Саяси модернизация – алға дамудың кепілі
Бүгінде «Ақжол» партиясы — Парламентте өз фракциясы бар ірі саяси ұйымдардың бірі. Ол өзін «сындарлы оппозиция», бизнес партиясы және «Алаш» қозғалысының ізбасары деп айқындаған.
«Ақжолдықтар» Жамбыл облысында да белсенді қызмет атқаруда. Олар өңірдің саяси-әлеуметтік мәселерінен қалыс қалған емес.
«Ақжол» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасы Мұғанбеталы Жеңісұлы Шалқарбеков бүгін арнайы жұмыс сапарымен Қордай ауданында болып, аудан әкімі Мәден Мұсаевпен кездесті.
«Оңшыл оппозиция өкілдері саясат сахнасында ел мүддесіне қызмет етуді басты мақсат санайды. Сол себепті, бүгін партия мүшелері ҚР Президенті Қ.Тоқаев белгілеген міндеттерді жүзеге асыруда елеулі үлес қосып келеді. «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлік мәселесін көтеріп келе жатқаны баршаңызға белгілі. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттау мен сол еңбектердің құндылықтарын көрсету де басты мақсат.
Облыстың ірі кәсіпкерлерінің, танымал қоғам қайраткерлерінің партиямызды қолдауы «Ақжолдың» саясаттағы салмағын айғақтайды», — деп партия қызметінен әңгіме өрбітті Мұғанбеталы Жеңісұлы.
Өз кезегінде аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы Қордай өңіріндегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. «Ең бастысы — қай партия болмасын, бірлесе жұмыс жасай отырып, бізді қолдайтын халықтың әл-ауқатын арттыру, Тәуелсіздігімізді сақтап қалу және оны ары қарай дамыту мақсатында аянбай еңбек ету керек», — деп қорытындылады кездесуді аудан басшысы Мәден Мұсаев.