БАНКОМАТТЫ ҚАЙ ТІЛДЕ ТАҢДАЙСЫЗ?
Қазақ тілінің көсегесі көгермей жатыр, неге қазақша сөйлемейді,-деп күңкілдейміз.
Тілдің дамуы үшін әр қазақтың жауапты екенін білеміз бе?
Тіліміздің дамуына кедергі боп жүргенде өз қазағымыз екенін түсінеміз бе?
Неге дейсіз бе?
Кез келген мекемеге барғанда қызметті өз тілімізде сұрауға не кедергі?
Бәріміз ұлтжандымыз, патриотпыз, тіл жанашырымыз.
Бірақ, сол тіліміздің дамуына қолымыздан келетін нәрсені жасап жүрміз бе?
Қарапайым ғана банкоматтан ақша алғанда қай тілді таңдаймыз?
Ұялы телефонымыздың шрифті қай тілде?
“Тіл, тіл, тіл тағдырына алаңдаймын”,-деп айғайлаймыз, ал сөзіміз бен әрекетіміз сай болып, ана тілімнің көгеруі үшін не жасадым деп бір сәт ойланып көрдік пе?
Мәселен, банкоматты қай тілде көп қолданады деген мәліметте орыс тілінде қолданатындар көп екен. Осы бір мысалдан-ақ, тіліміздің көсегесінің көгеруіне өзімізде тұсау болып жүргеніміз көрініп тұр емес пе?!
Қазақ бола тұра, баламызды өзге тілде оқытамыз.
Қазақ бола тұра, өзге тілде сөйлеуге құмармыз.
Қазақ бола тұра, қызметті өзге тілде сұраймыз.
Қазақ бола тұра, бір-бірімізбен орысша сөйлесеміз.
Бұл “дерттен” емделмесек, бабалар аманаттап тастап кеткен, аналарымыздың сүтімен берілген ана тілімізден айырыламыз.
Қазақ тілі тұғырға шығып, төрден өзіне лайық орнын алсын десек, әркім өзгерісті өзінен бастауы қажет! Ол өзгеріс кішкентай ғана істен, сол банкоматты қазақ тілінде таңдаудан, қызметті мемлекеттік тілде талап етуден басталуы керек! Ана тіліміздің өгейдің күнін кешіп жүргеніне жанымыз ауырса, кез келген жерде “ыңғайлы тілді” қолдануды азайту керек!
Сонда ғана “Қазақ тілінің ешкімге керегі жоқ”,-деген “жаман кеселден” құтыламыз.
Менің Тывалық құрбым бар. Бірде меннен “Қазақстанға қызығамын, дербес елсіңдер, еркінсіңдер, ана тілдеріңде сөйлейсіңдер, біз Ресей құрамындамыз, бізде Үкіметте, жергілікті білім басқармаларында “Инспектор русского языка”,-деген мамандар жұмыс істейді. Олар тывалықтардың балаларын орыс мектебін беруді және мектепте тек орыс тілінде сөйлеуін қадағалайды, бізде толығымен орыстандыру саясаты жүріп жатыр, қала балалары тыва тілін білмейді, сөйлемейді”,-деп мұңайды. Шынымды айтсам, не дерімді білмедім.
Өз елімізде жүріп, өзге тілді дамытып жатырмыз десем, түсінбей қалар деп ойладым.
“Сөзі жоғалған елдің, өзі жоғалады”,-деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, өзімізді жоғалтпайын десек, сөзімізді, тілімізді жоғалтпайық!
Шәкен Тұрар Сәттарқызы