Азық-түлік бағасы бақылауда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қаңтар оқиғасының салдарынан бастап, әлеуметтік мәселелерді ескере отырып, елдің ертеңгі даму үдерісіне серпін боларлық бастамаларды жік-жігімен айтып берген еді. Бүгін облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте Мемлекет басшысы Жолдауда айқындалған межелі міндеттерді үйлесімді жүзеге асыру мәселесі қаралып, Жолдауды насихаттауға шығатын топтың міндеті нақтыланды.
Кеңесте алдымен өңір әкімі Бердібек Сапарбаев маңызды құжатта айтылған сайлау жүйесін жетілдіру, құқық қорғау институттарын күшейту, өңір мен облыс орталықтарының атауын өзгерту сынды мәселелерге қысқаша тоқталды. Бұдан соң Жолдаудағы басым бағыттардың бірі, яғни дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы өңірдегі ахуал жайында кеңінен баяндады.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты үкіметке дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндеттеді. Соның ішінде азық-түлік бағасы мен ауыл шаруашылығын жетілдіру жайы да айтылды. Қазір облыста азық-түлік бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай көтерілген жоқ. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың бағасы қалыпты деңгейде. Соның ішінде пияз, сәбіз, қант төмен бағаны сақтап тұр. Сонымен қатар дағдарысқа қарамай, көктемгі жұмыстарды мықтап қолға алуымыз керек. Биыл Қақпатас бөгені, Ақкөл бөгетінде судың жетіспеушілігі қатты байқалуда. Осының барлығын ескеріп, мол өнім алуға күш салуымыз қажет, – деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкімі өнімдерінің басым бөлігін экспортқа шығаратын «Еурохим» компаниясына да санкцияның салдары әсер етуі мүмкін екенін айтты. Енді Бердібек Машбекұлы осы жағдайды Сарысу ауданының әкімдігімен бірге бақылауға алмақ. Егер жағдай оңалмаса, жұмыссыз қалған тұрғындардың мәселесін шешуге барынша көңіл бөлінеді. Басқосуда Президент Жолдауын насихаттауға ақпараттық насихаттық топ өкілдері мереке күндерінен кейін әрбір ауданға баратыны белгілі болды. Бұл тапсырма бойынша Бердібек Сапарбаев Жолдауды түсіндіруге шығатын топтардың басшыларымен кездесетінін айтты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселеде қаңтар, ақпан айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері және бюджеттің жұмсалуы қаралды. Бердібек Машбекұлы ауыл шаруашылығы, өнеркісіп салалары мен инвестиция тарту бойынша көрсеткіштерді саралай келе екі айдың қорытындысын «нашар» деп бағалады. Әрине, ескеретін жайт, жыл басындағы қаңтар оқиғасының салдары басқармалар мен қала, аудандардың жұмыс жоспарына белгілі бір деңгейде әсер еткен. Көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Жиын соңында Бердібек Машбекұлы қала, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына тоқсандық есепке дейін экономикалық көрсеткіштерді реттеуді тапсырды.
Сәндібек ПІРЕНОВ