеу» қағидатында үлкен мән бар. Бұл туралы XV ғасырдың ғұлама ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабында жазылған. Ол кітапта ғалым адами түсінік пен пайым-парасат, тұлғалық сипат қалыптастыруда аталған жеті қисынның маңызы зор екенін алға тартқан. Жақсылық аты – алғыс, қиянат аты – қарғыс екенін оқырманға жетізген. Сонымен, қазақ «Жетіге тиіспеу» деп нені айтқан?
Әуелі көктемде көктеп келе жатқан көкке тиіспеу туралы айтады. Бала күнде жазғытұрым болысымен «көк шөпті жұлма, көктемей қаласың» деген ата-әже тыйымында да тиянақты тәрбие болатын. Бұл қазақтың обал-сауап төңірегіндегі тәлім-тәрбие, тәртіп тұжырымы. Жетіге тиіспеудің екінші бір тыйымы – қыбыр-жыбыр тірлігін енді бастаған ұсақ жәндік – құрт-құмырсқаға тиіспеуді өсиет етеді. Бұл да қазақтың қанына сіңген қастерлі түсінік. Мәселен өрмекшіні өлтіргісі келген балаға үлкендер бірден: «Бұл пайғамбарды құтқарып қалған қасиетті жәндік» деп оны арашаласа, құмырсқаны «еңбекқор» деп өзгесінен «бір төбелеп» ақтап алады. Осылайша, әр жәндіктің қасиетін түгелдеп, олардың да тірі жан иесі екенін ұрпағына ұғындырады. Бұл қазақтың бойына бала жастан сіңуі тиіс мейірімнің көрінісі.
Осы тыйымдағы айрықша өсиеттің бірі «Қашан да қонаққа тиіспеу» ұстанымы. Қонақ десе астындағы жалғыз атын сойып, алдындағы адал асын аузына тосатын қазақ үшін бұл қағидаттың жүйесі бөлек. Өйткені үйіне келген мейманға иіліп жастық, жайылып төсек болар жалғыз ұлт болса, ол – қазақ. Бақсақ, қонақжайлықты баласының зердесіне құлын жасынан құйған дана қазақ тектілігін осылайша толықтырып отырған.
Ата-баба салт-дәстүрін негізге алған «Жеті жарғыға» жүгінсек те, қазақ үшін қонақжайлық бұлжымас заң ретінде қабылданған. Ең қызығы онда қонақтың құқығымен қатар, ауылға түспес бұрын ұстанар тәртіптері де нақты атап көрсетіледі. Айталық, жолаушы қонар үйді межелегенде ауылдың сыртымен оң келуі шарт. Онда да төтелеп тартып, қотан-қораны жағалай өтуге болмайды. Сосын көңіл көншітер үйге жеткен жолаушы үйдің сыртынан жақындап, ата салтымен сәлемнің жоралғысын жасап, сонан соң барып «сөйлесетін кім бар-ау?!» деп дауыстайды. Бұл ретте, аталған жөн-жосынның мүлтіксіз орындалуы үй иесіне қонақтың көргенді-көргенсіздігінен хабар беріп, адамдық қасиетін мәлім етеді.
Қонақжайлық дәстүрі бойынша құрметті қонақ келсе үй иесінің өзі аттан түсіріп, не балалары, әйелі, қызы қонақтың атын байлайды. Бір кереметі, жолаушы ауылға түспей өтіп кетсе, ол жөн білмегендіктің, басынғандықтың белгісі саналып, арты өкпе-ренішке ұласып жататын тұсы да болады. Көрдіңіз бе, әлемде асымды ішпей, қонағым болмай, ақ дастарқанымнан аттады деп ренжитін, тіпті ар сотына салатын жалғыз ұлт болса – ол тағы қазақ! Осыдан соң қазақтың даналығына, баба тарихтың бай болмысты байламына таңғалмай көріңіз.
Расында жетіге түзілген қатпары қалың атауларды танып-біліп, әспеттеп құны құлдырамас рухани байлығымыз ретінде бағалау – бүгінгі ұрпақ, бізге парыз. Керек десеңіз, жаңғыру тетігіміздің бір ұшы осында деуге болады.
Өтейбойдақ баба туындысында жетіге тиіспеумен қатар «қырық бірге жұғыспау», «он екіден айырылмау» принциптерін енгізу арқылы жас ұрпақты имандылыққа, ата-баба салтын ұмытпауға шақырады.
Ғалым өзің шығар төрге, киесі бар далаға, түтін ұшар шаңыраққа, ырыс келер босағаға, парақұмар ыласқа т.б. жұғыспа дейді. Ондағысы өзінен кейінгі ұрпаққа ізгілік, имандылық пен тектілік, парасаттық, кісілік сияқты адами құндылықтар рухында тəрбие беруді меңзесе керек.
«Он екіден айырылмау» шарты имандылық тəрбиесіне байланысты ұстанымдар, бір жағынан, ислам дінінің, екінші жағынан, көшпелі түркі халықтарының моральдық талаптарына негізделгенін байқау қиын емес. Мəселен, ақылыңнан, ел бастайтын көсеміңнен, шыбын жаның шыққанша намысыңнан, көппен көрерсің еліңнен, болмашыға өкпелеп досыңнан айырылма деген жолдар қазіргі күні де мəн-мағынасын жоймағандығымен құнды.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
Жетіге тиіспеу:
1. Көктемде көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу;
2. Көктемде көбейетін жорғамаларға тиіспеу;
3. Көктемде көрінген қозғалғыштарға тиіспеу;
4. Көктемде көз ашпаған шикілікке тиіспеу;
5. Қай-қашан да қонаққа тиіспеу;
6. Қай-қашан да көршіге тиіспеу;
7. Қай-қашан да елшіге тиіспеу.