АСҚАҚ ҰСТАП ЖҮРЕМІЗ, БІЗ АТЫҢДЫ
Бүгін 13 наурыз жерлесіміз жалпы қазақ атаулының мақтанышына айналған Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 56 жыл толды. Батырдың туған ауылы Бірлік ауылдық округінде батыр Қайратты еске алу жиыны болып өтті.
Игі шараға аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, аудан әкімінің орынбасары Жақсыбек Исақов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, ауылдық округтегі мекеме, ұжымдар, мектеп оқушылары, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.Жиында алдымен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Бірлік ауылдық округінің имамы Серік Смайылов Батыр Қайраттың Рухына құран бағыштады. Содан соң аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, сөз сөйлеп, жиналғандарды Қайраттың 56 жылдығымен құттықтап, өмірбаян деректеріне тоқталып, патриоттық сарындағы іс шаралар легі ауданда жалғасатынын атап өтті.
Бұдан соң Бірлік ауылының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Раушан Жетібаева және Желтоқсан оқиғасының куәгері Болаткүл Жанысовалар сөз алып, Қайрат Рысқұлбековтің өмірі жолын сабақтастырып, жастарды отансүйгіштікке, тәрбиелік пен рухты болуға шақырып, түрлі естеліктерімен бөлісті.
Жиыннан кейін Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінде «Асқақ ұстап жүреміз біз, атыңды» атты тақырыпта желтоқсан құрбандарын еске алу қойылымы өтті. Алдымен мектеп алдындағы Қ.Рысқұлбековтің бюстіне гүл шоқтары қойылды. Содан соң мектептің акт залында мектеп оқушыларымен әдеби монтажбен түрлі қойылымдар көрсетілді.
Аталмыш шарада оқушылардың «Желтоқсан» атты қойылымы, жиналғандардың көздеріне жас үйірлетсе, А.Өтебай, М.Шоқай, Ж.Әділхан, Н.Мэлс, Қ.Әзімбайлар «Түрме жыры», «Анама», «Кездесеміз әлі де», «Қайраттың монологы», «Ләззаттың монологы» өлеңдерін нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар Мерей Шоқан мен Айару Бақыт «Ұлы дала» әнін, бастауыш сынып оқушылары «Батыр Қайрат» хорын орындады.
Жиын соңында аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлына сөз сөйлеп, мектеп ұстаздары мен оқушыларына өз алғысын білдіріп, аудандаға білім саласына қатысты ақпараттармен бөлісіп, осындай рухты, патриотты, тәрбиелік мәні зор ісшарлар оқушылардың ой –өрісі мен танымын ұлғайтатынын атап, осы мектепте білімді де білікті оқушылар шыға беруіне тілектестік білдірді.