Ақкөлге айрықша көңіл бөлінуде

Кезінде Талас ауданының орталығы болған Ақкөл ауылы кейінгі жылда­ры біршама қиындықты бастан кеш­ті. Тоқсаныншы жылдары тозып, то­қы­рауға ұшыраған ауылда мәселе кө­бей­ген болатын. Тіпті тұр­ғын­дар­дың әлеуметтік жағдайы әлсіз болған соң олардың біразы туған ауылдан табан аударған еді.

Алайда арада біраз жыл өткен соң мемлекет қолдауының нәтижесінде Ақкөл ауы­лы қайта түлеп, жаңару жолына түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл­ды жерлерге тиісті көңіл бөлу туралы тапсырмасына орай Ақкөл бүгінде қай­та жаңғырып келеді. Талай жылдан бері ауыл тұрғындарын толғандырған мәсе­­лелер шешімін табуда.

Хамит ЕСАМАН

Көпшіліктің кө­тер­ген мәселелеріне құлақ асқан Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек ауылды көркейту мақсатында әлі талай жұмыс атқарылатынын айтады.

Жергілікті жұртшылық талай уақыттан бері жол азабын тартып келген еді. Бүлінген, тозған ауылішілік жолдар мемлекет қол­дауының нәтижесінде қайта қалпына кел­тірілуде. Бұл күнде ауылдағы 25 көшенің 20-сына асфальт төселіпті. Сондай-ақ бұ­рын­­ғы колледждің ескі ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 200 орындық №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы болып жаңадан ашылған. Мұнда 172 адам жұмыспен қамтылған. Негізінен олардың басым бөлігін ауыл тұрғындары құрайды. Бұл арқылы ауылдағы жұмыссыздық мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Енді қазіргі таңда ауылда спорт кешені салынуда. Аталған спорт кешенінің құны 336 млн теңгені құрайды. Жобаның құрылысы биылғы маусым айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар ақкөлдіктер біраз жылдан бері ауылға газ тарту мәселесін көтеріп келеді. Осы орайда аталған мәселе де ескеріліп, қазіргі таңда Жуалы ауданының Билікөл ауылынан бері қарай газ құбыры тартылуда. Бұл құбыр арқылы Ақкөл ауылына және осы ауылға жақын бірнеше ауылға да жыл соңына дейін газ беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар ауылдықтар үшін жер мәселесі де өзекті. Бұл ретте Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратов ауылда 3 463 гектар жер бар екенін, енді мал жайылымы 5 964 гек­тар­ға ұлғайып отырғанын айтты. Ал тұр­ғындардың қажеттілігіне орай 210 гектарға жуық жайылым және егістік жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Бүгінде мемлекет тарапынан берілген түрлі мүмкіндікті пайдаланып, ауыл тұр­ғын­дарының жағдайын жақсарту да қолға алынған. Мәселен, ауылда «Бастау бизнес» жобасымен 24 адам оқып, соның ішінде 11 ауыл тұрғыны 6,5 млн теңге қай­та­рымсыз грантқа ие болған. Қазіргі кезде олар жеке кәсіппен айналысуда. Оның ішінде 9 адам мал басын көбейтсе, 1 азамат шаштараздың құрал-жабдықтарын және 1 тұрғын кондитерлік пеш алып, өз кәсіптерін бастап кеткен. Сонымен қатар 7 ауыл тұрғыны түрлі мемлекеттік бағ­дар­ла­маларға қатысып, жалпы көлемі 19,8 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған «Жомарт түлек» жобасы бо­йынша ауыл түлектерінің демеушілігімен жалпы көлемі 11,5 млн теңгеге «Тәуелсіздік аллеясы», «Түлектер аллеясы» және стрит-воркаут спорттық алаңшасы салынып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің аул­а­сы абаттандырылған. «Асарлатып үй салу» жобасы да тиісінше жүзеге асуда.

Алайда ауылда тұрғындарды алаңда­та­тын мәселелер де бар. Мәселен, «Сұлтан» каналына су реттегіш қондырғы салу және жаңа жедел жәрдем көлігін алу қа­жет. Сондай-ақ тұрғындардың дені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан бизнес идеясын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік грант қарастыруды сұрап отыр. Сол сияқ­ты ауылдан әлеуметтік дүкен ашу үшін жеңілдетілген несие алғысы келетін азаматтар да бар. Ал облыс басшылығы тұр­ғындар көтерген ауыл мектебін жөндеу мен жаңа амбулатория салу мәселелерінің де шешілетінін айтуда. Сондай-ақ кейінгі жылдары ауылдықтар үшін су мәселесі де өзекті болып отыр. Осы орайда «Ақкөл» су қоймасы күрделі жөндеуден өткен. Енді алдағы мамыр айына дейін аталған су қоймасына кемінде 90 млн текше метр су жиналуы керек. Жауапты басшылар «Ақкөл» су қоймасының жағдайын назарға алса, талай жылдан бері күрмеуі шешілмей келген су мәселесі де оң шешімін табады.

 

Егемен Қазақстан